Style|Watches

Rolex, Patek Philippe және Zenith: осы күздің ең маңызды сағат жаңалықтары

АвторыTatler Kazakhstan
08.10.2026
Rolex Perpetual Padellone | Rolex ресми сайты
IMAGE Rolex Perpetual Padellone | Rolex ресми сайты
Биылғы күзде сағат индустриясы күрделі механикаға, тарихи мұра мен айшықты дизайнға басымдық беріп отыр. Көрсетілімдердің ішінде үш жаңалық ерекше көзге түсті: 1940-шы жылдардағы аңызға айналған бейнені қайта тірілткен Rolex-тің күрделі моделі; Patek Philippe-тің заманауи топтамасындағы көрсеткіштері лезде ауысатын мәңгілік күнтізбелі алғашқы хронографы; Zenith пен USM-нің ерекше коллаборациясы. Назарларыңызға осы үш сағатты ұсынамыз

Rolex Perpetual Padellone. Аңызға айналған «табаның» қайта оралуы

Күздің басты премьераларының бірі — Миланда таныстырылған Rolex Perpetual Padellone. Perpetual желісінде бұл — 1908 үлгісінен кейінгі екінші жаңа модель. Ол Rolex-тің 1940-шы жылдардың соңында шыққан ең қызықты тарихи сағаттарының бірі. Циферблатында үштік күнтізбе мен Ай фазаларының индикаторы бар, ал пішіні ерекше болғандықтан, италиялық коллекционерлер сағатты Padellone, яғни «үлкен таба» деп атап кеткен еді. Түпнұсқа пішін 1953 жылға дейін шығарылып келді.

Rolex Perpetual Padellone | Rolex ресми сайты
IMAGE Rolex Perpetual Padellone | Rolex ресми сайты

Заманауи нұсқаның корпусы тарихи түпнұсқадан небәрі бір миллиметрге үлкен — 39 миллиметр. Топтама үш түрлі нұсқада ұсынылып отыр: көгілдір циферблаты бар платина үлгісі және Everose алтынынан жасалған, беті түйіршіктелген ақ циферблатты екі модель. Алтын нұсқаларға қара немесе қоңыр күңгірт аллигатор терісінен тігілген баулар тағылады — олардың астары жасыл түсті. Балама ретінде жеті қатарлы Settimo білезігін таңдауға болады. Басты техникалық жаңалық сағаттың ішіне жасырылған. Мұнда жаңа 7190 автоматты калибрі — 7135 механизмінің жетілдірілген нұсқасы — орнатылған. Ол 30 және 31 күндік айларды өздігінен есептей алады. Демек, сағат иесіне күнтізбені әр айдың соңында түзетіп отырудың қажеті жоқ, қолмен реттеу тек ақпан айының соңында ғана керек болады.

Rolex Perpetual Padellone | Rolex ресми сайты
IMAGE Rolex Perpetual Padellone | Rolex ресми сайты

Бұл қызметке жылдық дөңгелек иінтірегі мен қосымша жетекші саусақшадан тұратын Haplos жүйесі жауап береді. Механизмнің тағы бір ерекшелігі – күннің, апта күнінің және айдың бір мезетте ауысуы: үш көрсеткіш те дәл түн ортасында секундтың бір бөлігінде өзгеріп үлгереді. 7190 калибрінің құрылымына 30 патенттік өтінім берілген екен.

Механизм сағатына 36 000 жартылай тербеліс (5 Гц) жиілігімен жұмыс істейді. Механизмде кремнийден жасалған Syloxi спиралі, керамикалық баланс осі және Dynapulse кремнийлі тетігі қолданылған. Сағатта Superlative Chronometer сертификаты бар: ол тәулігіне −2-ден +2 секундқа дейінгі дәлдікті қамтамасыз етеді. Мөлдір артқы қақпағы арқылы механизмнің әрлеуін, соның ішінде Rolex-тің Côtes de Genève фирмалық өрнегін тамашалауға болады. Күнтізбе мен Ай фазаларын баптау үшін бүйірінде төрт түзеткіш тетік бар.

Rolex Perpetual Padellone | Rolex ресми сайты
IMAGE Rolex Perpetual Padellone | Rolex ресми сайты

Неліктен назар аудару керек. Perpetual Padellone – осы күздегі Rolex-тің ең маңызды премьераларының бірі. Бұл модельде тарихи мұра, күрделі күнтізбелік функция және мануфактураның заманауи технологиялары бір арнаға тоғысқан. Rolex ref. 8171 бейнесін жай ғана қайталап қоймай, мүлдем жаңа механизм жасап шықты: оның өз жылдық күнтізбе жүйесі бар, көрсеткіштері лезде ауысады.

Patek Philippe ұсынған мәңгілік күнтізбе мен хронограф

Миланда Patek Philippe жеті лимиттелген модельден тұратын топтаманы таныстырды; оның басты жұлдызы — Ref. 5978P-010 үлгісі. Бұл – қолмен бұралатын хронограф пен мәңгілік күнтізбенің аса күрделі үйлесімі. Сағаттың басты ерекшелігі күнтізбелік көрсеткіштерді лезде ауыстыратын механизмінде жатыр. Түн ортасында апта күні, күн, ай және кібісе жыл циклінің индикаторы небәрі 30 миллисекунд ішінде бір мезетте ауысады. Бұл — жаңа модельдің ең әсерлі техникалық жетістіктерінің бірі.

