Style|Fashion

Ташкенттік модернизмнен бастап келіндер бүлігіне дейін: Visa Fashion Week Almaty апталығына шолу

АвторыЛилия Шабутдинова
03.11.2026
Azamat Somatov (Өзбекстан) | Фотосуретші: Тимур Эпов
IMAGE Azamat Somatov (Өзбекстан) | Фотосуретші: Тимур Эпов
Үш күн, ондаған дизайнердің тарихы және заманауи сәнге деген сан алуан көзқарас... Visa Fashion Week Almaty қазақстандық, қырғызстандық, өзбекстандық, грузиялық, украиналық, румыниялық және мажарстандық дизайнерлердің басын қосты

Осы маусымдағы Visa Fashion Week Almaty тақырыбы Beyond Horizon («Көкжиектен ары») деп аталды. Ол өткеннің болашақпен қалай ұласатынына және Орталық Азияның дәстүрлері мен қолөнері заманауи сән әлемінде қалай сақталып, түрленіп, жаңа формаға ие болатынына арналған. Өйткені көшпенділер үшін көкжиек ешқашан шекара болмаған, ол тек алға ұмтылуға және жаңа көкжиектерді бағындыруға шақыратын белгі іспетті. Бұл идея қатысушылардың барлығының топтамаларында көрініс тауыпты. Подиумда ішкі толғаныстар, еркіндік, мәдени мұра және өзін-өзі іздеу туралы сөз қозғалды. Бір дизайнерлер ұлттық дәстүрлер мен қолөнер техникасына жүгінсе, екіншілері пішіндермен, фактуралармен және силуэттермен батыл эксперимент жасады.

Біздің шолуымызда сән апталығындағы барлық топтама мен дизайнерлердің өз туындыларына арқау еткен оқиғалары қамтылды.

Studio 4353

Қазақстандық Studio 4353 брендінің Alter Ego топтамасы адам болмысының түрлі қырына арналған. Әрқайсымыздың ішімізде өзгелерге байқала бермейтін екінші меніміз бар. Дизайнер дәл осы идеяны киімдер, авторлық принттер және модельдердің бейнесін қайталайтын шағын қуыршақтар арқылы жеткізуді жөн көріпті. Қуыршақтар адамның ішкі әлемін бейнелейтін өзіндік егіздерге айналды. Дизайнер Динара Сиитова командасымен бірге студияда жасайтын принттерге ерекше назар аударады. «Мен үшін тек киім тігу ғана емес, өнер, эмоция және даралық тоғысқан өзіндік визуалды тіл қалыптастыру өте маңызды», – деп бөлісті ол.

Studio 4353 | Фотосуретші: Тимур Эпов
Studio 4353 | Фотосуретші: Тимур Эпов
Studio 4353 | Фотосуретші: Тимур Эпов
Studio 4353 | Фотосуретші: Тимур Эпов
Studio 4353 | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы Studio 4353 | Фотосуретші: Тимур Эпов

Santa Brands

Дизайнер Яна Станиславская негізін қалаған украиналық SANTA бренді қазірдің өзінде әлемдік жұлдыздардың гардеробынан орын алып үлгерген. Оның киімдерін таңдағандардың қатарында Lady Gaga мен Дженнифер Лопес те бар. Жаңа топтамасында бренд power dressing ұғымын жаңаша түсіндіреді. Бұл – үнемі назарда болудан, кеңістікті бағындырудан және өз өмірінің басты кейіпкері болудан қорықпайтын әйелдерге арналған киім. Топтаманың басты рөлінде – үлбір. Соның көмегімен дизайнерлер иықты баса көрсетіп, жұмыр көлемдер мен ерекше пішіндер жасайды. Ақ, қара, қанық көк және қызыл түстегі көлемді пальтолар мен жамылғылар денеге шақ келетін силуэттермен, былғарымен, жартылай мөлдір шілтермен және жылтырақ тормен тамаша үйлесім тапқан. Топтамада қайталанатын тағы бір мотив – қауырсындар. Олардан әдемі баскалар жасалып, бұйымдардың жиектері мен жеңдері әшекейленеді, сондай-ақ образдар төгіліп тұратын ұзын шлейфтермен толықтырылады.

