Сән апталығы, кітап дүкендері және Fendi брендін байланыстыратын құдірет жайлы мақаламыздан оқи отырыңыз.
Лондондағы Сән апталығының топтамалары жұрт назарына ұсынылғаны сол еді, бер жағынан Миландағы тың дүниелер «мен мұндалай» бастады. Бүгін басталатын көрсетілімдер 3 наурызға дейін жалғасады. Рыцарлар мен жұлдыздардан, сән әлемінен сәл алыстап, Миланның кітап дүкендері мен газет киоскілеріне де көз салайықшы. Бұлай деуіміз бекер емес, себебі Fendi жаңа жарнамалық кампаниясы аясында өз кітаптарын ұсынып жатыр. Осылайша италиялық сән үйі өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтпек. Жаңалықтар сөрелері мен дүкен витриналары Hand in Hand және Peekaboo-K кітаптарының сары-қоңыр мұқабаларымен безендірілмек. Бұл басылымдар әйгілі Baguette және Peekaboo сөмкелерінің тарихын, мұрағаттық фотосуреттерді, сондай-ақ Фенди отбасының және олардың достарының естеліктерін қамтиды. Кітаптар шектеулі тиражбен және Сильвия Вентурини Фендидің қолтаңбасымен сатылымға шығады. Ал сән үйінің креативті директоры алдағы күз-қыс маусымының топтамасын Милан сән апталығында таныстырады.