Patek Philippe Ref. 5978P-010 | Patek Philippe ресми сайты
IMAGE Patek Philippe Ref. 5978P-010 | Patek Philippe ресми сайты

Сағаттың ішіне жаңа CH 29-535 PS QI мануфактуралық калибрі орнатылған. 500 бөлшек пен 42 тастан тұратын бұл механизм 55-тен 65 сағатқа дейінгі жүріс қорымен жұмыс істейді және қолмен бұрауды, бағаналы хронограф пен мәңгілік күнтізбені біріктіреді. Механизм платина корпусқа орналастырылған: оның диаметрі 42 мм, қалыңдығы 14,24 мм. Су өткізбеу деңгейі — 30 метр. Мөлдір артқы қақпақтан калибрдің мінсіз әрлеуі көрінсе, қақпақтың өзіне Patek Philippe Milano 2026 деген арнайы жазу бедерленген.

Patek Philippe Ref. 5978P-010 | Patek Philippe ресми сайты
IMAGE Patek Philippe Ref. 5978P-010 | Patek Philippe ресми сайты
Patek Philippe Ref. 5978P-010 | Patek Philippe ресми сайты
IMAGE Patek Philippe Ref. 5978P-010 | Patek Philippe ресми сайты

Сағаттың дизайны лимиттелген серияның Милан қаласына арналғанын айшықтай түседі. Фактуралы көк циферблат ақ алтыннан жасалған сағат белгілерімен, хронографтың қызыл тілшелерімен және итальян тіліндегі күнтізбе көрсеткіштерімен толықтырылған. Сағатқа мата фактурасын қайталайтын қою көк түсті композитті бау тағылған. Модельдің таралымы 120 данамен шектеліп отыр.

Patek Philippe Ref. 5978P-010 | Patek Philippe ресми сайты
IMAGE Patek Philippe Ref. 5978P-010 | Patek Philippe ресми сайты

Неліктен назар аудару керек. Patek Philippe-те хронограф пен мәңгілік күнтізбенің жаңа үйлесімі пайда болды — бұл өз алдына үлкен оқиға. Бірақ Ref. 5978P-010 тек күрделі функциялар жиынтығымен ғана шектелмейді: төрт күнтізбелік көрсеткіштің 30 миллисекундта бір мезетте ауысуы бұл модельді мануфактураның заманауи инженерлік мектебінің озық үлгісіне айналдырып тұр. Сонымен қатар 120 данамен шектелген таралым, платина корпус және Миландағы Watch Art Grand Exhibition көрмесіне арналған арнайы әрлеу Ref. 5978P-010 үлгісін нағыз коллекциялық қазына қатарына қосады.

Zenith DEFY Chronograph USM. Сағат дизайн нысанына айналған сәт

Күздің тағы бір елеулі премьерасы Zenith пен USM Modular Furniture ынтымақтастығының арқасында дүниеге келді. Қос швейцариялық бренд 2025 жылы да бірлескен жоба ұсынған болатын, ал DEFY Chronograph USM-нің жаңа нұсқасы Swiss Institute-ты қолдауға бағытталған TimeForArt қайырымдылық аукционы үшін арнайы жасалған.

Zenith DEFY Chronograph USM | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Zenith DEFY Chronograph USM | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Бұл жолы басты визуалды элемент ретінде толықтай айнадай жарқыраған циферблат таңдалған. Оның беті қоршаған кеңістікті шағылыстырып, жарықтың түсуіне қарай құбылып тұрады. Айналы негіздің үстіне көкшіл өрнегі бар, бірін-бірі бастыра орналасқан үш хронограф есептегіші жайғасқан. Алғаш рет бір циферблатта USM палитрасының төрт фирмалық түсі тоғысып отыр: алтын сары, қызғылт сары, жасыл және қою көк. USM Haller жиһаз жүйесіне жасалған тағы бір ишара – хронографтың секунд тілшесінің ұшындағы миниатюралық шар тәрізді топса.

Zenith DEFY Chronograph USM | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Zenith DEFY Chronograph USM | Баспасөз қызметінің мұрағаты
Zenith DEFY Chronograph USM | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Zenith DEFY Chronograph USM | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Техникалық тұрғыдан сағат DEFY Chronograph-қа тән сипаттарын толық сақтап қалған. Диаметрі 37 мм болатын корпус тот баспайтын болаттан жасалған, пішіні — 14 қырлы безелі бар танымал сегізбұрыш. Сағатқа «баспалдақ» іспеттес болат білезік тағылған. Ішінде Zenith-тің жоғары жиілікті El Primero 400 автоматты хронограф калибрі орнатылған, оның бағаналы дөңгелегі бар. Механизм сағатына 36 000 жартылай тербеліс (5 Гц) жиілігімен жұмыс істейді, ал жүріс қоры — 55 сағат.

Неліктен назар аудару керек. Zenith бұл жолы сағат өнері мен заттар дизайнының үйлесіміне басымдық беріп отыр. Айналы циферблат, USM-нің төрт түсі және танымал топса DEFY Chronograph-ты білекке тағатын өзіндік бір арт-нысанға айналдырады. Соған қарамастан, оның ішінде Zenith-тің басты механизмдерінің бірі — толыққанды жоғары жиілікті El Primero 400 — соғып тұр. Сағаттың TimeForArt қайырымдылық аукционы үшін арнайы жасалғаны да оған деген қызығушылықты арттыра түседі.