Santa Brands | Фотосуретші: Тимур Эпов
Santa Brands | Фотосуретші: Тимур Эпов
Santa Brands | Фотосуретші: Тимур Эпов
Santa Brands | Фотосуретші: Тимур Эпов
Santa Brands | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы Santa Brands | Фотосуретші: Тимур Эпов

29

Ғалима Сапар жоғалту, қабылдау және ішкі күш туралы топтамасын ұсынды. «29 атауының артында менің жеке тарихым жатыр, – дейді дизайнер. – Егізіммен бірге анамыздың құрсағында тоғыз ай өмір сүрдік, бірақ дүниеге келер сәтте ол қайтыс болды. Толық тоғыз ай бойы біз екеу болдық». Ол SUMMIT топтамасы арқылы алғаш рет осы оқиғамен бетпе-бет келіп, сыңарына тіл қатқандай болды. Стилист Влад Мартыненко көрсетілімнің эмоциялық әсерін көпқабаттылық, шаш үлгісі мен модельдердің макияжы арқылы күшейте түсті: «Жұмыс барысында мен модельдер парашютпен құлап, тау арасында тростан үзіліп, өз жабдықтарына оралып қалғандай елестеттім. Осылайша ауада қатып қалғандай көрінетін шатасқан шаш тұтамдарының идеясы туды. Мен уақыт тоқтап қалғандай хаос сәтін ұстап қалғым келді». Көрсетілімнің 29 қазанда өтіп, подиумға тура 29 модельдің шығуы да символдық мәнге ие. Финалда өзара жалғасқан жасыл белдемшелер киген екі егіз шықты. «Кездейсоқ Рената Литвинованың монологы бар тректі тапқанда, ол Ғалима екеуміздің жүрегімізді елжіретті. Біз бұл трекке ерекше сәт – апалы-сіңлілі екеуінің жеке шығуын арнауды ұйғардық. Кейінірек бұл тректің „Если я умру первой“ («Егер мен бірінші өлсем») деп аталатынын білдік. Оның топтама тарихымен қаншалықты дәл үйлескеніне таңғалдық. Мұнда бір мистикалық күш бардай көрінді», – деп қосты стилист.

29 | Фотосуретші: Тимур Эпов
29 | Фотосуретші: Тимур Эпов
29 | Фотосуретші: Тимур Эпов
29 | Фотосуретші: Тимур Эпов
29 | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы 29 | Фотосуретші: Тимур Эпов

Themis

Брендтің негізін қалаушы әрі креативті директоры Нелли Агабабян мамандығы бойынша заң ғылымдарының докторы. THEMIS атауының кездейсоқ таңдалмағаны да сондықтан: ол негізін қалаушының алғашқы мамандығымен, юриспруденциямен байланысты және ежелгі гректердің әділеттілік пен даналық құдайы Фемиданың бейнесіне меңзейді. Ал MONUMENTAL топтамасы Ереванның қақ ортасында орналасқан танымал Каскад сәулет кешенінен шабыт алған. Бұл нақты геометриялық пішіндер, ерекше пішімдер, көлемді силуэттер және көз тартарлық фактуралар арқылы көрініс тапты. Тіпті түстер гаммасының өзі Каскадты еске салады: мұнда кешен салынған ашық түсті табиғи тас – травертиннің реңктері басым.

Themis | Фотосуретші: Тимур Эпов
Themis | Фотосуретші: Тимур Эпов
Themis | Фотосуретші: Тимур Эпов
Themis | Фотосуретші: Тимур Эпов
Themis | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы Themis | Фотосуретші: Тимур Эпов

MADUMAROVA

Next Designer Award empowered by Visa (NDA) атты жас таланттар байқауының финалисі, жас дизайнер Айбийке Мадумарова ERROR 404. RE… топтамасын таныстырды. Бұл – қажетті парақша табылмаған кезде ғаламторда пайда болатын бәрімізге таныс хабарлама. Топтамада бұл өзімен байланысын жоғалтқан адамның метафорасына айналған. Бәрі орнында сияқты: жұмыс, міндеттер, ережелер, дағдыланған өмір салты. Бірақ іштей бірдеңе дұрыс емес. Мұндағы іскерлік костюм корпоративтік әлемнің, тәртіп пен қатаң ережелердің символына айналады. Бұл адамға жүйеге бейімделуге көмектесетін өзіндік униформа іспетті. Алайда дизайнер костюмнің үйреншікті көрінісін әдейі өзгертіп, пішіндерін бұзады, сызықтарын жылжытып, асимметрия қосады. Осылайша қатаң корпоративтік қабық істен шыққандай болып, адам оның шеңберінен шығудың жолын іздей бастайды.

