Өсу мүмкіндігі, белгісіздік және жарқын болашаққа деген сенім: жас суретшілер 2025 жылдан не күтетіні туралы әңгімелейді
Жылдың аяғы — қорытынды жасайтын, сондай-ақ адамдар жүрегіне сенім ұялатып, болашақты тағатсыздана күтетін, жоспар құрып, армандайтын кез. Адам жаңа жылға қарай алғаш қадам басқанда ойды түрлі образдар мен символдарға толтыратын белгісіздікке сүңгіп, батқандай болады. Бұл визуалды метафоралар адамды толғандырып, алдағы өзгерістерді толыққанды түсінуге мүмкіндік береді әрі абстракт ойларға пішін дарытады. Жас қазақстандық суретшілерді келер жылды өнер тұрғысынан талдауға шақырып, оны қандай символ не образ арқылы сипаттауға болатыны жөнінде сұхбаттастық.
Kokonja
Дария Нұртазина (Kokonja) — Ақмола облысының Жалғызқарағай ауылынан шыққан суретші, композитор әрі диджей. 2024 жылы Дарияның жетістіктері көп болды — суретші ZVUK кешінде өнер көрсетіп, Тбилисидегі New Beginnings x Group Exhibition экспозициясына қатысып, Ambujerba-мен бірге Kokomba көрмесін ұйымдастырды.
