Allison, Jerry, 1980
IMAGE Allison, Jerry, 1980
Allison, Jerry, 1980

Күлгін түстің тарихы: ежелгі Рим мен Византияны және заманауи подиумдарды біріктіретін сәнді реңк

 Әр маусымда сән әлемі алдағы уақыттағы бағдары ретінде жаңа түсті таңдап алғанмен, бірнеше айдан кейін ол жайлы мүлдем сөз қозғалмай қалуы әдетке айналғандай. Алайда адамзат үшін ұмытылмастай болған көнеден келе жатқан түстер де бар. Сондай түстердің бірі - күлгін.

Күлгін бояудың табылу тарихы

Ерте, ерте, ертеде, Троя соғысына дейін жеті буын жаңарғанша, Тирден шыққан Геркулес атымен танымал финикийлік құдай Мелькарт теңіз жағасына итімен серуендеуге шығады. Төрт аяқты досы ойнақ салып, жағаға шығып қалған су жәндіктерін арлы-берлі лақтырып, тістеп, ермек қылады. Бір кезде итінің аузы бейтаныс түске боялғанын көріп, Мелькарт таңғалып, көргенін Тир қаласының билеушісіне баян етеді. Асқан көрегендігімен мәшһүр болған Феникс бұл оқиғадан зор пайда табуға болатынын сезіп, өз қаласында күлгін бояудың өндірісімен айналысуға пәрмен береді. Бұл өндіріс талай жыл финикийліктерді жұмыспен қамтып, қазынасын арттырған көрінеді. Бұл оқиға б.з.д. ІІ ғасырда өмір сүрген римдік жазушы Юлий Поллукстың жазбаларында баяндалған.

Атақты тирлік күлгін бояуды шынымен де теңіздегі қабыршақты ұлу тәрізді моллюскілерден өндірген. Және ол өте қымбат болған деседі. Себебі жүз грамм бояу алу үшін ондаған мың моллюскіні өңдеу қажет болған. Римде император Октавиан Августың билік құрған кезеңінде бір килограмм күлгінге екі рет боялған жүннің құны екі мың динарий болған (бір динарийге төрт жарты келілік нан сатып алуға болатын, сондай-ақ динарийді легионерлер бір күндік қызметі үшін ақша ретінде алатын).

 

Tatler Asia
IMAGE Midjourney Generated

Рим императорларының дәуірінде күлгін түсті жамылғыны киюге тіпті өте бай адам да тәуекел етпес еді: бұл түсті киюге тек император мен оның отбасының жоғары лауазымды шенеуніктері не жеке қорғаушылары ғана құқылы болды. Басқа кез келген адам үшін бұл сатқындық деп танылып, өлім жазасына кесілетін еді. Гай Светоний Транквилл «Он екі цезарь өмірін» еңбегінде Калигула туралы былай деп жазады: «Птолемейді өзінің патшалығынан шақырып алып, Римде үлкен құрметпен қабылдады, бірақ оны тек сол себептен өлтірген еді. Ол бірде гладиаторлар айқасына келгенде өзіне назар аудартып, күлгін жамылғысымен жарқырап жиналған жұртты таңқалдырған еді».

Күлгін түсте туғандар

Византия – Шығыс Рим империясы – күлгін (пурпур) түске деген ынтызарлықты «бірінші Римнен» мұра етіп алған. Бір кездері «Порфир» (пурпур) сөзі «патшаға тән» деген тіркестің синониміне айналды. Византиялық ханшайымдар императорлық сарайдың Порфир залында босануды дәстүрге ретінде көретін. Византиялық ханшайым, алғашқы әйел тарихшы Анна Комнина император “...аяғы ауыр ханшайымды босану ауыртпалығымен азап құшып жатқанда дәл сол күлгін сарайдан табатын” деп жазады. Бұл ғимарат «Порфира» (Πορφύρα) деп аталып, "porphyrogenitus" сөзінің, яғни «патша сарайында туған» деген тіркестің қалыптасуына арқау болған.

Византия моллюскілерден бағалы бояуды жасау технологиясын меңгеріп, XV ғасырдың ортасына дейін Еуропаның патша отбасылары мен дін қызметкерлері үшін күлгін түстің негізгі өндірушісі және экспорттаушысы болып тарихта қалды.

 

Tatler Asia
IMAGE Midjourney Generated

Күлгін бояу - соғыс құрбаны

1453 жылы Константинопольді түріктер басып алғаннан кейін күлгін бояуды өндіру құпиясы біржолата жоғалған еді. Осман империясы соғыс кезінде тирлік күлгін бояуды өндіретін соңғы шеберханаларды жойып, қалған пигмент пен боялған маталарды қымбат бағаға сатып жіберген. Сол кездегі қымбатшылықты Павел II папаның қалтасы көтермей, 1464 жылы рухани киімдердің кейбір бөлшектері үшін күлгін түстің орнына арзан емен ағашынан алынған кошенильді қолдануға қатысты жарлық шығады.

Алайда осындай қиындықтарға тап болса да, күлгін түс әлемдік сәннен кете қоймады. Тек сәл солғын тартып, өзгеріске ұшырады. Шеберлер маталарды күлгінге бояу үшін әртүрлі амал ойлап, қызыл және көк бояуларды араластырып, жоқтан бар жасауға мәжбүр болды.

Америка тарихы ұлттық музейі

Tatler Asia
IMAGE Америка тарихының ұлттық музейі

Күлгін түсті қайта ашу

Күлгін түсті қайта шығарудың алғашқы талпыныстары сәтсіз болды. Мысалы, 1856 жылы 18 жасар студент Уильям Генри Перкиннің малярияға қарсы дәрі – хининді синтездеуге бағытталған әрекеті нәтижесін аяқталып жатты. Жолы болмаған жас химик экспериментінің нәтижесін жуып жіберейін деп тұрғанда, колба түбіндегі күлгін шөгіндіні байқап қалады. Осылайша, адамзатқа күлгін түс қайта оралып, анилинді бояғыштардың алғашқысы – мовеин пайда болады.

Жас болса да, Перкин іскер азамат еді. Ол дереу мовеинді патенттеп, бір жылдан кейін күлгін маталарды өндірістік деңгейде шығара бастады. Алдымен өз әкесін капитал салуға көндіріп, ағаларын фабрика құруға серіктес болуға шақырды.

Жаңа бояғыштардың табысы таңғаларлық болған еді. Бұл жаңалықты сән әлемі дереу іліп әкетіп, патшалық реңкті қайта қолдана бастады. Ал 1906 жылы, мовеинді ойлап табуына 50 жыл толғанда, Уильям Генри Перкин британиялық патша әулетінен рыцарь атағын алды.

Юлия Боровинская мақаласы негізінде.

Tatler Asia
IMAGE Уильям Генри Перкин | Ұлттық портрет галереясы, Лондон

Темы