Бесінші маусымның тұсаукесері қарсаңында Nike компаниясы 2019 жылы басталған серіктестікті жалғастырып, Stranger Things арнайы топтамасын ұсынды. Бұл жолы тізімге Dunk Low және кейіпкерлер экранда киіп жүрген бірнеше үлгі енді. Олардың қатарында: Стив Харрингтонның Air Max 1 «найкиі», Он біріншінің (Оди) Field General High нұсқасы, Эрика Синклердің LD-1000 бәтеңкесі және «пысықай» Деректің Converse-тен таңдаған екі түрі бар.
Уилл Байерс: adidas Country
adidas Country үлгісі 70-жылдардың аяғы мен 80-жылдардың басында күнделікті киіске де, жүгіруге де арналған аяқ киім ретінде танымал болды. Оның артық әшекейсіз, жинақы пішімі Уиллдің сабырлы әрі тұйық мінезін дәл сипаттайды.


Стив Харрингтон: Nike Air Max 1
Бұл кроссовкалар 1987 жылы жарық көріп, тарихқа табанындағы «ауа жастықшасы» сыртқа көрініп тұратын алғашқы үлгі ретінде енді. Осы модель спорттық аяқ киім әлемінде нағыз төңкеріс жасады. 80-жылдары бұл аяқ киімді қаланың сәнді жастары киетін – бұл сипаттама мектептің сүйіктісі Стив Харрингтонға өте лайық. Бесінші маусымда Стивті Nike x Stranger Things бірлескен жобасының жаңа нұсқасымен көреміз.


Он бірінші (Оди): Nike Field General High
Бұл үлгі әу баста американдық футбол ойыншылары үшін жасалған: оның бедерлі резеңке табаны көгалда нық жүруге мүмкіндік беретін. Төзімді әрі ыңғайлы бұл модель сән қуғаннан гөрі, іске қолайлылықты жөн көретін Одидің талғамымен үнемі үйлесім табады. Сериалмен бірлескен жоба аясында Nike бұл үлгіның қонышы биік, барынша қомақты нұсқасын шығарды.


Лукас Синклер: Nike Mac Attack OG
Бұл үлгі 1984 жылы танымал теннисші Джон Макинройдың жеке аяқ киімі ретінде таныстырылды. Ұзақ уақыт бойы Nike-тың «мұрағатында» ұмыт қалған бұл бәтеңке 2024 жылы, өзінің 40 жылдығына орай ретро-нұсқада қайта жаңғырды.


Майк Уилер: Puma Suede Classic
1968 жылғы ескірмейтін классика. Әу баста баскетболға арналғанымен, 70-80 жылдары жасөспірімдер мен көше бишілері арасында хитке айналды. Ашық бояулары жоқ әмбебап бітімі Майктың «қарапайым мектеп оқушысы» образын нақтылай түседі.


Робин Бакли және Джонатан Байерс: Converse Chuck Taylor
ХХ ғасырдың басынан бері шығарылып келе жатқан бұл кедылар тарихтағы ең көп сатылған аяқ киім саналады. 80-жылдары оны мектеп оқушысынан бастап рок-музыканттарға дейін бәрі киетін. Ешқандай гендерлік шектеусіз бұл үлгі Робин мен Джонатанның еркін стиліне толықтай сай келеді. Бесінші маусымға орай Converse хикаяға ишара жасайтын көптеген ұсақ детальдары бар (мәселен, WSQK радиостанциясының таңбасы және Демогоргон бейнесіндегі жұлдызша) Chuck 70 нұсқасын шығарды.


Макс Мэйфилд: Vans Slip-On
Бұл аяқ киім 70-жылдардың аяғында танылып, 1982 жылы киноэкранға шыққаннан кейін ерекше мәртебеге ие болды. Макс скейтборд тепкенді жақсы көреді, сондықтан оның сол кездегі скейтерлердің сүйікті аяқ киімін таңдауы әбден қисынды.


Эрика Синклер: Nike LD-1000
1977 жылы алғаш таныстырылған бұл кроссовкалар Nike-тың жүгіруге арналған ең алғашқы үлгілерінің бірі еді. Эрика – қайсар әрі батыл қыз, ал оның аяқ киімі осы мінезді дөп басып тұр. Күлгін-сары түсті LD-1000 үлгісі назар аудартудан қорықпайтын жандарға арналған.


Дерек Тернбоу: Converse Weapon


1986 жылы шыққан бұл кроссовкалар 80-жылдардың аяғында баскетбол жұлдыздарының арқасында аңызға айналды. Танымал болғанымен, кез келгеннің аяғынан табыла бермейтін бұл үлгі – алғашқыда бұзақы болып көрінгенімен, көз алдымызда нағыз қаһарманға айналатын кейіпкер үшін тамаша таңдау.
