Style|Jewellery

Мәдени код: Мэри Катранзу Bvlgari сөмкелерін қалай бойтұмарға айналдырды?

АвторыМария Подгорбунская
25.02.2026
Ким Джи-вон | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин
IMAGE Ким Джи-вон | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин
Bvlgari зергерлік үйі Париждегі Жоғары сән апталығында Bvlgari Icons Minaudière топтамасын ұсынып, сөмкенің жай ғана аксессуар емес, мәдениеттің тасымалдаушысы бола алатынын паш етті

Дизайнер Мэри Катранзу үшін Bvlgari үйінің аксессуарлар жөніндегі креативті директоры ретінде қызмет ету – өз алдына бөлек әлем болып қалыптасқан визуалды тілмен тілдесу. Serpenti, Monete, Tubogas, Divas’ Dream, Bvlgari Bvlgari мотивтері жай ғана сәндік элемент емес, ондаған жылдардың тарихын бойына жинаған мәдени кодтар болып табылады. «Bvlgari-дің визуалды тілінің байлығы маған ешқашан шектеу қойған емес, керісінше, жұмысымның берік іргетасына айналды», – дейді дизайнер. Оның айтуынша, дәл осы жүйеде «зергерлік бұйым мен аксессуардың арасындағы шекара қай жерде өтеді?» деген басты сұрақ туындап, бүкіл топтаманың мазмұнын айқындайды.

Линда Евангелистаның тартымды қуаты Serpenti-мен іштей ұштасқан | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин
IMAGE Линда Евангелистаның тартымды қуаты Serpenti-мен іштей ұштасқан | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин

Bvlgari Icons Minaudière топтамасы – бұл үйреншікті аксессуарлар емес, зергерлік өнер мен сәннің тоғысында тұрған бірегей нысандар. Зергерлік үйдің 140 жылдан астам уақытты қамтитын мұрасына сүйенген Катранзу жоғары зергерлік өнердің (high jewelry) эстетикасын кешкі аксессуарлар тіліне шебер көшіре отырып, оның мәнерлілігі мен эмоционалды қуатын толық сақтап қалған.

Мэри Катранзу | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин
IMAGE Мэри Катранзу | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин

Мұндай ауқымды жұмыс түбегейлі дәлдікті талап етеді. Негізінен функционалды заттарға арналмаған балауызды құю, паве, қолмен жағылатын эмаль, сондай-ақ аметист, малахит және інжумен жасалатын күрделі оюлармен безендіру сияқты зергерлік техникалар аксессуар жасау ісінде жаңа қырынан көрінді. «Мұнда екі түрлі әлем түйіседі», – деп түсіндіреді дизайнер. «Зергерлік шеберлік микроскопиялық дәлдікке негізделсе, аксессуарларды жасау басқа ауқымдағы инженерлік ойлауды қажет етеді». Сөмкенің құлпынан бастап бау тағатын шынжырына дейінгі әрбір деталь зергерлік өнердің үстемдігін сақтай отырып, киіп жүруге ыңғайлы болуы үшін қайта зерделенген. Катранзудың пайымдауынша, Bvlgari аксессуарларының бірегейлігі де дәл осы екі саланың қиылысуында жатыр.

Аметист, малахит, інжу және гауһар тастармен безендірілген Diva минодьері | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин
IMAGE Аметист, малахит, інжу және гауһар тастармен безендірілген Diva минодьері | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин

Bvlgari Icons Minaudière топтамасы өзіндік бір пантеон іспетті тұтас дүние ретінде ойластырылған. «Сонымен қатар, әр сөмке – өзіндік сипаты бар дербес бейне», – деп толықтырады Мэри Катранзу. Оның айтуынша, жыланның басы бейнесіндегі Serpenti минодьері өзі үшін ерекше ыстық. Бұл бұйым дизайнердің 2021 жылғы Bvlgari-мен алғашқы ынтымақтастығында жасалып, бүгінгі жаңа топтаманың негізгі бастау нүктесіне айналған.

