Style|Watches

Коннор Сторри таққан жаңа сағат: Heated Rivalry жұлдызының таңдауы неліктен көпшіліктің арманына айналды?

Автор Tatler Kazakhstan
19.01.2026
Heated Rivalry сериалынан кадр | IMDb
IMAGE Heated Rivalry сериалынан кадр | IMDb
Heated Rivalry сериалындағы рөлі арқылы танымал болған 25 жасар актер Коннор Сторри осы аптада Late Night with Seth Meyers шоуына қатысты. Бағдарлама барысында актер көпшілік назарына өзінің жаңа аксессуары – IWC Portofino Complete Calendar сағатын ұсынды

Бұл сағат тек талғампаз дизайнымен ғана емес, сонымен қатар «толық күнтізбе» деп аталатын бірегей функциясымен де ерекшеленіп тұр. Сағаттың циферблатында апта күні, дата, ай және ай фазалары бір мезетте көрсетіледі. Қазіргі сағат индустриясында сирек кездесетін мұндай «үштік» күнтізбелер әр айдың соңында қолмен реттеуді талап еткенімен, классикалық бұйымдарды бағалайтын коллекционерлер үшін бұл ерекше құндылық болып саналады.

IWC ресми сайты
IMAGE IWC ресми сайты

Коннор Сет Майерстің шоуына шыққаннан кейін, сән мен сағат әлемін зерттейтін басылымдар бұл модельге деген сұраныстың айтарлықтай артқанын жазуда. Жас актердің аудиторияға ықпалы орасан: оның алғаш рет «Алтын глобус» сыйлығына қатысуы әлеуметтік желілерде 458 000 рет аталып өтуіне себеп болды. Салыстырмалы түрде айтсақ, «Үздік әйел рөлі» номинациясына үміткер болған Дженнифер Лоуренс туралы небәрі 77 000 жазба жарияланған.

25 жастағы актер аз уақыттың ішінде нағыз инфлюенсерге айналып үлгерді. Ол стилист Джеймс Ярдлимен бірлесіп жұмыс істей бастағалы бері өзінің имиджін айтарлықтай жаңартты. Бүгінде Коннор Bottega Veneta, Saint Laurent сияқты әлемдік брендтердің подиумдық киімдерінде жиі бой көрсетіп жүр. Бұл – оның жарты жыл бұрын тек армандай алатын биігі еді.    

Коннор Сторри – канадалық Heated Rivalry сериалындағы хоккейші Илья Розановтың рөлімен кеңінен танылған американдық актер. Аталмыш сериал соңғы жылдардағы ең сәтті жобалардың біріне айналып, IMDb платформасында рекордтық көрсеткішке (9.1/10) ие болды. HBO Max-тың үздік екі сериалының қатарына енген туынды өзінің өткір сюжеті мен өзекті тақырыптарының арқасында әлеуметтік желілерде тоқтаусыз талқыланып келеді.