Жапониялық Uniqlo киім ретейлері алғаш рет хиджабтардың жеке топтамасын шығару арқылы өзінің LifeWear желісін кеңейтті. Топтама 17 тамызда Индонезия, Малайзия, Сингапур және Филиппин елдерінде сатылымға шықты. Жаңа желіге аймақтың ыстық әрі ылғалды климатына арналып тігілген хиджабтың үш моделі кірді.


Топтамаға үш түрлі материалдан тігілген модельдер енді:
- AIRism UV Protection – ылғалды тез сіңіріп, ультракүлгін сәулелерден қорғайтын Uniqlo-ның фирмалық технологиялық матасынан тігілген. Үшбұрышты дайын орамал пішініндегі бұл модель күнделікті тағуға таптырмас нұсқа;
- Georgette – әдемі драпировкасымен ерекшеленетін, жұмсақ материалдан тігілген жеп-жеңіл хиджаб. Зәйтүн, қою көк және қанық шарап түстерін қосқанда, барлығы 12 реңкте ұсынылған;
- Satin – ерекше жиындарға арналған, атлас жылтыры бар модель. Алты түрлі қанық түсте қолжетімді.
Барлық модель бірыңғай өлшемдегі үшбұрышты пішінде пішілген. Сонымен қатар, топтамаға хиджабтың ішінен киетін бони телпегі де кірді.
Uniqlo бұған дейін де қарапайым сән (modest fashion) бағытымен жұмыс істеген еді: 2015 жылы бренд дизайнер Хана Тадзимамен бірлесіп Modest Wear топтамасын шығарған болатын. Алайда бұл жолғы релиз – Uniqlo маркасымен шыққан хиджабтардың алғашқы дербес желісі.
Айта кетейік, топтаманың тұсаукесері әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. Малайзиядағы кейбір қолданушылар жарнама суреттерін қатаң сынға алды. Онда орамалдар мойын мен кеуденің бір бөлігін ашық қалдырып, тюрбан тәрізді оралған еді. Сыншылардың пікірінше, бұл стиль хиджаб талаптарына мүлдем қайшы. Алайда брендке араша түсіп, бұл сынды тым артық мораль оқу деп бағалағандар да табылды.
Қазіргі уақытта топтама тек Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде қолжетімді, Uniqlo-ның еуропалық және америкалық сайттарында сатылмайды. Сатылым географиясының кеңеюі туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ.
