IMAGE amminnell-дің «Ведьма» синглының мұқабасы

Шугейз, пост-панк, хип-хоп және альтернатива: қазақстандық орындаушылардың жаңа толқыны

Скриптониттің орындау мәнерін қайталамаған адам қалмады, Димаш Құдайбергеннің «құдай берген» даусы туралы бүкіл әлем біледі, ал «қазақстандық эстрада королі» Қайрат Нұртас көпшілікке онсыз да таныс. Бірақ бұл мақаладағы әңгіме олар жайлы емес. Шығармашылық жолының басында тұрған, бірақ батылдығымен, дарынымен және ерекше музыкалық талғамымен тыңдарман жүрегін баурап үлгерген қазақстандық орындаушылардың жаңа толқыны жайлы әңгімелейміз.

TRIPPLEHAZE

TRIPPLEHAZE – музыкант Алмас Шаяхметовтің жобасы. Ол шугейз, драм-н-бейс, витч-хаус, альтернатива, нойз-рок және өзге жанрларды тоғыстырған әуезді әрі сан қырлы шығармаларымен ерекшеленеді. Жақында TRIPPLEHAZE-дің HEAVENHUB атты 14 тректен тұратын жаңа альбомы жарық көрді. Стриминг платформаларындағы композициялардан бөлек, Алмастың шығармашылығы мен ой-толғауларын оның Telegram-арнасынан табуға болады. Сонымен қатар музыкант EARCRUSHER667 атты электронды сайд-проектімен де айналысып жүр.

AQQUYM

Бұл – қазақстандық музыка кеңістігінде бұрын-соңды болмаған қараңғы, эксперименталды және авангардтық жоба. Вокалы толықтай қазақ тілінде. AQQUYM-ның шығармашылығында Bladee, Yung Lean және басқа да «сэдбойлардың» әсері байқалады. 2024 жылдың қараша айында орындаушының IV line атты алғашқы альбомы жарық көрді. Оған: alda arttA, bla Bla, KÖRIP KEL, QYZYL TAMSHY, TIRI ØLIK, BAR BOLGANYMMEN және GUITA SKR атты жеті трек енген.

метель

Көпшілікке метель деген лақап атымен танымал Ян Садвакасов – қазақстандық пост-панк пен хип-хоптың ерекше өкілі. Оның әндерінде баянсыз махаббат, тәуелділік, ұйқысыздық, қаржы мәселелері мен адасқан жастың жан күйзелісі көрініс табады. Ян үнемі Telegram-арнасы арқылы жаңа тректерін жариялап, тыңдармандарымен шығармашылығындағы жаңалықтарды бөлісіп келеді.

amminnell

Әмина Ағаева немесе amminnell – инди-поп, соул және R’n’B жанрларында ән шырқайтын қазақстандық орындаушы. Сонымен қатар ол электронды және би музыкасын да еркін игеріп, шығармашылығында түрлі эксперименттер жасап келеді. Оның әуендері көбінесе меланхолияға толы, ал лирикасы тыңдарманын ішкі толғаныс, сезім мен махаббат әлеміне жетелейді.

не придумал

Сабыржан Елкондин – хип-хоп орындаушысы, сахнада не придумал деген атпен танымал. Оны өзге әріптестерінен дара тембрі мен интонациясы ерекшелеп тұрады. Дәл осы сипаты оның вокалына да айрықша бояу берген. Ол өз шығармашылығында ешқандай шектеу қоймай, көше романтикасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық секілді өткір тақырыптарды ашық көтереді. 2024 жылы Сабыржан «Руминация» атты альбомын жарыққа шығарды. Оған өткен жылдардағы шығармаларының ремастерленген нұсқаларын қоса алғанда, жалпы, 15 трек енген.

Темы