Гауһар тас салынған бургер, нефрит зәйтүн және алтын сіріңке — ең ерекше зергерлік өнер туындылары
Зергерлік өнер — асыл металдар мен тастарды талғампаз әшекейге айналдыру шеберлігі. Алайда бүгінде дизайнерлер даралық іздеп, балалық шаққа деген ностальгияны қуалап, дәстүрлі сән-салтанат түсінігіне қарсы шығатын болды. Гауһар тас салынған бургер, ойыншық машиналардан жасалған алқа, коктейль таяқшасына шаншылған зәйтүн, алтын сіріңке — бұл ерекше әшекей бұйымдар өздерінің дизайнымен ерекшеленумен қатар күнделікті заттарға жаңа көзқараспен қарауға итермелейді. Сіздерге арнап қарапайым заттарды өнер туындысына айналдырған, ең жарқын брендтердің тізімін жасадық.
Jowita Doroszko
Jowita Doroszko — Франциядан шыққан зергер-дизайнер, бренді ирониялық көзқарасымен, сондай-ақ ерекше әшекей бұйым жасау әдістерімен танымал. Йовита қала маңындағы қарапайым өмірден шабыт алып, жай заттарды асыл тастардан жасалған өнер туындыларына айналдырады. Ең ерекше әшекейлерінің бірі деп темекі тұқылы бейнелейтін мойын алқаны атауға болады. Дизайнер осылайша қарапайым, кейде тіпті жағымсыз затты сәнді аксессуарға айналдырады. Қымбат металдардан жасалған бұл әшекей — автордың заманауи мәдениетке және өмір салтына қатысты, иронияға толы пікірі.


Ambush
Ambush — дизайнер Юн Ан мен оның рэпер күйеуі Verbal ашқан, жапон бренді. Инновациялық әрі авангардтық әшекей бұйымдарымен танымал. Ambush брендінің ерекшелігі күнделікті қолданылатын заттардан шабыт ала отырып жасалған, ірі әрі айқын аксессуарларында. Дизайнерлердің көзіне кеңсе тауарлары да, түйреуіш де, оттық та заманауи әшекей бұйымы болып көрінеді. Мұның бәрі қарапайым заттарды қайта жаңғыртуды қамтитын, жапондық «ремикс мәдениетін» айқындайды.


Nadine Ghosn
Дизайнер Надин Гон шабытты балалық шағы мен поп-мәдениеттен алады. Ол адамдарды балаларға тән қуаныш пен шаттыққа бөлеуді мақсат етеді. Надин бургер, Lego фигуралары немесе қарындаш сияқты қарапайым заттарды зергерлік шедеврге айналдырады. Дизайндары кей кезде тым ойнақы болып көрінгенімен, автор туындыларын тек бағалы әрі сапалы материалдардан жасайды. Мысалы, Надиннің әйгілі Veggie Burger Ring сақинасында ингредиенттерді бейнелеу үшін әр түрлі асыл тастар қолданылған болатын: гауһар тас — «күнжіт» пен «пияз», рубин — «кетчуп» пен «қызанақ», зүбәржат — «жасыл салат», түрлі-түсті сапфир – «қыша».


Alison Lou
Alison Lou — зергерлік бұйымдарын әзіл қоса жасап танымал болған, американдық бренд. Паста түрлері, круассан не эмодзи бейнесіндегі әшекей бұйымдар брендтің ерекше стилін айқындайды. Ең танымал туындыларының бірі — Match Stack Ring сақинасы. Дизайны сіріңкені айнытпай бейнелейтін бұйым алтыннан, эмальдан және гауһар тастан жасалған. Бренд әзіл мен салт-салтанатты жақсы ұштастырады.


Letters and Stones
Негізін журналист Наталия Архангельская қалаған Letters and Stones бренді зергерлік өнерге деген ойнақы әрі иронияға толы көзқарасымен ерекшеленеді. Бренд алтыннан, күмістен және асыл тастардан жасалған, ерекше әшекей бұйымдарын ұсынады: «Letters and Stones туындылары, тіпті салмақты дегендері де, адамды күлдіруі тиіс. Оларды мақтан тұтып, бірақ тым салмақты болып кетпей тағыңыз». Фуршет коллекциясы — брендтің ең жарқын жұмыстарының бірі. Мұнда классикалық коктейль таяқшасына шаншылған, нефриттен жасалған, ішінде лағыл «бұршақ» жасырылған, зәйтүн бейнесіндегі танамоншақ бар,. Сонымен қатар коллекцияға алтыннан жасалған, азиялық таяқшаға шаншылған, ақық «асшаян» кіреді.


Marland Backus
Marland Backus — қазіргі таңда Токиода тұратын, Бруклиндік зергер-дизайнер. Әшекей бұйымдары — дәстүрлі моншақ пен шаш сияқты материалдарды пайдаға асыратын, классикаға деген иронияға толы көзқарас. Дизайнер материал не стильмен шектелмей, бұрын-соңды болмаған туынды жасауды мақсат етеді. Туындылары бір-біріне ұқсамағанымен, концепциясы бір — олардың бәрі балалықты заманауи дизайнерлік шешімдермен ұштастырады. Дизайнердің ең жарқын туындылары — Traffic Jam Necklace, яғни ойыншық машиналардан жасалған алқа, және үлкен The Big Ring сақинасы.


Recoulage
Мария мен Евгений Шишкиндер негізін қалаған recoulage брендінің идеясы бардың еденінде пайда болған екен. Мария еденде жатқан шымырлы шарап бөтелкесінің плакеткасына қарап, оны зергерлік сақинаға ұқсатыпты. Брендтің атауы да шымырлы шарап тарихына байланысты: «recoulage» — бөтелкеден газдың не сұйықтықтың ағып кетуі. Бүгінде коллекция аясында сақиналар, сырға және күміс пен жезден жасалған, дәл сол шампан плакеткасы пішініндегі алқа ұсынылады.