Эмальмен және зүбәржатпен безендірілген, Линда Евангелистаның ой-толғаулары жазылған шағын кітаппен толықтырылған Serpenti минодьері | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин
IMAGE Эмальмен және зүбәржатпен безендірілген, Линда Евангелистаның ой-толғаулары жазылған шағын кітаппен толықтырылған Serpenti минодьері | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин

Топтамадағы бес минодьер бес түрлі хикаяны баяндайды. Monete эмальға қаланған, ауқымы үлкейтілген ежелгі Рим монеталарын еске түсірсе, Tubogas биологиялық пішінге ие болып, металдан жасалған жылан денесі кесіртке терісінен қапталған бағалы «жұмыртқаны» орап жатқан сәтті бейнелейді. Divas’ Dream Каракалла моншаларының мозаикасын күрделі зергерлік инкрустация арқылы қайталаса, Bvlgari Bvlgari інжумен безендірілген цилиндр пішінді минодьер кейпінде ұсынылған.

Алтынмен және гауһар тастармен әрленген кесіртке терісінен жасалған Tubogas Mini минодьері | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин
IMAGE Алтынмен және гауһар тастармен әрленген кесіртке терісінен жасалған Tubogas Mini минодьері | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин
Алтынмен және гауһар тастармен әрленген кесіртке терісінен жасалған Tubogas Mini минодьері | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин
IMAGE Алтынмен және гауһар тастармен әрленген кесіртке терісінен жасалған Tubogas Mini минодьері | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин

Бұл нысандардың шағын өлшемде болуы дизайнердің жай ғана қалауы емес, саналы түрде қабылданған шешімі. Ішіне айфон сыймаса да, одан да құнды дүниелердің орны бар. «Мен әшекей бұйымдарға тән ішкі жақындықты сақтағым келді – бұл құдды бір бойтұмарға қол тигізгендей бағалы әсер қалдыруы тиіс», – деп түсіндіреді Мэри Катранзу.

Bvlgari-дің басты нышандарының бірі – ежелгі Рим монеталары бейнеленген Monete минодьерлері | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин
IMAGE Bvlgari-дің басты нышандарының бірі – ежелгі Рим монеталары бейнеленген Monete минодьерлері | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин

Осылайша, заттарды емес, мағынаны арқалау идеясына негізделген Carrying Culture науқаны дүниеге келді. Әр минодьерге бес шағын кітап қоса берілді. Олардың авторлары – супермодель Линда Евангелиста, актрисалар Изабелла Росселлини мен Ким Джи–вон, архитектор Сумайя Валли және жазушы Чимаманда Нгози Адичи. Есімдері мәдени кодқа айналған бұл әйелдер өз мәтіндерінде дәстүр, бірегейлік, ішкі тепе-теңдік, табиғат пен үй туралы ой толғайды.

Мэри Катранзу топтамамен жұмыс істеу барысында бұл әйелдердің әрқайсысымен іштей тілдескендей болғанын айтады. Линда Евангелистаның тартымды қуаты Serpenti-мен астасса, Изабелла Росселлинидің римдік тамыры мен мәңгілік талғампаздығы Monete бұйымынан көрініс тапты. Сумайя Валлидің архитектуралық ойлау жүйесі Tubogas-қа тән болса, Чимаманда Нгози Адичи Bvlgari Bvlgari-дің әмбебап ақиқатын бейнелейді. Ал Ким Джи-вон Divas' Dream нышанына тән нәзіктік пен қуанышты дөп басып жеткізген.

Жазушы Чимаманда Нгози Адичи інжуден жасалған Bvlgari Bvlgari минодьерімен | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин
IMAGE Жазушы Чимаманда Нгози Адичи інжуден жасалған Bvlgari Bvlgari минодьерімен | Фотосуретші: Итан Джеймс Грин

«Мәдениетті сөмкеңде алып жүру – бұл әрі метафора, әрі ақиқат», – дейді Катранзу. Бұл – әйел даналығын сақтап қалудың және оны келесі ұрпаққа жеткізудің өзіндік жолы. Белгілі бір мағынада, минодьерлер құнды ойлар жинақталған шағын кітапханаларға айналады. Bvlgari бұл ишарасы арқылы кейіпкерлерінің жеке тәжірибесі мен үнін мәдениеттің ең жоғары және шынайы формасы ретінде мойындайтынын көрсетті.