Style|Fashion

Жаздың басты тренді – «мысық көз» пішінді көзілдіріктер

АвторыTatler Kazakhstan
25.05.2026
Carven 2026 | Spotlight
IMAGE Carven 2026 | Spotlight
Маусымның басты аксессуары сахнаға қайта оралды. Бірақ бұл жолы ол сіз күткеннен мүлдем басқа қырынан танылмақ

1950 жылдардың стилін еске салатын cat-eye немесе «мысық көз» көзілдіріктері бүгінде жаңа дем алып, жаңа пішінде қайта оралды. Бұл модель тек ретро кештерге тағатын аксессуар санатынан біржолата шығып, осы жаздың ең танымал трендттердің біріне айналып үлгерді.

Ralph Lauren көктем-жаз 2026 көрсетілімі | Spotlight
IMAGE Ralph Lauren көктем-жаз 2026 көрсетілімі | Spotlight

2026 жылғы көктем-жаз маусымының көрсетілімдері бұл пішіннің сәннен тез кете қоймайтынын дәлелдеп берді. Мәселен, Ralph Lauren оны жіңішке металл жақтаумен ұсынса, Bottega Veneta бұрыштары айқын, градиентті (түсі жоғарыдан төмен қарай біртіндеп өзгеретін) линзалармен үйлестірді. Соңғы жылдары киімдегі логотиптер мен жарқыраған бөлшектерден бас тартқан минимализм дәуірінен кейін, брендтер әйелдің нәзіктігі мен табиғатын дәл осы cat-eye арқылы қайта ашуда. Дегенмен, бұл жолғы образдар әлдеқайда салқын, нақты әрі геометриялық сипатқа ие.

Bottega Veneta көктем-жаз 2026 көрсетілімі | Spotlight
IMAGE Bottega Veneta көктем-жаз 2026 көрсетілімі | Spotlight
Bottega Veneta көктем-жаз 2026 көрсетілімі | Spotlight
IMAGE Bottega Veneta көктем-жаз 2026 көрсетілімі | Spotlight

Бүгінгі cat-eye 1950 жылдардағы ретро нұсқаларға мүлдем ұқсамайды: сызықтары қатаң, бұрыштары созылыңқы, ал жақтаулары негізінен жұқа металдан соғылған. Түс палитрасы да жаңарды. Қара әйнектің орны әрдайым бөлек болғанымен, қазір жартылай мөлдір градиенттер алға шықты. Әсіресе түтін түстес сұр, шарап, зәйтүн және коньяк реңктері сұранысқа ие. Бұл жалпы түрлі-түсті линзаларға деген қызығушылықтың қайта оянғанын аңғартады.

2010 жылдардың соңында хит болған қалың пластикке ұқсас ацетат жақтаулар біртіндеп тарих қойнауына еніп барады. Қазір олардың орнын жеңіл металл, экологиялық таза биоацетат және аралас конструкциялар басты. Мұның сыры тек сұлулықта ғана емес. Қазіргі тұтынушы эстетикаға ғана алданбайды, ол көзілдіріктің салмағына және оның бетте қаншалықты ыңғайлы тұратынына баса мән береді.

Bottega Veneta көктем-жаз 2026 көрсетілімі | Spotlight
IMAGE Bottega Veneta көктем-жаз 2026 көрсетілімі | Spotlight
Bottega Veneta көктем-жаз 2026 көрсетілімі | Spotlight
IMAGE Bottega Veneta көктем-жаз 2026 көрсетілімі | Spotlight

Осылайша, cat-eye жұрттың көзі әбден жалыққан сопақ көзілдіріктерді нарықтан ығыстырып шығарды. 2026 жылы сәнқойлар бұл аксессуарды тек классикалық костюмдермен немесе көйлектермен ғана кимейтін болды. Олар көзілдірікті горпкор (gorpcore) стилімен де еркін үйлестіреді. Жалпы, горпкор – туристік әрі спорттық ыңғайлы киімдерді қала өміріне бейімдейтін заманауи бағыт. Мұндай пішіннің ең басты артықшылығы – ол бейнеге лезде жинақылық береді. Тіпті үстіңіздегі ең қарапайым ақ майка, тік джинс шалбары мен былғары күрте болса да, осы көзілдірікті таққан сәтте бейнеңіз арнайы сән маманының қолынан шыққандай әсер қалдырады. Сән әлеміндегі сан құбылыстан аман өтіп, бұл трендтің биіктен қайта көрінуінің басты сыры да осында жатқан болар.