Сабрина Карпентер Chopard әшекейімен
Карпентер өте күтпеген қадам жасады. Ол алқаны мойынға тағудың орнына, 54,84 пен 48,15 караттық екі гауһар алқаны ортаңғы саусағынан өткізіп, көйлектің арқасымен төгіліп тұратындай етіп қолына таққан. Оған қоса 9,59 караттық алмұрт пішінді сырға мен Chopard ұсынған Garden of Kalahari топтамасындағы екі «мәңгілік» сақинасы оның образындағы гауһар тастардың жалпы салмағын бірнеше жүз каратқа дейін жеткізген екен.

Энн Хэтэуэй Bvlgari әшекейімен
Актриса гауһар тастардан жасалған архитектуралық Magnifica High Jewelry «тікенек» алқасын таңдаса, сырғалары әдейі асимметриялы етіп жасалыпты. Бір құлағындағы алтын Vimini тікенегі мен екіншісіндегі гауһар тасты гвоздика сән үйінің ерекше шығармашылық шешімін паш етіп, Michael Kors Collection қара көйлегін мінсіз толықтырып тұр.

Лиса Bvlgari әшекейімен
Лиса түс пен сиректікке басымдық берді. Оның образының басты бөлшегі – тамшыдай теп-тегіс, қою көк реңкті, «кабошон» әдісімен қырланған 50 караттық сопақша жақұты бар алқа. Тасты айнала көмкерген гауһар шеңбер мен қосымша тағылған білезіктер, сақиналар бұл ерекше минералдың әдемілігін одан әрі айшықтай түскендей.

Розэ Tiffany & Co әшекейімен
Розэ қара Saint Laurent көйлегін Blue Book 2026 топтамасындағы Palm алқасымен үйлестіре киген. Ортасында 4,26 караттық «кушон» әдісімен қырланған гауһар тасы бар платина әшекей Жан Шлюмберженің пальма нобайларынан шабыт алып жасалыпты. Сонымен қатар әнші 9 караттан асатын платина гауһар сырға мен 7 караттан асатын табиғи гауһар тасты сақина тағып шықты.

Иша Амбани Lorraine Schwartz әшекейімен
Иша Амбани қызыл кілемге 2009 жылғы Оскар сыйлығында Анджелина Джоли таққан 50 караттық колумбиялық зүбәржаты бар чокер-алқамен шықты. Үш қатарлы гауһар тастар, салпыншақты сырғалар мен түйреуіш Амбани әулетінің отбасылық топтамасынан алынған.

Джису Cartier әшекейімен
Джису бір образға сән үйінің 121 жылдық тарихын сыйдыра білді. Ол бұл шараға Cartier мұрағатынан 1905 жылғы винтаж чокер мен 1948 жылғы сырғаны таңдапты. Айта кетейік, сән үйі бұл бұйымдарды сатпайды, тек уақытша жалға береді. Осындай сирек кездесетін жәдігерлердің қатарына ол Étincelle мен Broderie de Cartier атты заманауи екі сақинаны қосқан.

Эмили Блант Mikimoto әшекейімен
Mikimoto брендін таңдаған Эмили Блант қызыл кілемде інжу-маржан тағып шыққан жалғыз қонақ болды. Мінсіз дөңгелек пішінімен, ғажайып жарқырауымен танымал Akoya маржанынан арнайы жасалған дене шынжыры, оған қоса жапондық сән үйінің сырғалары мен сақинасы танымал актрисаны сансыз гауһар тасты образдардың арасынан бірден ерекшелеп тұрды.

Сьюки Уотерхаус Boucheron әшекейімен
Сьюки Уотерхаус өте сирек кездесетін форматты таңдады. Ол Boucheron брендінің білезігі мен сақинасына қоса басына тиара киіп шығыпты. Негізінде, бұл сән үйі мұндай әшекейлерді сонау заманнан бері еуропалық ақсүйектер үшін арнайы жасайтын, және Met Gala кешінде мұндай бұйымдар жиі көріне бермейді.

Дейзи Эдгар-Джонс Boucheron әшекейімен
Дейзи Эдгар-Джонс Histoire de Style: Untamed Nature топтамасындағы Laurier сырғасына басымдық берді. Сән үйінің мұрағатында 1858 жылдан бері қайталанып келе жатқан лавр мотиві жоғары зергерлік өнер техникасымен жасалынған. Ешқандай артық әшекейсіз, тек осы бір жұп сырғаның өзі оның бүкіл образының сәнін келтіріп тұр.

Бейонсе Chopard әшекейімен
Бейонсе ортасында 6,41 караттық, ал айналасында тағы 140 караттық гауһар тасы бар Garden of Kalahari алқасымен жарқырады. Оның образын Precious Lace топтамасындағы сырғалар әдемі толықтырып тұр. Бұл әшекейлер әлемдегі ең ірі алмас кен орындары орналасқан Калахари шөлінің табиғатынан шабыт алып жасалған.

Николь Кидман Chanel әшекейімен
Қауырсындармен көмкерілген күрең қызыл көйлек киген Николь Кидман басты назарды ұсақ бөлшектерге аударды. Ол сән үйінің классикалық үлгісіндегі жұлдыз пішінді сырғаны, ортасында лағыл тасы, ал айналасында табиғи гауһар тастары бар ерекше коктейль-сақинаны таңдаған. Бұл бұйымда асыл тастар мен Chanel брендінің фирмалық декоративті элементтері шебер үйлестірілген.

Джулианна Мур Messika әшекейімен
Джулианна Мур Messika брендінің қозғалыс кезінде жарықпен ойнайтын Midnight Sun сырғалары мен құлаққа тағатын каффты таңдапты. Иілгіш бекіткіштер гауһар тастардың дене қимылына ілесіп, жарықты түрлі бұрыштан шағылыстыруына мүмкіндік береді.

Рианна Briony Raymond пен DYNE әшекейлерімен
Рианна ешқандай алқасыз немесе білезіксіз-ақ көпшілікті таңғалдыра алды. Ол бір құлағының өзіне ғана үш түрлі әшекей таққан. Олар: Briony Raymond брендінің гауһар тасты екі Sloan каффы мен DYNE ұсынған Elixia каффы. Дәстүрлі бір демеушінің орнына екі тәуелсіз зергерлік үйді біріктіруі – оның басты ерекшелігі болды.

Кендалл Дженнер Buccellati әшекейімен
Дженнер Con Perle сырғаларындағы алтын тор маржанмен өрілген Rete («тор») алтын өру техникасына, сондай-ақ фирмалық дөңгелек буындары бар Rolo алқасына басымдық берді. Бұл әшекейлерде басты рөлді асыл тастар емес, нағыз зергерлік шеберлік атқарып тұр.

Эдриен Броуди Elsa Jin Jewelry әшекейімен
Броуди тек бір ғана, бірақ өте әсерлі бөлшекті таңдады. Ол – гауһар шашағы бар қанат пішініндегі мүсіндік түйреуіш. Асимметриялы алмұрт пішінді гауһар кірістірме образды әр бұрыштан түрлендіріп, қозғалыс кезінде мінсіз көрініс сыйлайды.

