Style|Jewellery

Канн кинофестивалі 2026: қызыл кілемдегі ең жарқын зергерлік бұйымдар

АвторыTatler Kazakhstan
18.05.2026
Қазылар алқасының мүшесі Рут Негга Францияның Канн қаласындағы 79-шы Канн кинофестивалінің ашылуына орай ұйымдастырылған салтанатты кешкі аста, 12 мамыр 2026 жыл | Фотосуретші: Стефан Кардинале | Getty Images
IMAGE Қазылар алқасының мүшесі Рут Негга Францияның Канн қаласындағы 79-шы Канн кинофестивалінің ашылуына орай ұйымдастырылған салтанатты кешкі аста, 12 мамыр 2026 жыл | Фотосуретші: Стефан Кардинале | Getty Images
Биылғы 79-шы Канн кинофестивалі 2026 жылдың 12 мен 23 мамыр аралығында өтіп жатыр. Дәстүр бойынша ашылу салтанаты мен алғашқы көрсетілімдер Круазетт жағалауына ондаған әлем жұлдызының басын қосса, көздің жауын алатын ғажайып әшекейлермен көмкерілген образдарды назарымыздан тыс қалдыру мүмкін емес еді

Chopard әшекейлерін таңдаған Деми Мур

Деми Мур қызыл кілемге жалпы салмағы 263,34 каратты құрайтын асыл тастармен әрленген Chopard әшекейлерімен шығып, көпшілікті тамсандырды. Бұл ғажайып жиынтық бес қатардан тұратын гауһар биб-алқадан (226,34 карат), кластерлі сырғалардан (22,87 карат), Haute Joaillerie топтамасындағы сақинадан (9,65 карат) және L’Heure du Diamant желісіндегі тағы бір сақинадан (4,48 карат) құралған. Барлық бұйым 18 караттық ақ алтыннан құйылған екен.

Биб-алқа гауһар тастармен тығыз көмкерілген бес көлденең қатардан тұрады. Тастардың арасында ешқандай саңылау қалдырмайтын мұндай құрылым мойын мен кеуденің жоғарғы бөлігін толықтай жауып тұрады. Сырғаларға келсек, олар пішіні әртүрлі ірі гауһар тастардан құрастырылған. Соның арқасында бұл кластерлі сырғалар бейнебір тұтас жарық сәулесіндей әсер қалдырады. Ал сақиналар – ортасында бір ғана ірі тасы бар классикалық солитерлер.

Деми Мур 79-шы Канн кинофестивалінің ашылу салтанаты мен La Vénus Electrique фильмінің көрсетілімінде, 12 мамыр 2026 жыл | Фотосуретші: Паскаль Ле Сегретен | Getty Images
IMAGE Деми Мур 79-шы Канн кинофестивалінің ашылу салтанаты мен La Vénus Electrique фильмінің көрсетілімінде, 12 мамыр 2026 жыл | Фотосуретші: Паскаль Ле Сегретен | Getty Images

Chopard таңдаған Рут Негга

Рут Негга сары реңктермен әрленген, алмұрт пішінді гауһар тастардан жасалған Chopard алқасымен көпшіліктің назарын өзіне аударды. Әшекейдің негізін «алмұрт» үлгісінде қырланған түссіз тастар құраса, олардың арасына ұсақ сары гауһар тастар орналастырылыпты.

Бұл алқа пішін мен түс контрастына құрылған. Ондағы тігінен созылған алмұрт тәрізді тастар мойынды ұзартып тұрғандай. Сары гауһар тастар біркелкі емес, жекелеген нүктелер ретінде орналасып, өзіндік үзік ырғақ тудырады. Деми Мурдың әшекейлеріндегідей, бұл бұйымның да жақтауы ақ алтыннан жасалған.

Рут Негга 79-шы Канн кинофестивалінің ашылуына орай ұйымдастырылған салтанатты кешкі аста, 12 мамыр 2026 жыл | Фотосуретші: Стефан Кардинале | Getty Images
IMAGE Рут Негга 79-шы Канн кинофестивалінің ашылуына орай ұйымдастырылған салтанатты кешкі аста, 12 мамыр 2026 жыл | Фотосуретші: Стефан Кардинале | Getty Images

Pomellato образындағы Джейн Фонда

Брендтің амбассадоры саналатын Джейн Фонда ортасында салмағы 46,34 караттық аквамарині бар Pomellato Iconica High Jewelry алқасына тоқтапты. Кабошон үлгісінде қырланған ірі сопақ тас ақ алтынға бекітілсе, алқаның шынжыры гауһар тасты буындардан тұрады. Сондай-ақ ол гауһар тастармен безендірілген қос Nudo сақинасын таққан.

Мұндағы аквамарин үйреншікті бұрышты гауһар қырлаумен емес, өзгеше әдіспен өңделген. Яғни, ешқандай өткір қыры жоқ, тегіс әрі дөңес линза пішініндегі кабошон үлгісінде жасалған. Тастың сүттей ақ, тіпті күңгірттеу реңкте болуы аквамарин үшін өте сирек құбылыс. Алқа шынжыры әрқайсысы қозғалмалы болып келетін жекелеген гауһар тасты буындардан құрастырылған.

