IMAGE Instagram @markhoppus

Наурыздың төрті күні аты аңызға айналған көше суретшісі Бэнксидің Crude Oil (Vettriano) атты туындысы Sotheby’s аукцион үйінде саудаға түседі

Бэнкси Crude Oil (Vettriano) Джэк Веттрианоның Singing Butler картинасын өзіне тән ирониямен қайта өңдеген: суреттің негізгі нұсқасына мұнайға толы баррель мен cуға батқан мұнай кемесін қосу арқылы өнердің бастапқы мағынасын экологиялық манифеске айналдырған. Осылай Бэнкси қоршаған ортаға нағыз зиян тигізетін граффити мен маскүнем бойжеткендер емес, алпауыт бизнестер екенін айтқысы келген.

Туынды алғаш рет 2005 жылы жарық көрді. Сол уақыттан бері стрит-арт пен заманауи өнердің ең өзекті тақырыптарын қозғаған жұмыстардың бірі болып саналады. Бұл туынды Америкалық панк-рок тобы Blink-182-нің басисі Марк Хоппусқа тиесілі. Ол оны 2011 жылы сатып алып, Лос-Анджелестегі үйінің қабырғасына ілген.

Sotheby’s заманауи өнер кешін ашатын бұл аукционда Бэнксидің туындысы ғана емес, Пабло Пикассо, Йошимото Нара, Энтони Гормлей және Рой Лихтенштейн сияқты әлемдік шеберлердің де жұмыстары ұсынылады. Саудадан түскен қаражаттың бір бөлігі Лос-Анджелестегі өрттен зардап шеккендерге көмектесетін California Fire Foundation-ге және екі медициналық қайырымдылық қорына бағытталады.

Tatler Asia
IMAGE Crude Oil Vettriano | Instagram @markhoppus