Осы көрмедегі Fendi-дің атақты тоны, The Grand Budapest Hotel қонақ үйінің макеті және Уэс Андерсон фильмдерінен алынған басқа да түпнұсқа реквизиттер көздің жауын алады.
Француз синематекасы әлемдегі ең ірі киномұрағат қана емес, сондай-ақ Париждің мәдени картасындағы ат басын бұрмай кетпейтін маңызды орынға айналған. Ол Сена өзенінің бойындағы Берси ауданында орналасқан. Қазір мұнда режиссер Уэс Андерсонның шығармашылығына арналған кең ауқымды ретроспектива өтіп жатыр. Бағдарлама аясында көрермендер фильм көрсетілімдеріне, кездесулер мен пікірталастарға қатысып, ауқымды экспозицияны тамашалай алады. Бұл көрме 27 шілдеге дейін жалғасады. Экспозицияда Уэс Андерсон түсірген фильмдердің үзінділері, түпнұсқа реквизиттер, костюмдер, раскадровкалар, фотосуреттер, картиналар, сондай-ақ оның жеке жазбалары мен құжаттары қойылған. Көрмеден The Grand Budapest Hotel қонақ үйінің макетін, Fantastic Mr. Fox және Isle of Dogs анимациялық фильмдеріндегі қуыршақтарды, The French Dispatch газетінің мұқабаларын, Moonrise Kingdom-дағы әйгілі шатырды, Марго Тененбаум киген атақты Fendi тонын және басқа да ерекше жәдігерлерді көруге болады.