Америкалық актриса Джейн Фонда 79-шы Канн кинофестивалінің ашылу салтанаты мен La Vénus Electrique фильмінің көрсетіліміне келіп жеткен сәті, 12 мамыр 2026 жыл | Фотосуретші: Мустафа Ялчин | Getty Images
IMAGE Америкалық актриса Джейн Фонда 79-шы Канн кинофестивалінің ашылу салтанаты мен La Vénus Electrique фильмінің көрсетіліміне келіп жеткен сәті, 12 мамыр 2026 жыл | Фотосуретші: Мустафа Ялчин | Getty Images

Pomellato жарқырауындағы Филиппин Леруа-Больё

Pomellato брендінің тағы бір амбассадоры Филиппин Леруа-Больё 21 параиба турмалинімен көмкерілген гауһар тасты жаға-алқамен көпшілік алдына шықты. Алмұрт пішінді бұл тастар бейнебір әртүрлі тамшылар іспеттес орналастырылған. Ал осы бейнені қайталайтын ұзын сырғалар алқамен мінсіз үйлесім тапқан.

Алқа мойынды тығыз қапсыра тұратын қатты жаға пішінінде жасалған. Мыс қоспасының арқасында параиба турмалиндері өздеріне ғана тән ерекше неон-көгілдір түске ие болған. Олар симметриялық қатармен емес, бейнебір кездейсоқ тамған әртүрлі көлемдегі тамшылар сияқты орналасқан. Сырғалардағы төмен қарай төгілген тастар да дәл осы «тамшылы» композицияны қайталап тұр.

Филиппин Леруа-Больё 79-шы Канн кинофестивалінің ашылу салтанаты мен La Vénus Electrique фильмінің көрсетілімінде, 12 мамыр 2026 жыл | Фотосуретші: Кристи Спарроу | Getty Images
IMAGE Филиппин Леруа-Больё 79-шы Канн кинофестивалінің ашылу салтанаты мен La Vénus Electrique фильмінің көрсетілімінде, 12 мамыр 2026 жыл | Фотосуретші: Кристи Спарроу | Getty Images

Pasquale Bruni таңдаған Майка Монро

Өзі амбассадоры саналатын Pasquale Bruni брендінің әшекейлерін таққан Майка Монро Aleluiá сырғалары мен Giardini Segreti топтамасындағы білезік пен сақинаны таңдапты. Барлық бұйым ақ алтыннан құйылып, ақ гауһар тастармен әрленген.

Жүзім салбырағын немесе гүлшоғырын еске салатын Aleluiá сырғалары көптеген ұсақ гауһар тастардан жиналған тік композициялардан тұрады. «Құпия бақтар» (Giardini Segreti) желісіндегі білезік пен сақина да дәл осы техникамен жасалған. Қатаң геометриядан ада бұл бұйымдардағы гауһар тастар табиғи бұдырлықты бейнелейтіндей етіп бекітіліпті.

Майка Монро 79-шы Канн кинофестивалінің ашылу салтанаты мен La Vénus Electrique фильмінің көрсетілімінде, 12 мамыр 2026 жыл | Фотосуретші: Аврора Марешаль | Getty Images
IMAGE Майка Монро 79-шы Канн кинофестивалінің ашылу салтанаты мен La Vénus Electrique фильмінің көрсетілімінде, 12 мамыр 2026 жыл | Фотосуретші: Аврора Марешаль | Getty Images

Damiani таңдаған Келли Разерфорд

Келли Разерфорд қызыл кілемге Damiani Gioia del Mare («Теңіз шаттығы») алқасымен шықты. Ақ алтыннан жасалған бұл әшекейде 11 сопақша параиба турмалині (19,84 карат), 76 ұсақ турмалин (4,05 карат) және 376 гауһар тас (19,48 карат) қолданылған. Сондай-ақ бұл жиынтықты керемет сырға мен сақина толықтырып тұр.

Бұл алқа бейнебір гирлянда іспеттес құрастырылған. Оның негізін неон-көгілдір түсті сопақша турмалиндер құраса, олардың арасы ұсақ гауһар тастармен және кішкентай турмалиндердің шашырауымен көмкерілген. Тастар түзу сызықпен емес, белгілі бір аралықпен орналасқандықтан, ауада «қалықтап» тұрғандай әсер береді. Турмалиндердің қанық түсіне қарамастан, алқа гауһар тастардың көптігінің (376 дана) арқасында өзінің жарқын түсін тамаша сақтап қалған.

Келли Разерфорд 79-шы Канн кинофестивалінің ашылу салтанаты мен La Vénus Electrique фильмінің көрсетілімінде, 12 мамыр 2026 жыл | Фотосуретші: Лайонел Хан | Getty Images
IMAGE Келли Разерфорд 79-шы Канн кинофестивалінің ашылу салтанаты мен La Vénus Electrique фильмінің көрсетілімінде, 12 мамыр 2026 жыл | Фотосуретші: Лайонел Хан | Getty Images