Cartier зергерлік туындылар жасау бөлімінің директоры Жаклин Карачи-Ланган бұл философияны өте қарапайым түсіндіреді. Оның айтуынша, шебердің басты парызы — қолына түскен тасты жүрекпен сезіну, оның ішкі сырын ұғу және сол табиғи жаратылыстың барынша жарқырай түсуіне жол ашу.


Топтаманың басты сиқыры да осында. Бұл бұйымдарда пішін мен түс, тіпті жалпы көңіл-күйдің өзі ортаға қойылған асыл тастың ыңғайына жығылады. Мәселен, көздің жауын алатын Stellara алқасының дәл төріне салмағы 41,01 карат тартатын Цейлон сапфирі жайғасқан. Ал Panthère Tunya алқасына салмағы 48,12 караттық Замбия зүбаржаты ерекше жан бітіріп тұр.
Тұтастай гауһар тастармен көмкерілген Polydroma алқасының ортасында шеберлер «Ашер» үлгісімен қырланған 5,18 караттық гауһарды шебер ойнатқан. Tipaza алқасында болса, үш қатарға тізілген лағыл моншақтар гауһарлармен әдемі үндесіп жатыр, ал оларға салмағы 7,36 карат болатын қос «бриолет» гауһары мінсіз нүкте қояды.
Etnara алқасының бүкіл болмысы салмағы 67 каратқа жететін алып қызыл рубеллиттің құдіретінен қуат алады. Ал Tutti Chaya әшекейіне қараған адамның назарын ерекше қырланған, жалпы салмағы 56,97 караттық екі Колумбия зүбаржаты бірден баурап алады.




Әдемі алқалардың сәнін бес түрлі сырға одан әрі аша түскен. Олардың ішінен жалпы салмағы 28,44 карат болатын 18 лағылмен көмкерілген Drosera, салмағы 24,12 караттық 18 сапфирі бар Ojai және ерекше Patellia жұбы бірден көзге оттай басылады. Зергерлер Patellia сырғасына алмұрт пішінді екі қоңыр гауһарды (салмағы 11,32 карат) таңдап алған. Бірақ ең қызығы, бұл тастар әдеттегідей емес, керісінше төңкеріліп қойылған. Шеберлер тастың төменгі үшкір қырларын әдейі сыртқа қаратып қою арқылы бұйымға мүлдем бөлек, батыл авангардтық рух берген.

