Style|Watches

Мэрилин Монроның сүйікті сағаты

АвторыTatler Kazakhstan
02.06.2026
Мэрилин Монро | Getty Images
IMAGE Мэрилин Монро | Getty Images
Швейцариялық сағат мануфактурасы Голливуд жұлдызының құрметіне Ladybird Tribute атты жаңа зергерлік сағаттар топтамасын шығарды. Бұл айтулы оқиға Мэрилин Монроның жүз жылдығына орайластырылып отыр. Ал басты шабыт көзі – актрисаның жеке Blancpain сағаты

Топтамаға Монроның түпнұсқа сағаты негізінде жасалған жеті модель кіреді. Еске сала кетсек, тарихи жәдігер 2016 жылы брендтің мұрағатына қайтарылған болатын. Дизайнерлер тарихи туындының басты ерекшеліктерін қаз-қалпында сақтап қалған. Олардың қатарында ар-деко стиліндегі тікбұрышты корпус, опал циферблаты, алтын уақыт белгілері мен конус пішінді тілдер бар.

Дегенмен жаңа нұсқа әлдеқайда сән-салтанатты. Әрбір сағат жалпы салмағы 1,36 карат болатын 85 гауһар таспен көмкерілген. Асыл тастар ақ алтыннан жасалған корпусқа, баудың бекіткіштері мен ілгегіне өте нәзік орнатылған. Бұл сұлулықтың жүрегі – қолмен бұралатын Blancpain Caliber 510 фирмалық механизмі. Оның қалыңдығы небәрі 2,6 миллиметр болса да, қуаты 52 сағатқа еркін жетеді.

Blancpain ресми сайты
IMAGE Blancpain ресми сайты
Blancpain ресми сайты
IMAGE Blancpain ресми сайты

Бұл модельде Blancpain шеберлері Мэрилиннің өзіне тән болмысын еске салатын бөлшектерді де назардан тыс қалдырмаған. Жеті модельдің әрқайсысының артқы қақпағында MARILYN есімінің бір әрпі ойылып жазылған. Ал қос айналымды былғары баулар Pantone институтымен бірлесіп жасалған эксклюзивті реңктерімен көзге түседі.

Blancpain ресми сайты
IMAGE Blancpain ресми сайты
Blancpain ресми сайты
IMAGE Blancpain ресми сайты

Монроның жеке сағатының тарихы жұмбаққа толы. Blancpain деректері бойынша, бұл туынды 1940 жылдардың басы мен 1950 жылдар аралығында жарық көрген. Оның бойынан Эмпайр-стейт-билдинг және Рокфеллер-орталығы сияқты сәулет жауһарларынан шабыт алған ар-деко дәуірінің эстетикасы айқын байқалады. Бұл талғампаз сағатты актрисаға кім сыйлағаны әлі күнге дейін белгісіз. Мэрилин өзіне зергерлік бұйымдарды сирек сатып алғанын ескерсек, бұл біреудің тарту еткен ерекше сыйлығы болуы әбден мүмкін.

Blancpain ресми сайты
IMAGE Blancpain ресми сайты

Ladybird Tribute топтамасындағы әрбір модельдің бағасы 54 300 долларды құрайды. Мэрилин Монроның ешқашан сөнбейтін танымалдылығын ескерсек, бұл туындылар өз иелерін өте жылдам табатыны сөзсіз.