First State Auctions аукцион үйі Аустралия тарихындағы ең ірі әрі ең қымбат жеке сағаттар топтамасы сатылымға шығатынын жариялап, жұртты елең еткізді. Robb Report басылымының жазуынша, жергілікті танымал IT-кәсіпкерге тиесілі бұл коллекция ішіне 28 сирек сағатты біріктірген. Ал олардың жалпы құны 2 миллион доллардан асады деп бағаланып отыр.
Аукцион үйі өкілдерінің сөзіне сүйенсек, коллекция иесі өзі бұдан былай тақпайтын сағаттарды ғана саудаға қоюды жөн көрген екен. Бұл сауданың басты жұлдызы, әрине, аты аңызға айналған Rolex Daytona Rainbow сағаты болмақ. Болжам бойынша, бұл бірегей лот жарты миллион доллардан астам табыс әкеліп, Аустралия аукциондарының жаңа рекордын орнатуы әбден мүмкін.

Еске сала кетейік, бұған дейінгі рекорд 2023 жылдың соңында 450 мың долларға сатылған Patek Philippe сағатына тиесілі болатын. Алайда First State Auctions негізін қалаушы Ари Тайбель бұл жолғы лот әлгі сомадан әлдеқайда асып түседі деген сенімде. Оның айтуынша, былтырғы рекордтық саудадан кейін бұл коллекционер оларға өзі хабарласқан, сондықтан Daytona Rainbow жаңа тарихи көрсеткіш орнатарына еш күмән жоқ.
Аукционға ұсынылып отырған бұл сағат (Ref. 126598RBOW) 2024 жылы жаңартылып шыққан модельдің үшінші буынына жатады. Оның 40-миллиметрлік корпусы 18-караттық алтыннан құйылып, заманауи 4131 қозғалтқышымен жабдықталған. Модельдің басты ерекшелігіне тоқталсақ, бұл – жарқын градиент беретін 36 багетті сапфирмен көмкерілген безель мен корпустың құлақшаларындағы мінсіз гауһар тастар. Ал түрлі-түсті сапфир белгілері бар қара лакты циферблат пен алтыннан жасалған Oyster білезігі бұл сағаттың сән-салтанатын асыра түсетіні анық.
Жалпы алғанда, Rolex Daytona Rainbow моделі алғаш рет 2012 жылы таныстырылып, өзінің батыл дизайнымен коллекционерлерді бірден тамсандырған үлгілердің бірі. Брендтің қатаң стандартына сай келетін мінсіз тастарды іріктеп табу өте қиын болғандықтан, бұл сағаттар санаулы тиражбен ғана жарық көреді. Осы бір ерекшелік қайталама нарықта үлкен сұраныс пен жоғары бағаны қалыптастырып отыр. Оған қоса, бұл сағатты Марк Уолберг, Пост Мэлоун, Кевин Харт, Леонардо ДиКаприо, Лионель Месси және Криштиану Роналду сынды әлемге әйгілі жұлдыздардың қолынан жиі байқауға болады.


Әрине, бұл топтамадағы жалғыз құнды жәдігер тек Rainbow сағаты емес. Одан бөлек, аукционға Rolex-тің Submariner, Datejust және GMT-Master II сияқты басқа да сирек үлгілері қойылатыны белгілі болды. Сондай-ақ маңызды лоттардың қатарында гауһар тастармен безендірілген Richard Mille 016 (қайталама нарықтағы бағасы: $130 000 - $150 000) мен қызғылт алтыннан жасалған Audemars Piguet Royal Oak ($75 000 - $85 000) бар екенін айта кеткен жөн.
Жоспарға сәйкес, аукцион екі онлайн-сессия форматында өтеді: біріншісі 12-19 шілде аралығына, ал екіншісі 19-26 шілдеге белгіленген. Бұл саудаға әлемнің түкпір-түкпірінен кез келген адам қатыса алатындықтан, ұйымдастырушылар жергілікті сағат әуесқойларымен қатар, шетелдік коллекционерлер тарапынан да үлкен қызығушылық күтіп отыр.
