Осы орайда қазақстандық Hayot брендінің бағыты ерекше. Олар жайлылық пен эстетиканы қатар қоятын restwear стилінде киім тігеді. Бұл дегеніміз – икатқа мүлдем жаңаша қарау, яғни оны тек ұлттық нақыштағы бұйым емес, күнделікті емін-еркін киіп жүруге болатын заманауи трендке айналдыру. Брендтің негізін қалаушы Марина Бегман бұл идеяны 1960-шы жылдардағы кинолардан алған екен. Ондағы кейіпкерлер үйде жүрсе де, үстінен сәнді киімін тастамайды. «Біз көшеге шыққанда ғана құлпырып киінеміз де, ең жақын адамдарымыздың жанында немесе өзімізбен оңаша қалғанда, неге екені белгісіз, ескі-құсқымызды іле саламыз», – дейді дизайнер бұл әдетпен келіспейтінін білдіріп.


Икаттың ең сиқырлы тұсы – оның өрнегі мата тоқылмай тұрып, жіп күйінде пайда болады. Шеберлер жіпті күрделі сызбамен бояйды да, болашақ суреттің қандай болатынын тек іштей шамалайды. Нақты нәтижені мата станоктан шыққанда ғана бір-ақ көреді. Сол себепті табиғатта екі бірдей икатты кездестіру мүмкін емес. Маринаның айтуынша, бұл таза қол еңбегі: «Жіпті бояудан бастап тоқуға дейінгі бүкіл процесс шебердің қолынан өтеді. Жіптің сәл ғана ығысуы, оның әртүрлі күшпен тартылуы, бояудың талшыққа сіңуі – осының бәрі қайталанбас сурет тудырады. Зауыттағы станок кез келген өрнекті айнытпай басып шығарар, бірақ әрбір жіпке сіңген энергия мен тарихты ешқашан қайталай алмайды».

Жаңа топтаманың маталарын тоқу үшін бренд Орталық Азиядағы тоқыма өнерінің жүрегі саналатын Өзбекстанның Марғилан қаласындағы шеберлермен жұмыс істеген. Киім тігілмес бұрын үлкен дайындық жүреді: алдымен түстер палитрасы, материалдың құрамы мен болашақ сурет талқыланады. Содан кейін боялған жіптер тоқымашылардың қолына тиіп, олар матаның тығыздығы мен фактурасын өздері реттейді. «Біз үшін шеберлер жай ғана тапсырыс орындаушы емес, нағыз ортақ авторлар. Олардың ғасырлар бойы жинаған білімін ешқандай технология алмастыра алмайды. Біздің маталар – ежелгі дәстүр мен заманауи дизайнның тең дәрежедегі одағы», – деп түсіндірді Бегман.


Бұл жолғы топтаманың басты акценті – қою көк түс пен тәңіршілдік ұғымымен астасып жатқан ақ боз аттың бейнесі. Марғиландық тоқымашылар үшін бұл өте таңсық дүние болды, өйткені олар бұрын-соңды мұндай мотивпен жұмыс істеп көрмеген. Әдеттегідей, олар дайын бейнені мата толық тоқылып біткенде ғана тамашалай алды.

Топтаманың стилистикасына жауап берген Алика Копишева икатты мүлдем басқа қырынан ашты. Ол ұлттық нақышты тура мағынасында қабылдаудан саналы түрде бас тартып, образдарды қауырсындармен, жануарлар принтімен және жарқын неон бөлшектермен толықтырды. Тіпті, Оңтүстік Американы мекендеген ежелгі инк өркениетінің «кипу» деп аталатын түйінді жазуынан шабыт алып, қолдан арнайы алқа да өріп шыққан.


