Жаңа топтаманың басты ерекшелігі – киімдердің ортақ шабытпен, бірлесіп жасалуында. Подиумға шыққан образдарды тек дизайнерлер ғана ойлап тапқан жоқ, бұл процеске көрсетілімге қатысқан әйелдердің өздері де тікелей атсалысты. Бұл арулар – күнделікті тынымсыз еңбек ететін, үлкен бизнес басқарып, жауапты шешімдер қабылдайтын нағыз іскер жандар. Жоба барысында оларға өздерінің қалыптасқан табиғатын, ішкі болмысын жоғалтпай, сыртқы бейнесін жаңаша құрастырып шығу ұсынылды. Киімді әр адамның өз бітіміне қарай жеке пішіп-тігу басты құралға айналды. Соның арқасында жаппай өндіріс тауарлары емес, қайталанбас, әлемде тек бір ғана данасы бар (pièce unique) туындылар дүниеге келді.





Көзбен қарағанда, бұл топтама қарама-қайшылықтардың үйлесімінен тұрады. Мысалы, пішіні қатаң, нақты жакеттер төгіліп тұратын жеңіл сұлбалармен, ал қалың барқыт жұқа шифонмен немесе органзамен тамаша үндесіп жатыр. Түстер палитрасында қара, алқызыл, көгілдір, алтын реңктер басым. Маталардың да түрі көп: жібек пен тафтадан бастап, әйгілі Sophie Hallette шілтеріне дейін бар.
Ең басты назар аударатын бөлшек – қолмен тігілетін Zardozi кестесі. Брендтің атауы да осы арнайы техникадан шыққан: парсы тілінде «zar» алтын дегенді білдірсе, «dozi» тігу мағынасын береді. Тарихта салтанатты киімдерге ғана тән бұл дәстүр жаңа топтамада заманауи кутюр өнерінің бір бөлігі ретінде жаңаша сипат алды. Әрбір бұйым тек қолмен тігіледі, сәйкесінше, оның ешқандай көшірмесі жоқ.
Көрсетілімнің өзі ортақ идеяға бағынған жекелеген оқиғалардың тізбегі сияқты өтті. Режиссерлік шешімде адамның ішкі күйінің өзгеруіне, яғни қатаң бақылау мен жинақылықтан нәзіктік пен еркіндікке көшу сәтіне баса назар аударылған. Модельдердің подиумға шығу ырғағы мен қимыл-қозғалысы әрбір кейіпкерді жалпы топтың бір бөлшегі емес, өз алдына бөлек тұлға ретінде қабылдауға мүмкіндік берді.






Көрсетілімнің басты кейіпкері ретінде Tatler Kazakhstan басылымының сән мен сұлулық бөлімінің директоры Мария Подгорбунская таңдалды. Одан бөлек, подиумға Жәния Джуринская, Мәншүк Арынғазина, Разия Хасанова, Толқын Нұрышева, Айгүл Асқар, Юлия Энгельман, Оксана Мялик, Айжан Тұңғышбаева, Айнұр Қалау, Дана Қалау, Данара Темірғалиева, Жанна Ахметова, Айғаным Сейітжанова, Диля Саду, Алина Жан, Айнұр Ахметова, Анжелика Кожевникова, Ольга Ким, Ксения Сафаргулова, Дамира Сейітова, Ирина Тен, Аша Матай, Камила Нигай, Әйгерім Шәріпбек, Шолпан Әбдіхалықова, Диляра Мәжитова, Динара Сұлтан, Шолпан Меделбекова, Жанна Кан, Гауһар Қаппарова шықты.




