Style|Fashion

Өзгеру өнері: Джонатан Андерсон Dior үйін қалай жаңғыртып жатыр?

АвторыМария Подгорбунская
30.10.2026
Christian Colomer
IMAGE Christian Colomer
Джонатан Андерсон Dior сән үйіне арнап шығарған өзінің екінші кутюр топтамасында американдық суретші Линда Бенглистің шығармашылығынан шабыт іздеді. Байқап қарасақ, оның мүсіндері мен жоғары сән әлемін өте маңызды бір қағида — қарапайым ғана материалға жан бітіріп, оны көлемді пішінге айналдыру біріктіреді екен

Жалпы, біз кутюрге тек пішін өнері ретінде қарауға, яғни киімнің силуэтіне, көлеміне және ателье шеберлерінің қиын жұмысына ғана баға беріп үйреніп қалғанбыз. Бірақ Джонатан Андерсон бізді бір қадам артқа шегініп, материалдың бастапқы қалпына назар аударуға шақырады. Оны тек дайын киім емес, матаның, қатпардың немесе түйіннің бірте-бірте тұтас конструкцияға айналу сәті, яғни сол бір сиқырлы өзгеру процесі көбірек қызықтырады.

Christian Colomer
IMAGE Christian Colomer

«Әр материалдың өз мінезі бар», — дейді суретші Линда Бенглис. Дәл осы суретшінің туындылары Андерсонның екінші кутюр топтамасына негіз болғаны да тегін емес. Дизайнер сол материалдың тылсым мінезін дәл ұстап қалуға тырысқандай әсер қалдырады.

Бенглистің мүсіндерінде екі өлшемді дүние көз алдымызда үш өлшемді пішінге айналады: материал иіледі, ериді, байланады, мыжылады және ақыры өз алдына бөлек өмір сүре бастайды. Егер тереңірек үңілетін болсақ, кутюрде де дәл осы процесс жүретінін аңғарамыз. Шебердің қолына түскен тегіс мата әсем көйлекке айналып, адам денесінде жаңа өлшемге ие болады. Ол ауа ағынына, қимыл-қозғалысқа жауап беріп, қарапайым зат болудан қалып, адамның жанды жалғасына айналып кетеді.

Christian Colomer
IMAGE Christian Colomer
Christian Colomer
IMAGE Christian Colomer

Андерсон суретшінің бұл сөзіне қатты мән берген көрінеді: оның топтамасындағы әрбір образдың өз ерекшелігі, өз тынысы бар. Мейлі ол жапырақтың сыбдырын еске түсіретін плиссе белдемше болсын, немесе кішкентай тұңғиықгүлдерінен құралған костюм болсын — бәрі де жанды. Андерсонның фирмалық қолтаңбасына айналған плиссировка техникасы енді тек жібек пен органзада ғана емес, жүн матада да көрініс тауыпты. Мәселен, дизайнер сән үйі сонау 1948 жылы шығарған қанық қызыл түсті Arizona пальтосының түпнұсқа пішінін алып, оны күрделі плиссировкадан өткізеді. Ол осылайша Dior тарихының өзін бүктеп, жаңа пішінге салғандай әсер береді. Танымал жакет-бар да бұл өзгерістен қалыс қалмай, бойындағы қатаңдығынан арылды. Оның құрылымы көз алдыңда еріп, орнын нәзік драпировкаға босатып берген.

Джонатан Андерсон Dior кутюр топтамасындағы қалыңдық көйлегін аяқтап жатыр | Fiona Torre
IMAGE Джонатан Андерсон Dior кутюр топтамасындағы қалыңдық көйлегін аяқтап жатыр | Fiona Torre

Сән үйінің тарихи мұрасымен жұмыс істеудің ең ұтымды тәсілі де осы шығар: жұрттың бәріне таныс пішіндерді құрғақ қайталай бермей, оларға өзгеруге еркіндік беріп, нәтижесін сырттан бақылау.

