IMAGE Rawpixel (public domain)

Желтоқсан және қаңтар айларында Алматы мен Астанада өтетін концерттер және басқа да іс-шаралар туралы әңгімелейміз.

Мейлі, заманауи өнер, мейлі, атақты дирижёрлер мен пианистердің музыка кештері болсын, желтоқсан концерттерге, қойылымдарға және басқа да мәдени іс-шараларға бай. Көп болғаны соншалық, қайсысына барарымызды білмей дал боламыз. Мейрам кезінде тамашалауға болатын қызықтар туралы әңгімелейміз.

Сондай-ақ «Жаңғақшаққыш» туралы дайындаған гайдымызға көз жүгіртіп, Қазақстан бойынша өтетін іс-шаралармен таныс болыңыз.

Саян Байғалиевтің Matte(r)reality көрмесі (Алматы)

Саян Байғалиевтің 27 желтоқсан күні өз мәресіне жететін, Matte(r)reality атты жеке көрмесін тамашалауға әлі де уақыт бар. Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайында өтіп жатыр. Жас қазақстандық суретші әрі мүсіншінің экспозициясы жарқын натюрморттарды, сюрреалистік композицияларды, экспрессивті түрде деформацияланған интерьерлерді және визуалды иллюзияларды қамтиды. Көрме кураторы — арт-кеңесші Владислав Слудский.

«Қағаз көрмесі» (Алматы)

19 желтоқсан күні Egin Art Space алаңында «Қағаз көрмесінің» ашылу салтанаты өтті. Көрмеде жартылай не толығымен қағаздан жасалған өнер туындылары ілінген. Топтық жобаға 26 адам қатысқан болатын. Арасында өнер жолына енді ғана қадам басқан суретшілер де, танымал шеберлер де бар. Ерекше іс-шара қаңтардың 26-на дейін өтеді.

«Алан Бөрібаевтың жаңа жылдық кеші. Париж. Қала үні» (Алматы)

20 және 22 желтоқсан күндері Almaty Theatre сахнасында маэстро Алан Бөрібаевтың жаңа жылдық концерті өтпек. Дирижёрдің Париж мәдениетінен шабыт ала отырып құрған музыкалық бағдарламасы бірнеше дәуірдің атмосферасын бейнелейді.

«Көгершін алауы» перформансы (Алматы)

21 желтоқсанда «Қазақфильм» студиясы алаңында «Целинный» ұсынған «Көгершін алауы» перформансы қойылады. Көрініс аясында аты аңызға айналған студия павильонында қыстаған сұр көгершін мен оның досының хикаясы баяндалады. «Целинный» заманауи мәдениет орталығы жобаны суретші Виолетта Богдановамен бірге жүзеге асырған болатын.

Jangyryq live: qoñyr äwen (Астана)

21 желтоқсанда Jañğyryq Live-қа қазақстандық инди-топ qoñyr äwen шығады. Топ концерт форматында өнер көрсетіп, жаңа синглы sendir мен басқа да авторлық туындыларының жаңартылған нұсқаларын ұсынбақ.

Жеке концерт: SAMRATTAMA (Алматы)

20 желтоқсан күні Самрат Иржасов (SAMRATTAMA) Алматыда өзінің жеке концертін бермек. Бірегей перформанстары аясында инди жанрындағы орындаушы музыка, театр және басқа да өнер түрлерін үйлестіреді.

Vihod кеші (Алматы)

Жаңа жылды қайда қарсы алуға болады деген сұрақ мазалай ма? Ендеше Vihod кешіне барыңыз! 31 желтоқсан күні Tulpan Berlin фотостудиясында өтеді. Жергілікті диджейлер мен Индонезиядан келген әртістер (Dunia резиденттері) өнер көрсетеді.

Пианист Полина Осетинскаяның концерті (Алматы)

Мейрамнан кейін пианист Полина Осетинскаяның жеке концертіне баруға кеңес береміз. 10 қаңтар күні Stages жобасы аясында Михаил Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында өтеді. Концерттік бағдарлама Бах пен Чайковскийдің шығармаларын, сондай-ақ олардың рождестволық ораторияларының фрагменттерін қамтымақ.

«Поп-Арт: Уорхол, Лихтенштейн және басқалар» көрмесі (Алматы)

16 қараша мен 20 қаңтар аралығында Lumiere-Hall мультимедиялық мұражайында поп-арт көрмесі өтеді. Көрме аясында 80-нен астам жеке коллекциялардан алынған авторлық туындылар ұсынылған. Энди Уорхол, Рой Лихтенштейн, Бэнкси, Кит Харингтің жұмыстарымен қоса, осы бағыттың басқа да өкілдерінің еңбектерін көруге болады.

Саид Атабековтің «Мың салт аттылардың дұғасы» көрмесі (Алматы)

28 қараша мен 26 қаңтар аралығында Aspan Gallery заманауи өнер галереясында Шымкенттен шыққан суретші Саид Атабековтің тұңғыш көрмесі өтпек. «Мың салт аттылардың дұғасы» экспозициясы дәстүрлі қазақ ойыны көкпарға қатысты инсталляцияларды, фотосуреттерді және видеоларды қамтиды.

Темы