Диаметрі 33 мм болатын жаңа сағаттар екі түрлі нұсқада шықты: бірінің циферблаты нәзік қызғылт болса, екіншісі қанық жасыл перламутрмен көмкерілген. Бұл қос реңк те Рим жазынан – қаланың жұмсақ кешкі нұрынан, әсем бақтары мен жылы бояуларынан шабыт алған.

Жаңа өнімдердің басты ерекшелігі сағаттың бетінде. Ол әдетте жиһаз, мозаика немесе сәулет өнерінде қолданылатын көне маркетри (ағаш немесе өзге де материалдардан өрнек салу) әдісімен қолдан жасалған. Әрбір циферблатты жасау үшін шеберлер перламутрдың 400-ге жуық ұсақ бөлшегін қолмен құрастырып шығады. Осының арқасында сағат бетіне жан бітіп, білек қимылдаған сайын жарықпен шағылысып, түсі құбылып тұрады. Ал бұл күрделі композицияны 12 гауһар тастан тұратын сағат белгілері тамаша толықтырады.


Бай тарихы бар сағат үлгісінде қолөнерге мұншалықты үлкен мән берілуі тегін емес. Бұл модель алғаш рет 1975 жылы жарық көрген еді. Ол кезде Джанни Булгари оны Рим бутиктерінің ең адал тұтынушыларына арнап, эксклюзивті сыйлық ретінде шығарған болатын. Арада екі жыл өткен соң, аты аңызға айналған сағат шебері Джеральд Джента дизайнды қайта жаңғыртып, модельге Bvlgari Bvlgari атауын берді. Дәл сол кезде топтаманың ең танымал элементі – безельдегі (сағат жақтауындағы) қос BVLGARI BVLGARI гравюрасы пайда болды. Оған көне Рим монеталарындағы жазулар мен Мәңгілік қаланың монументалды сәулеті шабыт берген.
Бүгінде бұл деталь топтаманың өзіндік қолтаңбасы саналады. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы ол италиялық эстетика мен швейцариялық сағат өнерінің дәстүрін мінсіз ұштастырып келеді.
Екі сағаттың да құрылымы бірдей. Диаметрі 33 мм корпус жылтыр әрі күңгірт өңделген болат пен алтын қоспасынан жасалған. Бір нұсқасы қызғылт алтын элементтерімен және қызғылт перламутрмен толықтырылса, екіншісі сары алтын мен қанық жасыл циферблатпен ерекшеленеді. Сағаттың бұрағыш тетігі табиғи қызғылт турмалиннен жасалған кабошон тасымен безендірілген. Ішінде сағат пен минутты көрсететін кварц механизмі орнатылған. Суға 30 метр тереңдікке дейін төзімді.


Бұл сағаттар күрделі механизмдерімен немесе техникалық рекордтарымен ерекшеленуге ұмтылмайды. Олардың басты құндылығы – әрбір детальға сіңген шебердің қол еңбегінде және нағыз римдік талғампаздықта. Дәл осы қасиеттерінің арқасында Bvlgari Bvlgari ұзақ жылдар бойы сән үйінің ең танымал модельдерінің бірі болып қала бермек.
