Style|Jewellery

Pomellato Париждегі Palais de Tokyo-да өзінің алғашқы көрмесін ашты

АвторыTatler Kazakhstan
02.07.2026
Pomellato ресми сайты
IMAGE Pomellato ресми сайты
Көрме Pomellato-ның 60 жылға жуық тарихы мен зергерлік өнерін паш етеді. Мұнда брендтің ең танымал әшекейлері, мұрағат құжаттары мен фотосуреттері бір арнаға тоғысқан

Италиялық Pomellato зергерлік бренді Парижде өзінің Le Joaillier Révolutionnaire («Революциялық зергер») атты алғашқы көрмесін ашты. Ол 24 маусым мен 20 шілде аралығында аты аңызға айналған Palais de Tokyo ғимаратында өтеді.

Pomellato ресми сайты
IMAGE Pomellato ресми сайты

Экспозиция 1967 жылы Миланда негізі қаланған Pomellato брендінің тарихын баяндайды. Көрменің басты мақсаты – брендтің әшекейлерді жасау тәсілін қалай өзгерткенін және зергерлік әлемдегі ең ерекше компаниялардың біріне айналғанын көрсету.

Pomellato ресми сайты
IMAGE Pomellato ресми сайты

Көрме кураторы – Милан политехникалық университетінің профессоры әрі зергерлік бұйымдар дизайны бағытының жетекшісі Альба Каппьеллери. Экспозиция Pomellato-ның болмысын айқындайтын бес негізгі тақырыпқа құрылған: бейне, шеберлік, стиль, түс және әйелдер. Мұрағаттық жұмыстар, заманауи топтамалар және визуалды материалдар арқылы көрме брендтің зергерлік өнердегі дәстүрлі түсініктерге қалай қарсы тұрғанын және әшекей дизайны мен оны тағу мәдениетіне жаңаша көзқарас қалыптастырғанын көрсетеді.

Көрменің ауқымды бір бөлігі фотосурет өнеріне арналған. Онда брендпен түрлі жылдары жұмыс істеген Джан Паоло Барбьери, Хельмут Ньютон, Херб Ритц, Альберт Уотсон, лорд Сноудон, Мишель Комте сияқты танымал фотографтардың туындылары қойылған.

Pomellato ресми сайты
IMAGE Pomellato ресми сайты

Дегенмен, басты назарда – әйелдер қауымы. Pomellato әуел бастан-ақ әшекейлерді өмірдегі жеке жетістіктерінің құрметіне өзіне сыйлық жасайтын, өз қалауымен өмір сүретін әрі тәуелсіздікті таңдайтын әйелдерге арнап шығарған. Бұл идея 2017 жылы гендерлік теңдікті насихаттау және әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықпен күресті қолдау мақсатында іске қосылған Pomellato for Women бастамасында өз жалғасын тапты.