Биыл Dior Lady Art жобасы өзінің он жылдығын атап өтуде. Бұл – аты аңызға айналған сөмкенің тарихындағы ерекше кезең. Өз қанынан мүсін жасауымен және гиперреалистік гүлдерімен танымал британдық суретші Марк Куинн Tatler-ге арнайы Lady Dior туралы көзқарасы мен сәннің өнер жалғасы екендігі жайлы баяндап берді
Заманауи өнер туындысымен теңесетін аксессуарды елестете аласыз ба? Dior бұл сұраққа сонау 2016 жылы, Dior Lady Art жобасын іске қосқан кезде-ақ жауап берген еді. Содан бері бұл сөмке ең батыл көркемдік тәжірибелердің алаңына айналды. Оны KAWS, Лю Вэй, Джоана Васконселос, Анна Вейант және әлемнің түкпір-түкпірінен келген көптеген суретшілер қайта пайымдады. Lady Dior бірде кристалға, бірде баққа, енді бірде сюрреалистік мүсінге айналып, сән мен өнердің тең дәрежеде сөйлесе алатынын дәлелдеп келеді.
Жобаның басты қағидасы – ереже атаулының жоқтығы. Суретшілерге толық еркіндік (карт-бланш) берілген: олар кез келген материалмен, түспен және символмен жұмыс істеуге құқылы. Нәтижесінде Lady Dior бірегей пішінге ие болып, коллекциялық нысанға айнала түседі. Шектеулі таралыммен шығатын Lady Dior-ды тек сәнқойлар ғана емес, галеристердің де іздей жүріп алатыны сондықтан.

Биыл жоба өзінің он жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Осыған орай, Dior нью-йорктік Rizzoli баспасымен бірлесіп, осы жылдар ішінде жасалған 99 жұмысты қамтитын арнайы кітап шығармақ. Мерейтойлық серияға он суретші шақырылды: олардың қатарында Ли Уфан, Ева Жоспен, Патрик Эжен, Инес Лонжевиаль және Лондон өнер сахнасының «тентегі» атанған британдық Марк Куинн тағы да бар. Сөмкенің жаңа интерпретациялары қазан айында Париждегі Авеню Монтеньде және Шанхайдағы Plaza 66 бутигінде таныстырылып, суретшілер Dior Talks подкастының қонағы болады.
Марк Куинннің жоба тарихындағы орны ерекше екені даусыз. 2017 жылы ол Lady Dior-дың өзіндік алғашқы нұсқасын ұсынған болатын: бұл Frozen Flowers сериясындағы гиперреалистік гүлдер жайнаған аппақ сөмке еді. «Мен уақыт тоқтап қалғандай сұлулық сезімін жасағым келді. Ешқашан солып қалмайтын гүлдер, мәңгілікке сақтап қалғың келетін сәт», – деп еске алады Куинн. Сөмке болашақтың бағынан келген елес сияқты еді: шындыққа жанаспайтындай тым әдемі, бірақ бұл кездейсоқтық деуге келмейтіндей тым мінсіз.

«Мен Dior Lady Art жобасының ең алғашқы шығарылымына қатысқаным әлі есімде, – дейді суретші. – Dior ательесінің қызметкерлері таңқаларлықтай креативті және ашық болып шықты: біз идея алмастық, олар прототиптер жасады, талқыладық – бәрі мінсіз үйлесті. Мен сол сөмкелерімді әлі күнге дейін мақтан тұтамын: олар мұражайда қамалып қалған жоқ, керісінше, әлемді аралап, адамдармен қауышуда.»
Содан бері Марктың көзқарасы одан сайын батылдана түскен. Лондондағы шеберханасында, гипс пішіндер, эмаль көздер мен металдан құйылған бүршіктердің арасында отырып, Куинн Lady Dior-ды жай ғана аксессуар емес, тірі мүсін сияқты сипаттайды: «Lady Dior – бұл тек адам қолына алғанда ғана тірілетін мүсіннің ерекше түрі іспетті. Франц Весттің туындылары сияқты: шығарманы көрермен іске қосатындай. Сөмкенің өзі – тек бір бөлшек қана, ал оны қолына алып, әлемге шыққан адам өнер туындысын толықтырып, аяқтап отырады.»
Бір қызығы, Куинн оның сөмкесін қандай әйел ұстайтынын қиялдауды жөн көрмейді. «Бұл кез келген адам болуы мүмкін. Кинодағы әртүрлі адамдардың осы сөмкені ұстап жүрген сахналарын елестетіп көріңізші. Содан кейін осының бәрін монтаждап, бір бүтінге айналдырсақ – міне, нағыз өнер туындысы дүниеге келеді.»

