Квентин Тарантиноның Pulp Fiction («Криминальное чтиво») фильміндегі Мия Уоллестің атақты костюмі алғаш рет ашық саудаға түспек. Бұл туралы Propstore аукцион үйі хабарлады. Сатылымға Ума Турманның Jack Rabbit Slim’s мейрамханасында Винсент Вегамен ұмытылмас би билейтін кездегі танымал образы қойылады.
Лот мынадай үш заттан тұрады:
- Isani Shirts брендінің ұзын жеңді ақ жейдесі;
- Agnes B ұсынған қара шалбар;
- Mia Wallace және Uma Thurman деп қолмен жазылған гардероб биркасы.
Киім өте жақсы сақталған. Аздап тозғаны байқалғанымен, оның түпнұсқа екенін түсірілім тобындағы мамандардың бірі өз хатымен растаған. Ұйымдастырушылар бұл лотты 15-30 мың доллар аралығында бағалап отыр. Аукцион 26 тамызда өтеді.
Мия Уоллес бұл Ума Турманды жұлдыз еткен әрі оған «Оскар» номинациясын әкелген ең танымал рөлдерінің бірі. Ал Pulp Fiction фильмінің өзі Квентин Тарантино шығармашылығындағы шоқтығы биік туындылардың бірі саналады әрі әлемдік кинематограф тарихынан ойып тұрып орын алды.
