Қазақстандық режиссер әрі сценарист Әділхан Ержанов Берлин кинофестиваліне қатысуына орай сұхбат беріп, өз қызығушылығы, қорқынышы мен шығармашылық көзқарасы туралы әңгіме өрбітті.
13-23 ақпан аралығында 75-ші Берлин халықаралық кинофестивалі өтіп жатыр. Оның бағдарламасына қазақстандық режиссер әрі сценарист Әділхан Ержановтың «Кадет» фильмі де енді. Картина Forum секциясында көрсетіледі. Бұл платформа кино өнері, әлеуметтік-мәдени дискурс пен ерекше эстетика туралы ой қозғауға арналған. Әскери мектепке тапсырылған бала туралы пост-хоррор жанрындағы фильмнің еуропалық премьерасы 18 ақпанға белгіленген. Бұған дейін «Кадет» 37-ші Токио халықаралық кинофестивалінде көрсетілген еді.
Осыған орай біз Әділхан Ержановпен сөйлесіп, пост-хоррор тренді, қазақстандық кинематографтағы комедияның әсері, шығармашылық талғамның қалыптасуы, сценарийдегі өзгерістер, режиссердің жеке қорқыныштары мен жалғыздық феномені туралы сұхбаттастық.
Бала кезінде Әділхан пластилиннен түрлі кейіпкер жасауды ұнататын. Біз оған сұхбат барысында бірдеңе мүсіндеуді де ұсындық. Ол Фридрих Вильгельм Мурнаудың «Носферату, үрей симфониясы» фильміндегі Макс Шрек сомдаған Орлок графын таңдады. Қандай нәтиже шыққанын сұхбаттың соңында білесіздер.
Интеллектуалды және «артхаус» кино туралы
Киноны «артхаус» пен коммерциялық бағытқа бөлуді тым қарапайым көзқарас дер едім. Бұл көрерменнің талғамы мен тәжірибесіне байланысты ұғым емес пе? Естеріңізде болса, мұндай жіктеу видеокассеталар дәуірінде пайда болған, өйткені дүкендердегі сөрелерді реттеу қажет еді. Сол кезде кәдімгі боевиктер мен комедиялардың арасында Фассбиндер мен Херцогтің жұмыстары кездесіп жатты. Олар үшін арнайы «артхаус» деп аталатын бөлек бөлім жасалды. Кейін бұл сөреге Коппола, Вуди Аллен, тіпті Спилбергтің кейбір фильмдері де ене бастады. Мұндай каталогтау тәсілі сату тұрғысынан тиімді болғанымен, жанрдың шынайы мәнін ашпайды. Жалпы, мен «артхаус» терминіне қарсымын. Бұл біртүрлі оқшаулау сияқты көрінеді.