MADUMAROVA | Фотосуретші: Тимур Эпов
MADUMAROVA | Фотосуретші: Тимур Эпов
MADUMAROVA | Фотосуретші: Тимур Эпов
MADUMAROVA | Фотосуретші: Тимур Эпов
MADUMAROVA | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы MADUMAROVA | Фотосуретші: Тимур Эпов

Zherebtsov

Леонид Жеребцовтың жаңа топтамасының «Ол енді күтпейді. Ол өмір сүреді» деген атауының өзі көп жайтты аңғартады. Бұл қолайлы сәтті күткісі келмейтін, өз жолын өзі таңдап, өз ережесімен өмір сүретін әйел туралы оқиға. Теңізшілер формасы, еркін силуэттер мен ерекше пішімдер жеңіл жазғы көңіл күй сыйлайды. Леонидтің өзі топтаманы «жазға, еркіндікке, теңізге, теңізшілерге, демалысқа, еркін өмірге, жағымды кездесулер мен таныстықтарға арналған» деп сипаттайды. Бұл образдарды теңіз жағасында ғана емес, кеште немесе клубта да елестету қиын емес. Бүкіл топтама өмірді кейінге қалдырмай, осы сәтте рахаттана сүру керек екенін еске салып тұрғандай.

Zherebtsov | Фотосуретші: Тимур Эпов
Zherebtsov | Фотосуретші: Тимур Эпов
Zherebtsov | Фотосуретші: Тимур Эпов
Zherebtsov | Фотосуретші: Тимур Эпов
Zherebtsov | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы Zherebtsov | Фотосуретші: Тимур Эпов

MILAR X TOSI

Дизайнерлер Радмила Павлова (Milar) мен Тоқтар Сейілбек (Tosi) Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсынан шабыт алған DAUGHTER OF TURAN («Тұран қызы») атты бірлескен топтамасын ұсыну үшін қайта бірікті. Топтамадағы архитектуралық пішім мен деконструкция, силуэт пен фактурамен жасалған эксперименттер, заманауи стритвир элементтері мен couture-тәсілі Орталық Азияның дәстүрлі қолөнер техникасымен үйлесім тапқан. Дизайнерлер мәдени мұраны заманауи дизайн призмасы арқылы қайта қарастырып, қолмен кесте тігу және құрақ техникасына жүгінген. Қызықты шешімдердің қатарында капюшонға немесе белдемшеге айналдырып, түрліше киюге болатын көпфункциялы сырма жамылғылар бар.

MILAR X TOSI | Фотосуретші: Тимур Эпов
MILAR X TOSI | Фотосуретші: Тимур Эпов
MILAR X TOSI | Фотосуретші: Тимур Эпов
MILAR X TOSI | Фотосуретші: Тимур Эпов
MILAR X TOSI | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы MILAR X TOSI | Фотосуретші: Тимур Эпов

Nodira

Central Saint Martins түлегі әрі NDA жеңімпазы Нодира Дадажонованың жұмысы осы аптадағы ең көп күтілген топтамалардың бірі болды. Visa Fashion Week Almaty афишасын безендірген де дәл Нодираның образы еді. «Коинот» топтамасы Нодираның жеке естелігі мен оның кеңестік сәулет өнеріне деген қызығушылығынан туындаған. Дизайнер бала кезінде Ташкенттегі мейрамханалардың бірінен көрген ерекше шыны люстралардан шабыт алыпты. Жылдар өткен соң Нодира оларды қайта іздеп табуға бел буады. Алайда ол әдемі интерьер бұйымдарының орнына олар сақталған бөлмеде люстралардың еден жуатын шүберектерді кептіру үшін қолданылып жатқанын көреді. Әдемілік пен қарапайымдылық арасындағы бұл қарама-қайшылық дизайнерді қатты таңғалдырғаны соншалық, ол тор мен қап сияқты қарапайым материалдарды пайдалана отырып, люстралардың күрделі пішіндерін өз топтамасында бейнелеуді ұйғарған.

