97-ші «Оскар» сыйлығын табыстау рәсімінің марапат иелері, қызықты сәттер және кештің басты оқиғалары туралы баяндаймыз.
97-ші «Оскар» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Осының адында біз Қазақстанның креативті индустрия өкілдерімен сұхбаттасып, олардың болжамдарын сұраған едік. Енді осы болжамдардың қаншалықты дұрыс шыққанын көрейік. «Анора» кино туындысы үздік фильм болып танылды. Секс-индустрия қызметкері мен орыс олигархының ұлы туралы бұл хикая бес жүлдеге ие болды. Эдриан Броуди мен Майки Мэдисон BAFTA-дағы жетістігін қайталап, үздік актер және үздік актриса атанды. Қалған жеңімпаздардың да тізімін ұсынамыз.
Рәсімді әйгілі комик Конан О’Брайен жүргізді. Актер Адам Сэндлер белгіленген дресс-кодты бұзып, қысқа шалбар мен аквамарин түсті толстовка киіп келді. Рәсім кезінде ол өз орнынан тұрып, SNL стиліндегі шағын қойылым жасады. Кеш барысында Синтия Эриво мен Ариана Гранденің орындауы ерекше әсер қалдырды. «Зұлым: Батыстың мыстаны туралы ертегі» мюзиклінің жұлдыздары Defying Gravity әнін орындап шықты. Фильмнің промо-туры барысында Ариана мен Синтия бір-бірін жылатумен болды. Бұл жолы әртістер эмоцияға берілмеді, көзден жас парлаған жоқ. Олардың әріптесі Пол Тэйзуэлл үздік костюм дизайны үшін «Оскармен» марапатталды. Сондай-ақ Киран Калкиннің марапатты қабылдауы әсерлі әрі көңілді өтті. Осының алдында жұбайы «егер Киран жеңіске жетсе, төртінші балаға дайыналамын» деп уәде берген еді. Киран үшін бұл толыққанды жеңіс болды десек, қателеспейміз.
Үздік фильм
«Анора»
