Style|Jewellery

Су асты әлемінен жұлдызды аспанға дейін: Dior өзінің жаңа Diorissima жоғары зергерлік өнер топтамасын ұсынды

АвторыTatler Kazakhstan
29.05.2026
Dior баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Dior баспасөз қызметінің мұрағатынан
Венецияда Dior Joaillerie көркемдік жетекшісі Виктуар де Кастеллан арнайы жасап шығарған Diorissima жоғары зергерлік өнер топтамасының тұсаукесері өтті

Лидо аралындағы тарихи Palazzo del Casinò ғимаратында нағыз ертегі атмосферасы орнаған еді. Коктейль, кешкі гала-ас және сән көрсетілімін бір арнаға тоғыстырған бұл кеш көпшіліктің есінде ұзақ сақталмақ. Подиумдағы модельдер Джонатан Андерсон дайындаған кутюр образдарымен жарқыраса, басты назарда – әрине, ғажайып әшекейлер.

Dior баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Dior баспасөз қызметінің мұрағатынан
Dior баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Dior баспасөз қызметінің мұрағатынан

Жаңа топтамада Виктуар де Кастеллан абстракция мен табиғи сұлулықты шебер ұштастыра отырып, басты назарды үш негізгі тақырыпқа аударған: ботаника, су асты әлемі және аспан денелері. Бұл бағыттардың таңдалуы тектен-тек емес, олар сән үйінің негізін қалаушы Кристиан Диордың жеке қызығушылықтарымен тікелей байланысты. Ал әшекейлердегі пішіндердің ерекше ойыны, түстер қарама-қарсылығы мен көлемділік коллаж өнерінің құдіретін паш етуімен құнды. Дәл осы тәсіл арқылы дизайнер марқұм Диордың шабыт көзіне айналған Анри Матисс пен Пабло Пикассо сынды ұлы суретшілерге ерекше құрмет көрсеткен.

Dior баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Dior баспасөз қызметінің мұрағатынан

Венецияда көпшілікке ұсынылған алғашқы бөлім 112 әшекейді қамтиды. Олардың қатарында сан алуан түстерге бай, күрделі пішінді алқалар, сақиналар, сырғалар, білезіктер мен түйреуіштер жетерлік. Ботаника тақырыбындағы ең басты жауһар – ортасында 6,51 караттық өңделмеген Колумбия зүбәржаты бар Diorissima Lucky Clover жиынтығы. Оған қоса, 4100-ден астам асыл таспен көмкерілген Glycines алқасы да осы желінің айрықша көркі.

Dior баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Dior баспасөз қызметінің мұрағатынан

Су асты әлемі маржандар мен теңіз балдырларының өте нәзік бейнесі арқылы көрініс тапқан. Бұл бағыттың таңдаулы туындысы – 4,75 караттық Paraiba турмалинімен көмкерілген Fleur Aquatique алқасы. Ал аспан денелеріне арналған желіде жұлдыздар мен кемпірқосақтардың жарқыраған сәті таңғалдырары сөзсіз. Әсіресе ортасында 7,03 караттық гауһар тасы бар, 3000 таспен безендірілген Voie Lactée алқасы – нағыз шедевр десек қателеспейміз.

Dior баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Dior баспасөз қызметінің мұрағатынан

Топтаманың атауы аты аңызға айналған Diorissimo хош иісінен бастау алатын максималистік рухтың көрінісі. Тағы бір артықшылығы – әшекейлердің пішінін оңай өзгерту мүмкіндігінде. Түйреуішті шаш қыстырғыш ретінде пайдалансаңыз, білезікті мойынға тағатын чокерге айналдыру оп-оңай. Виктуар де Кастелланның айтуынша, топтамадағы осы бір еркіндік пен ойын элементтері қазіргі жас буынның талғамымен дөп түсіп тұр. Олар үшін әшекей құр сән-салтанат емес, бойға ерекше эмоция сыйлайтын тұтас бір өнер.

Dior баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Dior баспасөз қызметінің мұрағатынан