Nodira | Фотосуретші: Тимур Эпов
Nodira | Фотосуретші: Тимур Эпов
Nodira | Фотосуретші: Тимур Эпов
Nodira | Фотосуретші: Тимур Эпов
Nodira | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы Nodira | Фотосуретші: Тимур Эпов

Ami Amalia (presented by MBBFW)

Visa Fashion Week-тің тағы бір халықаралық қонағы – Амалия Сэфтою негізін қалаған румыниялық Ami Amalia бренді. Жеке маркасын құру идеясы оның табиғи жүннің жұмсақтығы туралы балалық шақтағы естеліктерінен және сапалы, әдемі трикотаж кигісі келетін арманынан туындаған. Өндірісті басқа фабрикаларға тапсырудың орнына Амалия Трансильванияда өзінің трикотаж ательесін ашты. Топтамадағы ерекше орынды румынның дәстүрлі кестелі блузасы – ia-дан шабыт алған кардиган алады. Бренд үйреншікті трикотажды жаңаша көрсетеді: ерекше өрнектерді, түрлі фактураларды және иірілген жіп түрлерін үйлестіреді. Нәтижесінде күнделікті киюге арналған жай ғана жайлы заттар емес, подиумдық топтаманың бір бөлігіне айнала алатын көз тартарлық образдар дүниеге келеді.

Ami Amalia (presented by MBBFW) | Фотосуретші: Тимур Эпов
Ami Amalia (presented by MBBFW) | Фотосуретші: Тимур Эпов
Ami Amalia (presented by MBBFW) | Фотосуретші: Тимур Эпов
Ami Amalia (presented by MBBFW) | Фотосуретші: Тимур Эпов
Ami Amalia (presented by MBBFW) | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы Ami Amalia (presented by MBBFW) | Фотосуретші: Тимур Эпов

RUFAYDAS

Дизайнер Руфайда Сотволдиева негізін қалаған бұл жас киім бренді NDA финалистерінің бірі атанғаннан кейін Орталық Азияның сән индустриясының назарын аударды. Мамандығы бойынша киім конструкторы Руфайда өз топтамаларында киімді архитектуралық нысан ретінде қарастырады. Мәселен, Fragments of Memory («Естелік үзінділері») топтамасы Ташкент модернизмінен – кеңестік архитектураны жергілікті шығыс мотивтерімен біріктірген ерекше архитектуралық стильден шабыт алған. Ол кезде сәулетшілер қатаң геометриялық пішіндерді дәстүрлі элементтермен: ою-өрнектермен, өрнектелген панджара торларымен және керамикамен үйлестірген. Руфайда бұл архитектураны киімге көшіріпті. Руфайда Ташкенттің таныс бейнелерін алдымен жеке бөлшектерге бөліп, содан кейін қайта құрастырып, жаңа пішіндер мен силуэттер жасап жатқандай көрінеді. Топтама өткеннің архитектурасы біздің жадымызда қалай сақталып, жаңаша өмір сүретінін көрсетеді.

RUFAYDAS (NDA finalist) | Фотосуретші: Тимур Эпов
RUFAYDAS (NDA finalist) | Фотосуретші: Тимур Эпов
RUFAYDAS (NDA finalist) | Фотосуретші: Тимур Эпов
RUFAYDAS (NDA finalist) | Фотосуретші: Тимур Эпов
RUFAYDAS (NDA finalist) | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы RUFAYDAS (NDA finalist) | Фотосуретші: Тимур Эпов

Titre Trois

Titre Trois стилінің негізінде қала өмірінің талғампаздығы, еркіндігі мен жайлылығы үйлескен ретро және француздық «Жаңа толқын» эстетикасы жатыр. NO RESOLUTION топтамасы төгіліп тұратын жібекті қалың дениммен, ал қанық реңктерді оңып кеткен түстермен үйлестіре отырып, 80-жылдардың энергиясын қарама-қайшылықтар ойыны арқылы қайта қарастырады. Titre Trois қызы – еркін, сезімтал, тәуелсіз және қарама-қайшылыққа толы. Ол өз ережелерімен өмір сүретін және басқалардың күткеніне сәйкес келуге тырыспайтын Франсуа Трюффо мен Жан-Люк Годар фильмдерінің кейіпкерлерін еске салады.

