Күні кешеге дейін лонгслив тек ыңғайлылық үшін киілетін қарапайым зат саналатын. Оны салқын күндері пиджак, свитер немесе худидің ішінен киетінбіз де, жеке образ ретінде аса қабылдамайтынбыз. Алайда дәл осы жазда ұзын жеңді футболка күтпеген жерден сән төріне шықты. Lyst платформасының жазуынша, бұл үрдіс Марго Робби мен Хейли Бибердің жұрт алдында осындай образда жарқырап шығуынан басталған.
Бір қарағанда, аптап ыстықта жабық киім кию ақылға қонымсыздау көрінетіні рас. Жұрттың бәрі топ, майка және ашық көйлекке көшкенде, ұзын жеңнің не керегі бар? Бірақ мұның да өз сыры бар екен. Мақтадан тігілген кең лонгслив мата мен тері арасындағы ауа айналымын сақтап, дененің ыстықты жеңіл өткеруіне көмектеседі. Оған қоса, ұзын жең күн сәулесінен жақсы қорғайды – бұл әсіресе ми қайнатар ыстықта өте маңызды. Нәтижесінде жазға мүлде жарамайтындай көрінген киім, іс жүзінде, ең жайлы образдардың бірі болып шықты.
Әрине, мәселе тек ыңғайлылықта ғана емес. Соңғы жылдары сән әлеміндегі басты талап – «еш қиналмастан талғаммен киіну», ал лонгслив осы үрдіске дөп түсіп тұр. Ол қазіргі заманауи люкс ұғымымен астарласатын еркін, жеңіл пішінді қалыптастырады. Күрделі комбинациялардың, қабат-қабат киінудің немесе көз тартар бөлшектердің еш қажеті жоқ. Жай ғана тік джинсы, бермуд-шорты немесе зығырдан тігілген кең шалбар қоссаңыз жеткілікті – қымбат әрі өзекті көрінетін образ дайын.
Түстерге келсек, ақ, сүт түстес, сұр және қара нұсқаларға сұраныс жоғары. Жазға арналған мінсіз лонгсливті The Row, Khaite, Toteme және Lemaire брендтерінен іздеген жөн. Немесе, Кэролин Бессетт-Кеннедидің әдісіне салып, Calvin Klein мен Helmut Lang сияқты маркалардың ерлерге арналған бөлімінен қарап көрсеңіз де ұтылмайсыз.
