NikeSKIMS — Nike пен Ким Кардашьян негізін қалаған SKIMS-тің бірлескен спорттық киім, аяқ киім және аксессуарлар бренді. Жоба Nike-тың спорттық технологиялары мен SKIMS-тің мүсінге мінсіз қону, жайлылық және пішін беру тәсілдерін біріктіреді. Жаңа топтамада бренд спорттық киім мен күнделікті гардероб арасындағы шекараны жоюды жалғастырып жатыр. Бұл киімдер белсенді күнге де, қаладағы еркін образдарға да арналған.


Басты жаңалық — сырт киімнің екі жаңа желісі. Sherpa желісі жылу мен жұмсақ фактураға басымдық береді: оған кеудеше, жартылай сыдырмасы бар күртеше және капюшоны бар модель енген. Іші жұмсақ, көлемді Nike Therma-FIT материалы қайта өңделген нейлоннан жасалған контрастты бөлшектермен толықтырылған. Ал Crunchy Nylon желісі пішіні айқын силуэттерді ұсынады. Оның қатарында қысқа күртеше, капюшоны бар парка, қысқа шорты мен кең шалбар бар. Фактуралы су жұқтырмайтын мата киімнің пішінін сақтап, оған ерекше көлем береді.

Маусымның басты түсі — University Red. Қанық қызыл реңк Matte, Weightless Layers, Performance Cotton Blend және Crunchy Nylon желілерінде, сондай-ақ аяқ киімдер мен аксессуарларда көрініс табады. Бұл түспен NikeSKIMS Rift Satin моделі де шығады (жаңа Shadow Brown нұсқасымен қатар). Сонымен бірге ассортиментке Silt Red реңкі де қайта оралады.


Жаңару базалық гардеробты да айналып өтпеді. Бренд Weightless Layers, Stretch Nylon, Performance Cotton Blend, Stretch Knit, Matte және Airy желілерін жаңа модельдермен және түстермен толықтыруды жалғастырады. Matte желісінде пішінді түзейтін жаңа бюстгальтерлер пайда болса, Stretch Knit топтамасы бір қабатты трикотаждан тігілген тігіссіз киімдермен толығады.
Жарнамалық науқанның бейнесі ретінде Алабама университетінің чирлидерлер командасы — UCA Division 1A-ның қазіргі чемпиондары таңдалды. Топтама 2026 жылдың 22 қазанынан бастап дүние жүзі бойынша Nike және SKIMS сайттарында сатылымға шығады. Кейінірек жаңа өнімдер арнайы фирмалық және серіктес дүкендерде де қолжетімді болады.
Nike пен SKIMS ортақ жобасы туралы 2025 жылдың ақпанында жарияланған болатын. Жаңа бренд Nike-тың технологиялық сараптамасы мен SKIMS-тің әйел мүсінінің ерекшеліктеріне мән беретін тәжірибесін біріктіретін спорттық киімдер, аяқ киімдер мен аксессуарлар жобасы ретінде ойластырылған. Серіктестік жарияланғаннан кейін Nike акциялары Нью-Йорк биржасында шамамен 5%-ға, яғни бір акция үшін 76,6 долларға дейін өсті.
