Bvlgari Octo Finissimo 37
Римдік Bvlgari зергерлік және сағат үйі Женевадағы көрмеге бірнеше айтулы туындысын ала келді. Олардың қатарында әйгілі аса жұқа Octo Finissimo Ultra Tourbillon (бұл жолы алғаш рет платинадан жасалған) және басқа да зергерлік сағаттар бар. Дегенмен, Bvlgari Octo Finissimo 37 моделіне айрықша назар аударған жөн. Биыл шыққанына 12 жыл болған бұл модель осынша уақыт бойы өзінің айшықты пішінін өзгерткен жоқ. Биылғы жаңашылдық - сағаттың өлшемінде. Егер бұған дейін Octo Finissimo 40 мм көлемінде ұсынылса, осы көрмеге орай римдік үй бұл өлшемді 37 мм-ге дейін кішірейтті. Механизмі алдыңғы нұсқасына қарағанда 0,12 мм қалыңырақ болғанымен, бұл сағат корпусының жалпы көлемін 20%-ға азайтуға мүмкіндік берді. Қолмен бұралатын жаңа BVF 100 калибрі микроротормен жабдықталған, оның биіктігі - 2,35 мм, ал диаметрі небәрі 31 мм. Ол 72 сағаттық (толық үш күн) қуат қорын қамтамасыз етеді.

Grand Seiko Spring Drive SBGZ011
Япониялық сағат бренді биыл Watches and Wonders көрмесіне туған жерінің сұлулығын паш ететін, шектеулі данамен шыққан дайвер сағаттарын алып келді. Masterpiece топтамасына енген Grand Seiko Spring Drive SBGZ011 моделі арқылы Орталық Японияның Синсю аймағында орналасқан Татэсина сарқырамасының әсемдігін тамашалауға болады. Дәл осы жерде Spring Drive калибрлері мен кварц механизмдері орнатылған барлық Grand Seiko сағаттары жасалады.
Циферблатқа қолмен түрлі-түрлі бағыттағы көптеген сызықтан тұратын күрделі өрнек салынған. Олар біртұтас ағынға ұласып, сарқыраманың шашыраған тамшыларына қарап тұрғандай әсер береді. Платинадан жасалған 4GS корпусы да осы өрнекті қайталайды. Тілшелері мен сағат белгілері 14 караттық ақ алтыннан құйылған. Сағаттың ішінде Grand Seiko-ның бүгінгі таңдағы ең жұқа Spring Drive механизмі - қолмен бұралатын 9R02 калибрі орналасқан. Оның қалыңдығы небәрі 4 мм болса да, 84 сағаттық қуат қорын береді. Механизмнің жұмысын корпустың мөлдір артқы қақпағы арқылы тамашалауға болады.

IWC Big Pilot's Watch Perpetual Calendar Ceralume
IWC Schaffhausen шеберлерінің басқалар сирек қолданатын материалдармен жұмыс істейтіні ешкімге құпия емес. Алайда олар Watches and Wonders 2026 көрмесіне өзіндік люминесцентті керамика технологиясын өздерінің аңызға айналған Pilot’s желісіне алғаш рет еңгізіп, сөздің тура мағынасында жарқыраған жаңалығын ала келді. Диаметрі 46,5 мм болатын модельдің корпусы керамика ұнтағын Super-LumiNova пигменттерімен араластыру арқылы жасалып, соның нәтижесінде сағаттың бүкіл денесі жарық шашып тұрады. Люминесцентті циферблат пен сағат бауы бір-бірімен үйлескенде керемет әсер береді: күндіз білекте байсалды өрнектер көрінсе, түнде жарқыраған ерекше сағатқа айналады. Ішінде - жеті күндік қуат қорын қамтамасыз ететін, Pellaton автобұрау жүйесі бар 52616 мануфактуралық калибрі орнатылған. Бар-жоғы 250 данамен шектелген.
Айта кетерлігі, IWC Big Pilot's Watch Perpetual Calendar Ceralume моделі люкс сағаттар әлеміндегі ең соңғы трендтерге дөп түсіп тұр. Жақында лондондық Harrods ритейлері сағат нарығындағы трендтерге шолу жасады. Олардың бағалауынша, бүгінгі статус сағаттарының басты белгісі - керамика сияқты заманауи материалдарды батыл қолдану. Оған қоса, сағат шеберлері циферблаттың дизайны мен оны әрлеу тәсілдері арқылы өздерінің шығармашылық еркіндігін толық көрсете білуі керек.

TAG Heuer Monaco Evergraph
TAG Heuer Monaco - 1969 жылдан бері сағат авангардының басты символы. Дәл сол жылы ол әлемдегі ең алғашқы су өткізбейтін төртбұрышты автоматты хронограф ретінде тарихта қалған еді. Жаңа Evergraph нұсқасында бренд пішінді емес, мазмұнды түбегейлі жаңартты: сағатқа TAG Heuer LAB зертханасы арнайы жасап шығарған жаңа TH80-00 калибрі орнатылды. Бұл сағаттың басты революциясы - оның икемді хронограф механизмі. Мұнда уақытты іске қосу, тоқтату және нөлге түсіру үшін бұрыннан қолданылатын тетіктер мен серіппелер мүлдем жоқ. Жалпы бұл құрылым хронограф ойлап табылғалы бері жасалған ешбір дәстүрлі механизмге ұқсамайды. Ескі бөлшектердің орнын екі икемді де тұрақты элемент басты. Оның бірі іске қосу мен тоқтатуды басқарса, екіншісі нөлге түсіруге жауап береді. TAG Heuer LAB мамандары бұл бөлшектерді бес жыл бойы зерттеп, жетілдірді.
70 сағаттық қуат беретін механизмнің жұмысын мөлдір циферблат арқылы анық көруге болады. Бұл жүйе жаңартылған 40 миллиметрлік титан корпуспен мінсіз үйлескен әрі оның эргономикасы да әлдеқайда жақсара түскен. Monaco Evergraph моделі TAG Heuer үшін тарихи хронографтан авангардтық сағат өнерінің (Avant-Garde Horlogerie) ең биік шыңына көтерілуді білдіреді.

