Style|Fashion

Rosé, Дуа Липа және Билли Айлиш тағатын әшекей бренді өзінің жарнамалық науқанын Қазақстанда таспалады

АвторыЛилия Шабутдинова
19.02.2026
Фотосуретші: Шахназар Сүлейменов
IMAGE Фотосуретші: Шахназар Сүлейменов
Америкалық Spinelli Kilcollin зергерлік брендінің ұжымы Қазақстанның жанға жайлы табиғатын өздерінің жарнамалық науқанына арқау ету мақсатында Алматыға арнайы ат басын бұрды

Бұл идеяның төркіні бренд негізін қалаушылардың бірі Дуайер Килколлиннен бастау алғанын айтқан режиссер Шахназар Сүлейменов: «Қазақстанға келу – олардың көптен бергі орындалмай жүрген арманы еді. Оның үстіне, биылғы жылдың Жылқы жылымен тұспа-тұс келуі жарнамалық науқанды жергілікті мәдениетпен байланыстыруға ерекше септігін тигізіп, нышандық мәнін арттыра түскендей болды», – деп ағынан жарылды.

Spinelli Kilcollin ресми сайты
IMAGE Spinelli Kilcollin ресми сайты
Spinelli Kilcollin ресми сайты
IMAGE Spinelli Kilcollin ресми сайты

Режиссердің айтуынша, бұл ынтымақтастық кездейсоқ жағдайдан басталған: «Лос-Анджелесте тұратын құрбым брендтің креативті директоры Эриканың Instagram-дағы жазбасын жіберген соң, олардың Алматыдан шұғыл түрде түсірілім тобын іздеп жатқанын білдім. Ортақ таныстарымыздың көптігіне сүйеніп, мен бірден хат жаздым. Сол күні-ақ: «Билеттер алынып жатыр, түсірілім келесі аптада басталады», – деген жауап келді. Сөйтіп, дайындыққа небәрі алты-ақ күніміз қалды».

Түсірілім жұмыстары Алматы іргесіндегі Қайназар ауылында, атпен серуендеуге қолайлы аймақта өтті. Ондағы табиғат көріністеріне тәнті болған шетелдік ұжым бұл локацияның өздерінің логистикалық мүмкіндіктері мен шығармашылық тұжырымдамасына толықтай сай келетінін бірден аңғарған.

Жобаның басты ерекшелігі – бейненің кинопленкаға түсірілуінде. Қазақстанда мұндай техника жоқ болғандықтан, түсірілім тобы камераны механигімен бірге Санкт-Петербургтен арнайы алдыртуға мәжбүр болған. Режиссердің айтуынша, пленка жарықпен жұмыс істегенде суретті алгоритммен емес, физикалық жолмен тудырады: жарық эмульсияға тікелей сіңіп, бейненің жұмсақ, тірі әрі шынайы шығуына жағдай жасайды. Мұндай ерекше әсерді цифрлық форматта қайталау мүмкін емес екені анық.

Фотосуретші: Шахназар Сүлейменов
IMAGE Фотосуретші: Шахназар Сүлейменов
Фотосуретші: Шахназар Сүлейменов
IMAGE Фотосуретші: Шахназар Сүлейменов

Бұл жарнаманың басты кейіпкері ретінде қазақстандық модель Аңсаған Күзенбаева таңдалып, ол көрермен алдында тұлпар мінген көшпенді арудың бейнесінде көрінді. Бес жылдан бері атқа мінуді серік еткен Аңсаған бұл сәттің өзі үшін маңызы зор екенін айтады.

«Мен үшін бұл жай ғана спорт емес – бұл жылқы баласына деген ерекше махаббат пен ішкі үндестік. Тақымдағы тұлпармен тіл табысқан сәтте сол мезеттің рақатын шын жүрекпен сезінемін. Осы шынайы сезімімнің көрерменге де айна-қатесіз жететініне қуаныштымын», – деп ағынан жарылды ол.

Фотосуретші: Шахназар Сүлейменов
IMAGE Фотосуретші: Шахназар Сүлейменов

«Біз зергерлік бұйымдарға тән нәзіктік пен мұқият сәнге негізделген үйреншікті эстетикадан саналы түрде бас тарттық. Оның орнына екпін мен қозғалысқа, еркін энергияға бәс тігуді жөн көрдік. Бейне бір кейіпкеріміз таңертең ерте оянып, өзінің әшекейлерін таға салып, ешқандай жоспарсыз құрбыларымен бірге атқа мініп шауып кеткендей әсер қалдырғымыз келді», – деп түйіндеді Сүлейменов.