Titre Trois | Фотосуретші: Тимур Эпов
Titre Trois | Фотосуретші: Тимур Эпов
Titre Trois | Фотосуретші: Тимур Эпов
Titre Trois | Фотосуретші: Тимур Эпов
Titre Trois | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы Titre Trois | Фотосуретші: Тимур Эпов

ARNĀYI SAGAN

Қазақстандық ARNĀYI SAGAN бренді KELIN DAY OFF («келіннің демалысы») атты топтамасын ұсынды. Бұл әзіл аралас атаудың астарында қазақ әйелінің отбасындағы және қоғамдағы рөлі сияқты маңызды тақырып жатыр. Дизайнерлер бұл көрсетілімді отбасына, балаларға, туыстарға қамқорлық жасау және дәстүрлерді сақтау жүгін арқалаған жас келіндерге арнапты. Осыншама шексіз міндеттердің ортасында жүрген әйел өзін жиі ұмытып кететіні жасырын емес. Топтама авторлары барлық шаруаны сәл болсын кейінге қалдырып, өмірден рахат алуға шақырады. Осыдан «Just bile!» – «Жай ғана биле!» деген әзіл шақыру да туындаған. Көрсетілімнің көңіл күйін музыка да толықтырып тұрды: Ақылбек Жеменейдің орындауындағы «Қызыл өрік» әніне және Alem-нің «Күйім» хитіне бүкіл зал билеп кетті. Топтаманың өзінде дизайнерлер ұлттық мотивтер мен заманауи образдарды араластырған. Мұнда «Қамажай» көйлектері, шапандар, көне парша мен жібек, сондай-ақ әжелердің сандығынан алынған маталар да кездеседі. Қазақстандық суретшілер Қарлығаш Исмағұлова, Әйгерім Кәрібаева, Әйгерім Арғынбаева, Динара Қадірова және Аян Мароканскийдің еңбектерінің негізінде жасалған әшекейлерге ерекше назар аударылған.

ARNĀYI SAGAN | Фотосуретші: Тимур Эпов
ARNĀYI SAGAN | Фотосуретші: Тимур Эпов
ARNĀYI SAGAN | Фотосуретші: Тимур Эпов
ARNĀYI SAGAN | Фотосуретші: Тимур Эпов
ARNĀYI SAGAN | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы ARNĀYI SAGAN | Фотосуретші: Тимур Эпов

Kata Szegedi (presented by BCEFW)

Дизайнерлер Ката Сегеди мен Даниэль Бенуш Будапешттегі Kisképző бейнелеу және қолданбалы өнер орта мектебінде оқып жүргенде танысып, содан бері жақын дос болып кеткен. Даниэль брендтің негізі қаланған күннен бастап оның дамуына белсенді қатысып, кейінірек оның толыққанды мүшесіне айналды. Жаңа топтамада олар wearable sculptures («киюге болатын мүсіндер») тұжырымдамасын зерттейді. Брендтің фирмалық қолөнер техникасы – ROADS деп аталады. Дизайнерлер деним, былғары немесе текстиль жолақтарын алып, оларды кесіп, қолмен өріп, қабаттайды. Нәтижесінде кинетикалық арт-нысандарды еске түсіретін күрделі тірі фактуралар, шашақтар мен заттар пайда болады.

Kata Szegedi (presented by BCEFW) | Фотосуретші: Тимур Эпов
Kata Szegedi (presented by BCEFW) | Фотосуретші: Тимур Эпов
Kata Szegedi (presented by BCEFW) | Фотосуретші: Тимур Эпов
Kata Szegedi (presented by BCEFW) | Фотосуретші: Тимур Эпов
Kata Szegedi (presented by BCEFW) | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы Kata Szegedi (presented by BCEFW) | Фотосуретші: Тимур Эпов

Sonun

Дизайнер Сонун Нұрманбетова негізін қалаған қырғызстандық Sonun брендінің Balance топтамасы Ыстықкөлдің күзгі пейзаждарынан және ішкі тепе-теңдік сезімінен шабыт алған. Бұл идея жазда көл жағасында туындапты. Ол кезде дизайнер тауларға және көлдің тыныш бетіне қарап тұрып, ерекше тыныштықты сезінген екен. «Бір сәтте мен тауларға көз салып, сол баяғы дзенді ұстадым да, міне, ол менің дәл алдымда тұр ғой деп түсіндім», – дейді Сонун. «Balance – бұл ішкі тірегін тауып, әлеммен үйлесім тапқан әйелге арналған киім». Бұл көңіл күй аквамарин, графит және терракота сияқты табиғи реңктер, сондай-ақ кашемир, жүн, жібек, твид пен органзаның үйлесімі арқылы берілген. Төгіліп тұратын жібек судың қозғалысын еске түсірсе, ал қалың твид таулардың фактурасын береді. Топтаманың ерекше бөлшегі – фурнитура мен тігістерге біріктірілген дәстүрлі тұмар ретіндегі көзмоншақ.

