Қазақстандық актерлер, режиссерлер мен өзге де креативті индустрия өкілдері «Оскар» номинанттарына қатысты таңдау жасады
«Оскар» сыйлығына үміткерлер жарияланар алдында Қазақстанның актерлері, режиссерлері, сценаристері және креативті индустрияның басқа да өкілдерінен өз фавориттерін атауды сұрадық. Олар «Үздік фильм» номинациясында қай фильм жеңіске жетуі мүмкін екенін, үздік ер және әйел рөлдері үшін кімдер марапат алатынын, сондай-ақ «Оскардың» жалпы қандай маңызға ие екенін айтты. Отандастырымыздың таңдаулары арасында «Дюна: Екінші бөлім», Тимоти Шаламе және Деми Мур көбірек таңдалды. Болжамдары қаншалықты дәл болатынын 2 наурызда білеміз.
«Оскар» сыйлығының 97-ші марапаттау рәсіміне үміткерлердің ресми жариялануы 23 қаңтар күні онлайн іс-шара аясында өтеді. Трансляция Астана уақыты бойынша 18:30-да Америкалық киноөнер және ғылым академиясының ресми YouTube-арнасында басталады.
Айта кетейік, Лос-Анджелесте болған алапат өрттің салдарынан номинанттар тізімін жариялау екі рет кейінге шегерілген еді. Алайда марапаттау рәсімі белгіленген уақытта өтеді деп жоспарланып отыр. Кейбір жұлдыздар бұл идеядан бас тартуға шақырып жатыр. Мәселен, жазушы Стивен Кинг: «Биыл «Оскар» сыйлығына дауыс бермеймін. Меніңше, ұйымдастырушылар бұл іс-шараны ұйымдастыруды тоқтатуы керек. Лос-Анджелес өртеніп жатқанда, той-томалақтың қажеті жоқ», – деп мәлімдеді.