Style|Watches

Мәңгілік жаз: Hublot жаңа жазғы Big Bang топтамасын ұсынды

АвторыTatler Kazakhstan
19.06.2026
Hublot баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Hublot баспасөз қызметінің мұрағаты
Сен-Тропе қаласында дәстүрлі Hublot Loves Summer іс-шарасы өтті. Осы жазғы кездесу аясында швейцариялық бренд өзінің жаңа Big Bang сағаттарын көпшілік назарына ұсынды. Бұл жолғы топтаманың басты тақырыбы – пастель түсті керамика

Hublot компаниясы 2017 жылдан бері жазғы жаңалықтарын таныстыруды үлкен дәстүрге айналдырған. Жиын өтетін орын ретінде әрдайым Жерорта теңізі жағалауы таңдалады. Осылайша бренд сағат индустриясындағы жазғы көңіл күйдің басты жаршысы деуге толық негіз бар. Биылғы сән салтанаты Сен-Тропе төрінде өтіп, назар ортасында пастель түсті керамика болды.

Hublot баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Hublot баспасөз қызметінің мұрағаты

Жаңа сағаттардың басты техникалық ерекшелігі тікелей түспен байланысты. Жалпы, Hublot ұзақ жылдар бойы керамикамен түрлі тәжірибе жасап келеді. Түрлі-түсті керамикадан жоғары технологиялық өнімдер жасау – өте күрделі процесс. Әсіресе күнге тотыққандай көрінетін пастель реңктерін шығару оңай емес. Жоғары температурада күйдіру кезінде материалдың тұрақты әрі нәзік түсін бұзбай сақтап қалу үлкен шеберлікті талап етеді. Hublot бұл істі өзгелерден шебер әрі мінсіз орындай алатынын жылдан жылға дәлелдеп келеді. Олай айтуға толық негіз бар: 2018 жылдан бері компания осы саладағы жаңалықтарын патенттеп, нарықтағы түрлі реңктердің кең таңдауын ұсынып келеді.

Дизайнерлердің түпкі ойы бойынша, жаңа реңктер таңның алғашқы шуағынан бастап кешкі күннің батуына дейінгі Жерорта теңізінің ғажайып бояуларын бейнелейді. Алайда бұл әдеміліктің артында мықты инженерия тұр. Өндірушінің айтуынша, сағат жасауға қолданылған бұл керамика түрі дәстүрлі сағат керамикасына қарағанда әлдеқайда берік (Виккерс көрсеткіші бойынша айырмашылығы 300 бірлікті құрайды). Сол себепті жаңа сағаттардың беті тез сыдырылып немесе тырнала қоймайды.

Big Bang Summer топтамасының қос бейнесі

Биылғы топтама екі негізгі модельді қамтиды. Олардың түстері ұқсас болғанымен, ішкі механизмдерінің құрылымы бір-біріне мүлдем ұқсамайды.

Big Bang Summer Unico Flyback Chronograph (42 мм)

Сағаттың корпусы мен безелі әртүрлі түсті керамикадан жасалып, Big Bang моделінің көпқабатты құрылымын айқын көрсетеді. Сағаттың жүрегі – flyback функциясы бар мануфактуралық Unico калибрі. Бұл механизм 2010 жылы алғаш шыққаннан бері бірнеше рет жаңартылды. Оның басты ерекшелігі деп сағат бетінен-ақ көрінетін бағаналы дөңгелегі бар хронографты (қысқа уақытты дәл өлшеуге арналған қосымша механизмді) айтуға болады. Бұл калибрдің бірегейлігі сонша, ол бірден бес түрлі жаңашылдықты бойына жинаған. Олардың ішінде механизм бөлшектерінің ерекше байланысуы мен тепе-теңдікті дәл реттеу жүйесі бар. Мұның бәрі сағаттың мүдіріссіз әрі дәл жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Әлем бойынша бұл модель небәрі 200 данамен ғана шығарылған.

Big Bang Summer Unico Flyback Chronograph | Hublot баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Big Bang Summer Unico Flyback Chronograph | Hublot баспасөз қызметінің мұрағаты

Big Bang Summer Automatic Tourbillon (44 мм)

Егер алдыңғы хронограф моделі спорт пен динамиканы бейнелесе, турбийон нұсқасы күрделілік пен көз тартарлық сұлулықты паш етеді. Бұл нұсқа санаулы ғана мөлшерде – бар-жоғы 10 данамен жарық көрді. Оның басты визуалды ерекшелігі ретінде қызғылт сапфирден жасалған мөлдір циферблатты атап өткен жөн. Мөлдір әйнек арқылы микророторы бар HUB6035 мануфактуралық калибрінің қалай жұмыс істеп тұрғанын тамашалауға болады. Механизмнің өзі өте нәзік әрі ауадай жеңіл көрінетіндіктен, жазғы топтаманың жалпы атмосферасымен тамаша үйлесім тапқан. Екі модель де үш түрлі түсті ауыстырмалы белдікпен сатылады. One Click жүйесінің арқасында оларды санаулы секундта оңай ауыстыруға болады.

Big Bang Summer Automatic Tourbillon | Hublot баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Big Bang Summer Automatic Tourbillon | Hublot баспасөз қызметінің мұрағаты

Негізгі жазғы жаңалықтардан бөлек, Hublot монохромды түстегі 33-миллиметрлік үш жаңа Big Bang моделін таныстырды. Олар шабдалы, жалбыз және теңіз толқыны түстерінде жасалған. Бір қызығы, бұрын-соңды дәл осы өлшемдегі сағаттар міндетті түрде гауһар таспен безендірілетін, ал бұл жолы бренд тастардан толықтай бас тартқан. Бұған себеп жоқ емес: осылайша компания басты назарды тек сағаттың түсіне аударғысы келген. Осы қадамы арқылы бренд «кішкентай сағаттар міндетті түрде таспен көмкерілуі керек» деген стереотипті толықтай жоққа шығармақ.

Big Bang Titanium Peach Ceramic және Big Bang Peach Ceramic | Hublot баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Big Bang Titanium Peach Ceramic және Big Bang Peach Ceramic | Hublot баспасөз қызметінің мұрағаты
Big Bang Petrol Blue және Mint Green Ceramic | Hublot баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Big Bang Petrol Blue және Mint Green Ceramic | Hublot баспасөз қызметінің мұрағаты

Бұл топтаманы титан корпусы мен шабдалы түсті керамикасы бар 42-миллиметрлік модель толықтырады. Технологиялық жағынан күрделірек саналатын бұл хронографтың дизайны тек бір ғана түске негізделген.

Big Bang Titanium Peach Ceramic | Hublot баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Big Bang Titanium Peach Ceramic | Hublot баспасөз қызметінің мұрағаты

Жаңа сағаттар қазірдің өзінде таңдаулы бутиктерде және брендтің ресми сайтында сатылымға шықты.