Женева төрінде Hublot өзінің айтулы Big Bang Reloaded топтамасын таныстырды. Бұл айрықша релиз Big Bang желісінің 20 жылдық және фирмалық Unico механизмінің 16 жылдық мерейтойына арналып отыр. Ал жаңа топтаманың басты бейнесі ретінде америкалық Ұлттық футбол лигасының (NFL) жұлдызы, спорт әлеміндегі ең танымал ойыншылардың бірі әрі брендтің жаңа амбассадоры Патрик Махоумс таңдалды.


Жаңартылған желінің жүрегінде HUB1280 UNICO калибрі соғып тұр. Флайбэк функциясы бар бұл күрделі хронограф 354 бөлшектен тұрады және оған бес бірдей патент алынған. Сағаттың скелетондалған ашық циферблаты арқылы көздің жауын алатын түрлі-түсті бағаналы дөңгелек жүйесі мен қос ілінісу тетігін анық көруге болады. Механизм 72 сағат бойы мінсіз жұмыс істейді және 100 метр тереңдікке дейін су өткізбейтін қасиетке ие.
Топтамаға әртүрлі материалдан құйылған бес ерекше модель кірді. Бұл сағаттар Hublot-ның тарихи жетістіктері – All Black концепциясының 20 жылдығы мен Magic Gold қорытпасының 15 жылдығына арнайы шығарылып отыр. Патрик Махоумс таныстырған модель корпусы 18 караттық жылтыратылған Magic Gold алтынынан жасалса, безелі қарайтылған титанмен көмкерілген. Швейцариядағы атақты Лозанна Политехникалық мектебімен (EPFL) бірлесіп жасалған бұл қорытпа әлемдегі сызат түспейтін жалғыз 18 караттық алтын саналады. Басқа модельдер көк, қою жасыл, қара түсті жоғары технологиялық керамикадан және титан мен керамика гибридінен құйылған.

Барлық сағаттың диаметрі 44 миллиметрді құрайды және олар бауды лезде ауыстыруға мүмкіндік беретін One-Click жүйесімен жабдықталған. Жиынтықта классикалық каучуктан бөлек, мата фактурасы бар және «H» әрпі бедерленген арнайы баулар да бар. Ең бастысы, 2026 жылдан бастап Hublot бұл топтамаға Hublotista бағдарламасы аясында толық он жылдық кепілдік ұсынып отыр.