Бұл жолы Куинн бірден бес сөмке жасады. Ол сүйіктісін таңдаудан бас тартты: «Олар балаларым сияқты: әрқайсысы әртүрлі және әрқайсысының өз сұлулығы бар». Дегенмен, оның алғашқы топтамасы мен қазіргі жұмыстарының арасындағы айырмашылық айқын: егер бірінші серия көбіне «сурет» сипатында болса, жаңасы – үш өлшемді және мүсіндік. Мысалы, ақ сөмкеге ашылған орхидея пішініндегі металл мүсін бекітілсе, салпыншақтардың арасында жасанды интеллект көмегімен жасалған эмаль көздер пайда болған. Олар тек көзге көрініп қана қоймай, үн қатады. «Кейбір элементтер қозғалған кезде сыңғырлап, сыбдырлап дыбыс шығаратыны бар. Сонда сөмке бейне бір дыбыстық өнер туындысына айналып шыға келеді.»
Ал Кристиан Диордың өз саусақ ізі басылған алтын Lady Dior-дың жөні мүлде бөлек. «Dior үйі Парижде галерея ашқанда, менен мырза Диордың портретін жасауды сұрады. Мен оның мұрағаты сақталған ба деп сұрадым. Бір минуттан кейін маған оның 40-шы жылдардағы жеке куәлігін көрсетті, онда саусақ ұшының ізі бар екен. Сол кезде мен түсіндім: мінсіз портрет деген – осы. Бұл – әрі мейлінше шынайы, әрі абстрактілі бейне. Тек бір адамға ғана тиесілі бірегей штрих-код». Көп ұзамай сән үйінің негізін қалаушының өмірбаяны алтынмен таңбаланған сөмке дүниеге келді.
Куиннмен сөйлескенде бір нәрсе айқын болады: ол үшін сән мен өнер – параллель әлемдер емес, бірін-бірі толықтыратын дүниелер екені байқалады. «Кристиан Диордың өзі кутюрье болмас бұрын арт-дилер болып, галерея ұстаған. Ол сәнмен де, өнермен де бірдей терең өмір сүрді. Мұндай деңгейдегі киімді жасау – бұл да өнердің бір түрі. Суретшілер мен сән кездескенде, бұл екі тарапты да байыта түспек,» – дейді ол. «Өнер де, сән де қолөнерге негізделген. Бірақ сәнде ең маңыздысы – заттың жасалғаннан кейінгі өмірі. Ал өнер ояу жүріп түс көргенге ұқсайды: сен осындасың, қазіргі сәттесің, бірақ бір бөлігің басқа өлшемге кетіп қалатындай. Мүмкін, сәннің ең үздік көрінісі де дәл осылай әсер ететін шығар».

Дегенмен, Марк Куинннің барлық жұмыстарының астарында экзистенциалды сұрақтар жатыр: Біз кімбіз? Мұнда не істеп жүрміз? Өмір деген не? «Қалғанының бәрі осы үш сұрақтан туындайды», – дейді ол сенімді түрде.
Ал тәуекелге бару – ол үшін қалыпты құбылыс. «Мен өз қанымнан мүсін жасадым. Ал Lady Dior-ды алғаш жасағанда, көбі маған сән әлемімен байланысқанымды бекер деп, бұл менің жұмыстарымның құнын түсіретінін айтты. Бірақ мен мұның маңызды екенін сезіндім. Менен кейін жүзге жуық суретшінің сөмкенің өз нұсқасын жасағаны менің дұрыс болғанымның айқын дәлелі.»
«Сіздің өнеріңіз көрерменге не айтқысы келеді?» деген сұраққа Куинн сыбырлап қана: «Enjoy this moment. Осы сәттен ләззат ал», – деп жауап қатты.
Онымен сөйлескеннен кейін де көкейде осы сезім сақталады. Оның қолынан өткен Lady Dior жай ғана сөмке емес. Ол әр сәттің сұлулығын мәңгі есте сақтауға шақыратын ерекше туынды.

