Ulysse Nardin Super Freak
Ulysse Nardin мануфактурасы өзінің 180 жылдығына және Freak желісінің 25 жылдығына орай уақытты ғана көрсететін өз тарихындағы ең күрделі time-only модельді таныстырды. Бұл туындының басты инженерлік ерекшелігі – осыншама күрделі механизм ешқандай қосымша функциясыз тек қана уақытты көрсетеді. Төрт жылдық ізденістің жемісі саналатын әрі әлем бойынша бар-жоғы 50 данамен шектелген бұл сағаттың жүрегі - 511 бөлшектен тұратын жаңа UN-252 калибрі. Аталмыш механизм топтаманың ең мықты тұстары мен жаңа патенттерді, соның ішінде қос турбийон мен аспалы жүйе арқылы жұмыс істейтін секундтық көрсеткішті біріктірген.
Ал 327 бөлшектен құралған минуттық көпіршеге 10 градусқа қисайтылған екі титан турбийон бекітілген. Ауада қалықтап тұрғандай әсер беретін бұл екі құрылғы қарама-қарсы бағытта айнала отырып, әр 60 секунд сайын толық бір айналым жасайды. Турбийондар жоғарғы жағынан бекітілмей, тек негізінен ғана ұсталып тұрса да, бұл тұтас тораптың салмағы небәрі 3,5 граммды құрайды. Модельге арнап ақ алтыннан құйылған 44 миллиметрлік жаңа корпус бұрынғы Freak S моделіне қарағанда әлдеқайда ықшам әрі сыртқы жақтауын (безель) бекіту жүйесі де барынша жеңілдетілген.


Қос турбийон көп қуат қажет ететіндіктен, оның салмағын патенттелген Grinder жүйесі реттеп отырады. Басқа да техникалық ерекшеліктеріне тоқталсақ, мұнда ең кішкентай аспалы жүйе, тік дифференциал және DIAMonSIL технологиясымен жасалған кремний бөлшектер бар. Механизмнің 97 пайызы үнемі қозғалыста болса, бөлшектердің 70 пайыздан астамы қолмен жасалған. Сағатты бір ғана шебер бастан-аяқ өзі жинап шығу үшін шамамен 60 сағат уақыт жұмсайды.
Rolex Oyster Perpetual 36 Jubilee Edition
Rolex тарихындағы су өткізбейтін тұңғыш Oyster корпусының шыққанына биыл 100 жыл толып отыр. Осынау мерейтойға орай әлемге әйгілі мануфактура өз сағатының жаңа нұсқасын ұсынды. Jubilee циферблатымен ерекшеленетін Rolex Oyster Perpetual 36 моделі арнайы Oystersteel болатынан жасалған: оның 36x11,6 миллиметрлік корпусы дөңес жақтаумен және қос герметикалық жүйесі бар Twinlock бұрау тетігімен жабдықталған. Сапфир шынымен қапталған, 100 метр тереңдікке дейін су өткізбейтін бұл модель үш қатарлы Oyster білезігімен толықтырылған.

Мұндағы ең басты назарды он түрлі жарқын реңктегі әріптерден R-O-L-E-X сөзі құралатын Jubilee циферблаты өзіне тартады. Сағаттың тілшелері мен уақыт белгілеріне қараңғыда жарқырайтын Chromalight заты жағылған (тек ортадағы секунд тілшесінде ол жоқ), брендтің тәжі де бөлек жапсырылып, ал жазулар тікелей сапфир шынының бетіне түсірілген. Сағаттың ішінде көк түсті Parachrom спиралі мен Chronergy жүйесі бар 3230 автоматты калибрі жұмыс істеп тұр. Қуат қоры 70 сағатқа жететін бұл сағаттың дәлдігі өте жоғары: ауытқу көрсеткіші тәулігіне небәрі -2/+2 секундты құрайды. COSC және Superlative Chronometer сертификаттарын иеленген бұл модель шектеулі шығарылым емес - ол брендтің тұрақты топтамасынан біржола орын алу үшін жасалған.
Chopard L.U.C 1860 Lucent Steel
Биылғы көрмеде Chopard бренді де әлемдегі ең таңдаулы микророторлы механизмдердің бірі саналатын өзінің алғашқы 1.96 калибрінің 30 жылдығын атап өтуде. Осы бір тарихи сәтке орай бренд кезінде дәл осы механизммен шыққан L.U.C 1860 моделіне қайта оралып, оның жаңа Chopard L.U.C 1860 Lucent Steel нұсқасын таныстырды.


Осыдан үш жыл бұрын фирмалық Lucent Steel қорытпасынан жасалған алқызыл циферблатты нұсқасы жарық көрсе, жаңа модель мануфактураның дәл жанынан ағып өтетін Ареуз өзенінен шабыт алған Aareuse Blue реңкіндегі көк циферблатқа ие болды. Циферблаттың қақ ортасына орналастырылған 18 караттық ақ алтыннан жасалған медальон жан-жаққа тараған толқын пішінді гильоше өрнегімен әрленген. Сағатты бұрайтын тетікке «L.U.C» деп ойып жазылған, ал корпустың алдыңғы және артқы жағына бірдей сапфир шыны орнатылған.
A. Lange & Söhne Saxonia Annual Calendar 36
A. Lange & Söhne мануфактурасы бұрын өндірістен алынып тасталған Saxonia Annual Calendar моделінің жаңа буынын көрсетті: енді бұл сағат 36 миллиметрлік әлдеқайда ықшам корпуста шығады. Сағат ақ алтын корпус пен күміс түсті циферблат немесе қызғылт алтын корпус пен сұр циферблат сияқты екі түрлі минималистік дизайнда ұсынылды. Модельдің 12 сағат тұсында «ірі дата» терезесі орналасқан. Осы терезеге кеңірек орын босату мақсатында, апта күні мен айды көрсететін шағын циферблаттар сәл төменірек түсірілген. Оған қоса, сағат көк түспен көмкерілген Айдың туу мен толысу кезеңдерін көрсететін бөлікпен жабдықталған. Ішінде автоматты түрде бұралатын жаңа L207.1 калибрі орнатылған.