Dior Haute Couture күз-қыс 2026 топтамасындағы образдар | Christian Colomer
IMAGE Dior Haute Couture күз-қыс 2026 топтамасындағы образдар | Christian Colomer
Christian Colomer
IMAGE Christian Colomer

Бұл ретте Линда Бенглис мінсіз сұхбаттас болып шығады. Оның өнері табиғатты құр бейнелеуден гөрі, материяның өздігінен табиғи пішінге енуге деген ұмтылысын бақылауға негізделген. Бенглис өмірімен тығыз байланысты екі мекен — Үндістанның Гуджарат штатындағы Ахмадабад пен Нью-Мексикодағы Санта-Фе — топтаманың екі түрлі полюсіне айналғандай. Біреуі сән-салтанат, қолөнер және ашық түстермен үндессе, екіншісі құрғақ ауа, минералдар және қатаң табиғатты еске түсіреді. Андерсонның топтамасы осы екі ортада тербеліп тұр: ашық түстер мен гүлді мотивтерден бастау алып, металл фактуралар мен мүсіндік пішіндерге дейін ұласады.

Fiona Torre
IMAGE Fiona Torre

Dior-дың жаңа топтамасындағы табиғат кутюрге тән қалыпты декорация емес, тұтас бір көңіл күйге айналған. Көйлек өсімдікке ұқсауы мүмкін, бірақ оның бетіне жапырақ кестеленгендіктен емес. Millefeuille техникасының арқасында көйлектің өзі жел өтіндегі ғажайып өсімдіктей қимылдай бастайды. Ал енді бірі ұсақ плиссе етіп жиналған органзаның «целлофан» эффектісі арқылы медузаны көзге елестетеді. Аксессуарлар тіпті қызық: клатчтар балыққа, ұлу қабыршағына немесе кактусқа айналып кеткен. Қауырсынмен, пайеткалармен және бисермен көмкерілген туфлилер болса, жұмақ құстарына немесе экзотикалық пассифлора гүліне қатты ұқсайды.

Christian Colomer
IMAGE Christian Colomer

Көрсетілім өткен Роден мұражайының бағында бұл қағида тікелей жалғасын тапты. Павильонның екі жағы ашық тасталып, айнадай еден, төбе мен артқы қабырға шексіз кеңістік иллюзиясын тудырып тұрды. Қонақтар қатарының арасында қырыққұлақтар жайқалып тұр — топтамада кездесетін дәл сол табиғи пішіндер. Декорацияның қай жерде аяқталып, киімнің қай жерден басталатынын ажырату тіпті мүмкін емес еді.

Ben Pexton
IMAGE Ben Pexton

Мүмкін, сондықтан да көрермен бұл топтаманы жай ғана образдар жиынтығы емес, материалдың табиғатын терең тану әрекетіндей сезілетін шығар. Андерсон материалдың қанша түрлі өмір сүре алатынын байқап көргісі келгендей. Тіпті үнділік chintz матасына жүгінудің өзі осы үлкен мәдени диалогтың бір бөлшегіне айналған. Кезінде қолмен боялған немесе сурет басылған XVIII ғасырдың бұл маталары еуропалық декоративті өнерге орасан зор ықпал еткені бар. Енді міне, көне chintz пен indiennes бөлшектері Petit Dîner клатчтары мен шағын Lady Dior сөмкелерінде қайта бой көрсетіп, сән тарихы ешқашан бір ғана мәдениетке тиесілі болмағанын еске салып тұрғандай.

Christian Colomer
IMAGE Christian Colomer

Осы тұста Андерсонның тәсілі ерекше қызықтырады. Дәстүрлі түрде француз талғампаздығымен байланыстырылатын Dior Андерсонның қолында қарама-қайшылықтар тілінде сөйлей бастайды: Шығыс пен Батыс, табиғат пен өнер, киім мен мүсін, дәстүр мен эксперимент. Бұл Dior-ды өзінің болмысынан алыстату емес, керісінше — сән үйінің өзіндік бет-бейнесін жоғалтпай, оның үйреншікті образынан қаншалықты алысқа ұзай алатынын тексеріп көрудің тамаша тәсілі.