Жақында ғана «One Battle After Another» фильміндегі екінші пландағы үздік әйел рөлі үшін алғашқы «Алтын глобус» жүлдесін иеленіп, «Оскар» сыйлығынан дәмелі болып отырған америкалық актриса әрі әнші Тейяна Тейлор Schiaparelli көрсетіліміне інжу-маржанмен көмкерілген тәж және алмас бантпен безендірілген алқа тағып келіп, жұрттың назарын өзіне аударды. Бұл бейне өткен жылдың қазан айында Луврдан ұрланған патшайым Евгенияның әйгілі диадемасы мен үлкен гауһар банттың желісімен жасалған. Тейлор аталған әшекейлерді гүлді шілтермен өрнектелген мөлдір көйлекпен үйлестіріп, үстіне ұзын қара пальто жамылып шықты.
Schiaparelli сән үйінің креативті директоры Дэниел Роузберри бұл жәдігерлерді жаңаша пайымдап, коллекцияға қосу идеясы оған Луврдағы ұрлық туралы хабарды ести сала келгенін айтты. Дизайнердің бұл батыл қадамы өзін толықтай ақтады: Schiaparelli көрсетілімі Париждегі жоғары сән апталығының ең көп талқыланған оқиғасына айналып, Тейяна Тейлордың образы бұл қызығушылықты тіпті еселей түсті.
Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылдың 19 қазанында орын алған Лувр тонауы кезінде қылмыскерлер мемлекеттік коллекцияның інжу-маржаны саналатын патшайым Евгенияның диадемасы мен ірі гауһар тастарды ұрлап кеткен болатын. Құзырлы органдар жедел тергеу амалдарын жүргізгенімен, әлемдік БАҚ-та үлкен дүрбелең тудырған бұл қылмыс әлі ашылмай, бағалы жәдігерлер сол күйі табылмады.
