Style|Jewellery

Messika зергерлік үйі Парижде Terres de Contrastes топтамасын таныстырды

АвторыTatler Kazakhstan
03.10.2026
Адриана Лима | Richard Bord / Getty Images
IMAGE Адриана Лима | Richard Bord / Getty Images
Француздық бренд жоғары зергерлік өнердің жаңа топтамасын Ботсвана табиғатының қарама-қайшылықтарына арнады

Париждегі Grand Palais көрме залында Messika жаңа Terres de Contrastes топтамасын көпшілікке таныстырды. Брендтің негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі Валери Мессика Ботсвананың табиғатына үңіліп, Калахари шөлі, Окаванго атырауы мен Макгадикгади сор алқабының бейнесін зергерлік тілге аударды.

Messika | Terres de Contrastes | Kristy Sparow / Getty Images
IMAGE Messika | Terres de Contrastes | Kristy Sparow / Getty Images

Кештің басты жаңалығы — Le Okavango Blue алқасы. Оның ортасында — топтамаға да атын берген көгілдір гауһар тас. Бұл тасты 2018 жылы Ботсванадағы Orapa кенішінен тапты: өңделмеген күйінде оның салмағы 41,11 каратты құрады. Қырлаған соң салмағы 20,46 каратқа дейін кеміп, оған Fancy Deep Blue санаты мен VVS1 тазалық деңгейі берілді. Messika оны Ботсвана тарихындағы ең ірі, ал әлем бойынша көлемі жағынан сегізінші көгілдір гауһар деп есептейді. Зергерлер оны жиектеу үшін арнайы әдіс тапты: 500-ден астам бриллиантты көзге көрінбейтін тәсілмен бекітті. Осының арқасында алқа классикалық ривьер үлгісіне тән икемділігін жоғалтқан жоқ. Ал негізгі тасты қиғаш, сәл көтеріңкі орнатты — сондықтан оның түсі мен жарқырауы бұрынғыдан да айқын көрінеді. Бұл туындыны подиумда Ирина Шейк киіп шықты.

Ирина Шейк | Richard Bord / Getty Images
IMAGE Ирина Шейк | Richard Bord / Getty Images

Топтамадағы тағы бір үлкен туынды — Féroce алқасы. Оның ортасында 16,98 карат салмақты қара австралиялық опал тұр, айналасын зергерлер бриллиант пен айнадай жарқыраған алтынмен көмкерген. Алқаны қозғалмалы құрылымда жасаған, сондықтан киген сайын пішінін өзгертіп отырады — дәл сол сияқты опал да жарыққа қарай көк, жасыл және ашық электрлік реңктерге құбылады. Дизайнерлер бұл алқаны Окаванго атырауындағы қолтырауынның бейнесінен шабыттанып жасаған.

Дэниел Аваридхе | Richard Bord / Getty Images
IMAGE Дэниел Аваридхе | Richard Bord / Getty Images

Messika Африка тақырыбына бұрын да оралған: 2025 жылы Terres d'Instinct топтамасында бренд түстің табиғатын зерттеген еді. Terres de Contrastes енді осы жолды жалғастырып тұр.