Style|Jewellery

Dolce & Gabbana жаңа Alta Gioielleria Taormina зергерлік топтамасын таныстырды

АвторыTatler Kazakhstan
13.07.2026
Dolce & Gabbana инстаграмы
IMAGE Dolce & Gabbana инстаграмы
Сицилия – Dolce & Gabbana сән үйінің сарқылмас шабыт көзі. Бренд бұл жолы да өзінің сүйікті мекеніне қайта оралды. Alta Moda 2026 жобасы аясында жарық көрген жаңа Alta Gioielleria Taormina топтамасында Жерорта теңізі табиғатының сұлулығы мен нағыз зергерлік өнер мінсіз үйлесім тапқан

Бұл топтама Сицилияның теңдессіз сұлулығына, оның табиғаты мен ғасырлық дәстүрлеріне арналған. Топтаманың басты көркі – ерекше алқа. Онда арал табиғаты қайта жанғандай: лимон мен апельсин ағаштары, бақалшақтар мен түрлі өсімдіктер алтын және титанмен көмкеріліп, күрделі зергерлік туындыға айналған.

Мұндай әшекейлерді жасау асқан шеберлікті талап ететіні сөзсіз. Алтынды өңдеудің күрделі тәсілдері, қолмен жағылған эмаль, аса нәзік гравюра және жақұт, цаворит, гауһар тастармен көмкерілген бұйымдар Жерорта теңізі табиғатының бар сұлулығын паш етеді. Әр бұйымның артында шеберлердің маңдай тері мен терең көркемдік ізденісі жатыр. Бұл – қол еңбегі мен италиялық қолөнер мұрасын дәріптейтін DGFattoAMano (яғни, «қолдан жасалған») философиясының нағыз көрінісі.

Сицилияның рухани әрі мәдени дәстүрлері де назардан тыс қалмады. Alta Gioielleria зергерлік жиынтықтарының бірі Мадонна бейнесіне арналған. Мұнда қолмен салынған шағын бейнелер, алтынды көркем өңдеу, гравюра мен бағалы тастар мінсіз үйлесім тапқан.

2012 жылы басталған Alta Moda жобасы италиялық мәдениет пен жергілікті дәстүрлерді дәріптеп келеді. Бұл шығармашылық сапардың бастау алған жері де дәл осы Сицилия болатын. Ал Таормина – Dolce & Gabbana эстетикасының ең басты символдарының бірі.