Style|Watches

Rolex Швейцария Альпісінде 3000 метр биіктікте бутик ашты

АвторыTatler Kazakhstan
17.06.2026
Титлис мұнарасы | Instagram Herzog & de Meuron
IMAGE Титлис мұнарасы | Instagram Herzog & de Meuron
Бутик ескі телекоммуникация мұнарасында орналасқан

Rolex әлемдегі теңіз деңгейінен ең биік нүктеде орналасқан бутигінің есігін ресми түрде айқара ашты. Жаңа кеңістік Швейцария Альпісіндегі Титлис тауының шыңында, теңіз деңгейінен 3000 метрден астам биіктікте орын тепкен.

Hypebeast басылымының хабарлауынша, Bucherer бөлшек сауда желісі басқаратын жаңа дүкен жаңартылған Титлис мұнарасының ішінде орналасқан. Реконструкция жобасын атақты Herzog & de Meuron сәулет бюросы жүзеге асырды. Сәулетшілер 1980 жылдары салынған ескі телекоммуникация мұнарасын бұзып тастамай, оны заманауи әрі көпфункционалды кеңістікке айналдыруды жөн көрген. Олар 56 метрлік болат конструкцияны әйнектелген екі көлденең блокпен толықтырып, ғимаратқа крест тәрізді пішін берді. Құрылыс барысында қатал альпілік ауа райына төтеп бере алатын аса берік болат, бетон және шыны қолданылған.

Мұнарада Rolex бутигінен бөлек, Horizon Deck шолу алаңы, Joseph’s Restaurant мейрамханасы және Alpine Lounge демалыс аймағы бар.

Дүкен интерьері Rolex-тің фирмалық стилінде жасалған: қабырғалар Verde Alpi мәрмәрімен көмкеріліп, әрлеу жұмыстарында табиғи тас пен ағаш пайдаланылған. Кеңістіктің басты ерекшелігі – мұздықтар мен Берн Альпісінің қайталанбас көрінісін тамашалауға мүмкіндік беретін панорамалық терезелер.

Бұл бірегей бутикке тек аспалы жол арқылы ғана жетуге болады. Компания бұл орын әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристер мен сағат өнерін бағалайтындар үшін басты көз тартар орталыққа айналады деп күтуде.