Sonun | Фотосуретші: Тимур Эпов
Sonun | Фотосуретші: Тимур Эпов
Sonun | Фотосуретші: Тимур Эпов
Sonun | Фотосуретші: Тимур Эпов
Sonun | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы Sonun | Фотосуретші: Тимур Эпов

ALTYRA

NDA байқауының тағы бір финалисі – дизайнер Айкер Шәлекенова. ALTYRA өзінің дебюттік топтамасын ұсынып отырғанына қарамастан, дизайнердің артында беделді Антверпен сән академиясындағы оқуы мен Loewe және Haider Ackermann сән үйлеріндегі жұмыс тәжірибесі бар. Дебюттік топтама Full Horse Power деп аталды. Топтама үшін команда ошаған гүлінің бейнесі бар жеке принтін әзірлепті. Бұл гүл ALTYRA әйелінің символына айналып, оның күшін, төзімділігін және биікке ұмтылысын бейнелейді. Сондай-ақ бұл мотив жаккард трикотажында да көрініс тапқан.

ALTYRA | Фотосуретші: Тимур Эпов
ALTYRA | Фотосуретші: Тимур Эпов
ALTYRA | Фотосуретші: Тимур Эпов
ALTYRA | Фотосуретші: Тимур Эпов
ALTYRA | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы ALTYRA | Фотосуретші: Тимур Эпов

Tiko

Грузиялық Tiko брендін Қазақстанда жақсы біледі және асыға күтеді. Бұл жолы дизайнер Тико Небиеридзе жылдам сәнге (fast fashion) қарсы өзіндік манифестке айналған деми-кутюрлік топтамасын ұсынды. Әрбір образды жақындатып, бұл топтаманы ұзақ зерттегіңіз келеді: күрделі аппликациялар, қолмен тігілген кестелер және шеберлердің қажырлы еңбегі ерекше назар аударуға тұрарлық. Ауыр жібек пен табиғи барқыттан жасалған мүсіндік монохромды силуэттер көз тартады. Топтаманың негізгі түсі – қара, оның аясында жұмақ құстары бар жайқалған бақ құлпырып тұрғандай.

Tiko | Фотосуретші: Тимур Эпов
Tiko | Фотосуретші: Тимур Эпов
Tiko | Фотосуретші: Тимур Эпов
Tiko | Фотосуретші: Тимур Эпов
Tiko | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы Tiko | Фотосуретші: Тимур Эпов

Azamat Somatov

Өзбекстандық дизайнер Азамат Соматов заманауи ер адамның классикалық талғампаздығын, күші мен брутальдылығын сақтауды өзінің басты миссиясы етіп алған. Azamat Somatov брендінің философиясы британдық тігіншілік өнерінің дәстүрлеріне негізделген. Дизайнер «форма мазмұнды ұстайды» қағидасын ұстана отырып, сызықтардың дәлдігіне, мінсіз қонуына және нақты конструкциясына ерекше назар аударады. Оның Future Form топтамасы халықаралық Visa Fashion Week Almaty сән апталығының жабылу салтанаты болды. Азамат дәстүрлі ерлер костюмін қайта қарастырып, оны заманауи өмірдің ырғағына бейімдейді. Ол классикалық талғампаздық функционалдылықпен және жаңа технологиялармен қалай үйлесе алатынын көрсетіп, «Болашақта заманауи ер адамның бейнесі қалай өзгереді?» деген сұраққа өз жауабын ұсынады.

Azamat Somatov (Өзбекстан) | Фотосуретші: Тимур Эпов
Azamat Somatov (Өзбекстан) | Фотосуретші: Тимур Эпов
Azamat Somatov (Өзбекстан) | Фотосуретші: Тимур Эпов
Azamat Somatov (Өзбекстан) | Фотосуретші: Тимур Эпов
Azamat Somatov (Өзбекстан) | Фотосуретші: Тимур Эпов
5 фотоның / 1 фотосы Azamat Somatov (Өзбекстан) | Фотосуретші: Тимур Эпов