Өзіне деген сенім мен табандылықтың арқасында LVMH Prize 2025 байқауында жеңіске жеткен жапон дизайнері Соши Оцуки туралы баяндаймыз
Соши Оцуки – өзіңе деген сенім мен табандылықтың ерте ме, кеш пе, қалаған мақсатыңа жеткізетінінің айқын мысалы. Дизайнер Soshiotsuki брендін 2015 жылы құрған. 2016 жылы брендтің екінші топтамасын шығарып, LVMH Prize байқауының жартылай финалына өтсе, 2025 жылғы жеңісінен кейін дизайнер туралы бүкіл әлем айта бастады. Оцуки 400 мың еуро көлеміндегі гран-приді, LVMH компаниялар тобының қолдауын иеленіп, әлемдік деңгейде танылды.
«Соши Оцуки шығармашылық пен коммерциялық қызығушылықты біріктіре алды. Біздің іздегеніміз де осы – өз клиенті бар бренд», – деп санайды Dior бас директоры Дельфин Арно. Брендтің киімдері кимоно мәдениетінен, жалдамалы жұмысшылардың бейнесінен және 80-жылдардағы Giorgio Armani костюмдерінен шабыт алған. Жапон дизайнерінің өзі өз жұмыстарындағы «силуэт үйлесімсіздігін» атап өтті: оралған жеңдер, лацкан шетіндегі тіліктер және қимыл еркіндігі жапон және батыс классикасының нәзіктігімен үйлеседі.






Естеріңізге сала кетейік, LVMH Prize – сән индустриясындағы ең беделді сыйлықтардың бірі. Жеңімпаздарға бірнеше марапаттың бірі беріледі: Оцуки алған 400 мың еуро көлеміндегі негізгі сыйлық, 200 мың еуро сомасындағы Карл Лагерфельд сыйлығы немесе соған тең көлемдегі Savoir-Faire марапаты. Өткен жылы жеңісті швед дизайнері Эллен Ходакова Ларссон иеленген еді. Сондай-ақ, байқауға біздің отандасымыз – Меруерт Төлеген де қатысқан. Ол финалға өтпесе де, көрермендер көзайымы сыйлығын сөзсіз жеңіп алды: Meruert Tolegen соңғы топтамасының көйлегін Сара Джессика Паркер «Sex and the City» фильмінің түсірілімі кезінде киген. 2025 жылдың жеңімпазы жүлде қорын командасын дамытуға жұмсауды жоспарлап отыр.
