Bvlgari сән үйі Францияның Ұлттық кітапханасында өткен жабық кеште ICONS Minaudière топтамасын және оған арналған жарнамалық науқанды паш етті. Фердинандо Вердеридің креативті жетекшілігімен Итан Джеймс түсірген бұл жобаға бес ерекше тұлға қатысты: аңызға айналған модель Линда Евангелиста, актриса Изабелла Росселлини, нигериялық жазушы Чимаманда Нгози Адичи, оңтүстіккореялық актриса Ким Джи-вон және архитектор Сумайя Валли. Олардың өмірлік ұстанымдары мен жеке тарихтары сән мен мәдениетті ұштастырған осы топтаманың негізіне айналды.


Салтанатты кеш топтаманың көрсетілімімен басталып, Францияның Ұлттық кітапханасында арнайы безендірілген залдардағы кешкі асқа ұласты. Кештің өту орны мен атмосферасы топтаманың басты идеясы – «Мәдениетті дәріптеу» мақсатын айшықтай түсті.
ICONS Minaudière топтамасын Bvlgari-дің былғары бұйымдар мен аксессуарлар жөніндегі креативті директоры Мэри Катранзу жасап шығарды. Дизайнердің ойынша, бұл аксессуар тек сөмке емес, асыл бұйыммен пара-пар өнер туындысы ретінде қабылдануы тиіс. Клатч-минодьерлер жай ғана тұтыну заты болудан қалып, терең мағыналық сипатқа ие болған. Әрбір клатчтың ішіне жоба кейіпкерлері жазған шағын кітапшалар салынған.
Кеш суретші Томас Расселдің перформансымен және әнші Сара Манесстің жанды дауыстағы концертімен аяқталды.
Іс-шараға халықаралық медиа өкілдері мен әлемдік жұлдыздарды қоса алғанда 140-қа жуық қонақ жиналды. Олардың арасында Тина Кунаки, Анна Делло Руссо, Оливия Палермо, Алекса Чанг, Палома Элсессер, Кира Кеннеди және Келли Разерфорд болды.





