Bvlgari бренді өзінің танымал Octo Finissimo топтамасын мәңгілік күнтізбесі (Perpetual Calendar) бар жаңа модельмен толықтырды. Бұл жолы сағат алғаш рет бірыңғай көк түсте жарық көріп отыр. Оның корпусы PVD жабыны бар титаннан жасалған, ал ішіне автоматты мануфактуралық механизм орнатылған.

Жалпы, бұл жаңалықты 2021 жылғы аты аңызға айналған нұсқаның жалғасы деп қабылдаған дұрыс. Өйткені сол кездегі модель Женевадағы беделді Grand Prix d'Horlogerie de Genève байқауында бас жүлдені қанжығалап қана қоймай, мәңгілік күнтізбесі бар сағаттар арасында ең жұқа корпус ретінде әлемдік рекорд орнатқан болатын. Бұл жолы да сол рекордтық көрсеткіш қатаң сақталыпты. Сағат корпусының диаметрі 40 мм болса, қалыңдығы небәрі 5,80 миллиметр. Айта кетейік, Bvlgari бұған дейін аталмыш модельді карбонды алтыннан (2023 жылы) және қызғылт алтыннан (2025 жылы) шығарған еді.

Дизайнына келер болсақ, сағат корпусы көк түсті PVD жабыны бар күңгірт титаннан жасалған. Циферблаты да корпуспен бірдей реңктегі лакпен боялған. Уақыт көрсеткіштері родиймен, ал тілдері сұрғылт түсті родиймен қапталыпты. Ал бұрайтын тетігі тот баспайтын болаттан жасалып, қара керамикамен әрленген. Сағаттың бауы көк түсті қолтырауын терісінен тігілген, ал тоғасы титаннан жасалған. Корпустың суға төзімділігі 3 АТМ деңгейінде.
Сағаттың жүрегі – Bvlgari шеберлері өздері жасап шығарған ультра жұқа BVL 305 автоматты механизмі. Оның қалыңдығы небәрі 2,75 мм ғана. Механизм сағатта 21 600 тербеліс (3-Гц) жиілігімен жұмыс істейді және қуаты 60 сағатқа жетеді. Функцияларына келсек, мұнда сағат пен минутты, кері қайтпалы дата көрсеткішін (ретроград), апта күні мен айды, сондай-ақ кібісе жылды көрсететін арнайы индикаторлар бар. Ал сағаттың артқы қақпағы мөлдір әйнектен жасалғандықтан, ішіндегі бүкіл механизмнің жұмысын сырттан бақылап отыруға болады.
