5 наурызда Алматыда 360 концепциясымен толықтай жаңарған Massimo Dutti бутигі есігін айқара ашты. Испаниялық марка бұған дейін мұндай заманауи форматты Париж, Рим және Нью-Йорк сияқты әлемдік сән астаналарында таныстырған еді. Енді сол беделді тізімнің қатарына Алматы да қосылып отыр.




Жаңарған кеңістікке кіргенде көзіңіз тек киім-кешекке ғана емес, ішкі интерьердің әрбір бөлшегіне еріксіз түседі. Мұндағы жарық табиғи материалдардың текстурасын ерекшелеп тұрса, көрнекі жердегі керамикалық вазалар қолдан салынған картиналармен үндесіп тұр. Дизайнерлер шопингті жай ғана асығыс саудаға айналдырып алмас үшін әрбір детальді өте мұқият ойластырған. Бутик кәдімгі дүкеннен өнер мен дизайнды асықпай тамашалайтын ерекше орынға айналып отыр. 360 концепциясының басты құпиясы да осында жатыр.

Соңғы жылдары Massimo Dutti гардеробы да айтарлықтай өзгерді. Қатаң пішінді классикалық костюмдердің орнын күнделікті киюге ыңғайлы, өзара оп-оңай үйлесе беретін әмбебап әрі еркін киімдер алмастырды. Дегенмен марка материал сапасына адалдығын сақтап қалды. Топтамаларда кашемир, табиғи зығыр мен былғары әлі де басты рөл атқарады.

Брендтің осы жаңа бағытқа бет бұрғанын 8 қазанда Римде ұсынылған 2026 жылғы күз-қыс Limited Edition топтамасы айқын дәлелдеп берді. Көрсетілім Виа дель Корсо көшесіндегі, тарихы сонау XVI ғасырға тірелетін Русполи палаццосында өтті. Арада екі күн өткенде дәл осы тарихи ғимарат Massimo Dutti маркасының жаңа флагмандық дүкені ретінде ашылды. Кеш қонақтарына барлығы 60 түрлі киім үлгісі таныстырылды. Оның 40-ы – әйелдерге, 20-сы ерлерге арналған.


Дизайнерлер топтаманы жасаған кезде ұзартылған пішіндерге, көпқабатты киіну стилі мен пропорциялардың мінсіз үйлесіміне басымдық берген. Ұзын пальтолар мен тренчтер көлемді жакеттермен, тар шалбарлармен, жұқа трикотажбен және биік жағалармен шебер үйлестірілген. Түстер палитрасы барынша ұстамды шықты. Қара, шоколад, сұр, сарғыш және түйе жүнінің реңктері басым болса, қою көк маусымның басты түсі ретінде таңдалған. Былғарының, трикотаждың және сусылдаған жеңіл маталардың фактурасына ерекше мән берілгені көрініп тұр.

Massimo Dutti-дің даңқы дүкен сөрелерінен әлдеқашан асып түсті. Испаниялық марка Lyst Index рейтингінде бірден сегіз сатыға көтеріліп, ұзақ үзілістен кейін алғаш рет ең сұранысты он сән брендінің қатарына енді. Сарапшылар мұны Канн кинофестивалындағы Белла Хадидтің образымен байланыстырады. Ол көпшілік алдына осы марканың киімімен шыққаннан кейін, Massimo Dutti өнімдеріне сұраныс 43%-ға күрт өсті.


Өнер әлдеқашан Massimo Dutti философиясының ажырамас бөлшегіне айналып үлгерген. Art in Progress жобасында марка суретшілермен, музыканттармен, баспагерлермен және дизайнерлермен тығыз байланыста жұмыс істеп, сән әлемін басқа да шығармашылық бағыттармен сәтті біріктіріп келеді. Бұл идеяның жалғасын Алматыдан да байқауға болады. Жаңарған дүкенде өнер мен дизайн туындылары да дәл киім топтамалары секілді кеңістіктің ең маңызды бөлшегін құрайды.
Осы маусымда тағы бір қызықты жаңалық болды: 2026–27 жылғы күз-қыс топтамасының шығуына орай Tatler Kazakhstan Massimo Dutti-мен бірлесіп Алматы мен Астанадағы бутиктер үшін арнайы жоба әзірледі. Журнал дүкен витриналарына көрік қосты. Ал күту аймақтарында мұқабасына Жама Нұрқалиева шыққан жаңа Art Issue нөмірі қойылды. Енді Tatler-дің соңғы шығарылымымен тікелей шопинг жасап жүріп те асықпай таныса аласыз..












