Зендея мен швейцариялық On спорттық киім өндірушісі екінші бірлескен топтамасын таныстырды. Бұл жолы олар технологиялық пішіндер мен жылан терісіне ұқсас принтке басымдық берген. Топтаманың басты жаңалығы — Мэри Джейн туфлиі стилінде тігілген Cloudnova Moon кроссовкасы: беткі қабаты тоқылған, бауы жылдам байланады. Ол үш түрлі түсте шықты.

Зендея жаңа топтаманы жеке стилисі Лоу Роучпен бірге жасады — ол оның алғашқы жобасына да атсалысқан еді. Жарнамалық науқанды қысқаметражды фильм түрінде түсірді: режиссерлік жұмысты аргентиналық Pantera триосы алса, фотосуреттерді Касс Берд түсірді.
Дизайнерлер жылан принтін ұтымды қолданды: питон терісін еске салатын өрнекпен бодилер мен денеге жабысып тұратын лонгсливтерді, сыдырмасы бар анорактарды сәндеді. Оған қоса желіге оверсайз-свитшоттар мен реттелетін баулы, функционалды драпировкасы бар спорттық шалбарлар қосылды.


«Біздің On брендімен бірлескен жұмысымыз әрқашан спорттық киімнің дизайны мен ыңғайлылығы туралы түсінікті кеңейтуге бағытталған», – деп түсіндірді Лоу Роуч. «Киімдегі қозғалыс барынша еркін болуы үшін біз өзіміздің жеке қолтаңбамызды және принттерге деген махаббатымызды технологиялық маталарға көшірдік».
