Watches & Wonders 2025 сағат көрмесі ғажайыптардың қадірін білетіндер көзімен
Женева өзінің адал жанкүйерлері – сағат алхимиктерін, сирек бұйым іздеушілерді және турбийон мен ай фазасын Dom Pérignon мен Cristal шампандарындай тани білетін білгірлерді тағы да бір рет қарсы алды. Watches & Wonders 2025 – патенттермен толықтырылып, гауһар тасымен көмкеріліп, ар-деко стиліндегі нақыш салынған циферблатқа бейнеленген уақыт метафизикасы. Биылғы жылдың басты сағат көрмесінен алған әсеріміз туралы әңгімелейміз.
Hublot
Биыл Hublot ХХІ ғасырда алғаш культтік сипатқа ие болған туындысы Big Bang сағатының 20 жылдық мерейтойын ресми түрде атап өтуде. Табыс ләззатына бату үшін уылдырық жеп, шампан ішудің орнына бренд әлемдік рок жұлдызына лайық шоу ұйымдастырып, «to be first, unique and different» ұранының бос сөз емес екенін тағы бір рет дәлелдеді.
Watches & Wonders аясында Hublot бес мерейтойлық модель ұсынды. Әр модельдің өзіндік ерекшелігі бар – титан, алтын, қара керамика, алаулы Red Magic және патенттелген фирмалық Magic Gold. Модельдерге 20 жыл бұрын дарыған «алапат жарылыс» атауы инновациялық, батыр әрі әсерлі түрде қайта жаңғырды. Unico мануфактуралық механизмімен, 72 сағаттық жүріс қорымен және ашық циферблатпен жабдықталған модельдердің астынан жүрек соғып тұрғандай көрінеді. Hublot өзінің құпиясы жоқ, мықты бренд екенін көрсеткісі келген сияқты. Бауы, әрине, тез айырбасталатын фирмалық One Click жүйесімен жабдықталған. Бір рет қана «тық» еткізіп, жаңа образ сомдауға болады.

Materials and High Complications коллекциясына жеке тоқтала кету қажет. Бұған турбийонмен, минуттық репетирлермен, сондай-ақ жақұт пен Texalium материалынан соғылған корпуспен жабдықталған бірегей модельдер кірді. Нағыз өнер туындылары деуге болады. Бұларды мұражайда экспонат ретінде сақтағың да келеді, тастамай тағып жүргің де келеді.

Bvlgari
Watches & Wonders көрмесіне биыл алғаш рет қатысқан Bvlgari бірден бас сахнаға шықты. Бренд павильоны мәрмәр мен механиканы, италиялық әсемдік пен швейцариялық дәлдікті ұштастырған заманауи храмы іспетті.
Дебюттің бас кейіпкерлері – контрастылы болғанымен, бірдей әсерлі екі образ. Бірінші кейіпкер – Octo Finissimo Ultra Tourbillon – жаңа әлемдік рекорд иесі. Тарихтағы ең жұқа турбийон – бар болғаны 1,85 мм. Мұны тағу ауа қабаттары арасында қысылған сәулет өнері туындысын білекке таңумен бірдей. Желбіреген жібектей жеңіл әрі Ferrari механикасындай күрделі бұйым.



Екінші кейіпкер – Serpenti Aeterna, болашақ жыланы. Мұнда көз де, қабыршақ та, әдетте болатын иірім де жоқ. Тек алтын, гауһар тас және бір ғана айқын сызық бар. Сағат мүсінге, ал жылан стиль манифесіне айналады.

Piaget
Piaget бізге алтыннан соғылған көңіл күй сыйлады. Sixtie моделі – 1960 жылдардан келген қонақ. Бұл ірі үзбелі әрі жылтырақ сағаттан еркіндік пен жеңілдік лебі еседі. Салтанатты кеш, тікұшақпен серуендеу және күн батарда ашылған шампан бөтелкесі атмосферасына бөлейтін бұйым.

Polo 79 – қайта жаңғырған ақ алтыннан жасалған аңыз. Бұл ірі әрі салтанатты сағатты ұстамды деуге келмейді. Нағыз алтын – нағыз мәлімдеме.

Сондай-ақ Энди Уорхолдың шығармашылығынан шабыт ала отырып жасалған модель. Білекке тағылатын өнер туындысы не киюге болатын поп-арт.

Chanel
Chanel ұсынған J12 Bleu – қанық индиго түсті мұзды монолит. Керамикасы да, циферблаты да жарқырап тұр: аспаннан түсіп, мінсіз бола кеткендей көрінеді. Дауда да, тойда да сабыр сақтай алатын жандарға арналған аксессуар.

Chanel Blush – мүлде басқа әңгіме. Оның алқызыл перламутры да, көрінер-көрінбес жылтыры да, жеңіл корпусы да нәзік. Таңғы комплимент іспетті сағат.





Jaeger-LeCoultre
Биыл Jaeger-LeCoultre-дің бар назары брендтің аты аңызға айналған туындысы Reverso сағатында болды. Көрме барысында тоғыз жаңа үлгі таныстырылды. «Мен бөлекпін» деудің тоғыз түрлі тәсілі. Артында миниатюрасы бар нұсқалар да, турбийондар да, ультра жұқа модельдер де бар. Әрбір Reverso моделі – футлярға сыйып кеткен шағын ғана хикая. Бірі Гималай тауын айнала батқан күн жырын жырласа, екіншісі механикалық мінсіздік әнін шырқайды, ал үшіншісі нәзіктіктің қадірі сөзбен өлшенбейтінін айқындайды.

Panerai
Нағыз ерлік пен теңіз романтикасы жырын жырлайтын Panerai оптикасын жаңартты. Elux LAB-ID моделі болашақтағы ғылыми зертханадан шыққандай көрінеді. Шам емес, шамшырақтай жарқырайды. Мұның бәрі жоғары технологиялы материалдан жасалған корпусқа жинақталып, суасты саяхатшыларының түсіне кіріп шықпас жүріс қорымен жабдықталған.


Luminor Luna Rossa – қайта жаңғырған классика. Титан корпус, ұшқыр рух және күн батар шақтағы яхта клубының атмосферасы... Бұл сағатты тағып регатаға да, жағажайдағы кешке де баруға болады.


IWC
IWC сағаттары – тұнып тұрған зият. Ingenieur Automatic 40 – ықшам, жинақы әрі кербез бұйым. Сызықтары айқын, пропорциясы үйлесімді, ішкі өзегі берік бұл сағат миниатюралық сәулет өнері іспетті. «Өз ісімді жақсы білемін», – деп үн қатқандай көрінеді.

Ал Portugieser Eternal Calendar – философияға жақын туынды. Күнтізбесі 3999 жылға дейін барады. Әзілдеп тұрған жоқпыз. Нағыз болашаққа жөнелтер сыйлық әрі ғасырлар масштабында ойлайтындарға арналған тамаша инвестиция.

