Копенгаген қаласы Нью-Йорк, Лондон, Милан және Париж сияқты сән апталықтарының «үлкен төрттігінен» бөлек, оқшау тұрады. Әдетте сән үйлері өз инфлюенсерлерін бастан-аяқ бірдей киіндіріп қояды ғой. Ал Дания астанасында мұндай мұнтаздай жасанды тотал-луктар өте сирек кездеседі. Оның орнына шынайы, өміршең әрі күнделікті киюге ыңғайлы нағыз көше сәні салтанат құрған. Осы еркіндіктің арқасында бұл қаланың стритстайлы маусым сайын дизайнерлерге, стилистерге және жалпы көше сәнін бақылап жүретін жандарға сарқылмас шабыт сыйлайды.


Бұл қалада жинақы скандинавиялық минимализм қанық түстермен әдемі үйлесім тапқан. Жұрт ауа райының құбылмалы мінезіне қабат-қабат киіну арқылы бейімделсе, түрлі аксессуарлар ең қарапайым образдың өзін көз жауын алатындай етіп өзгертіп жібереді. Жаңа маусымда стритстайл қаһармандары шиедей қызылдан бастап кобальт-көкке дейінгі қанық реңктерді таңдапты. Олар түрлі түстерді батыл үйлестіре отырып, жаз мезгілі нағыз эксперименттердің уақыты екенін тағы бір мәрте еске салады.
Мұндағы аксессуарларға да ерекше назар аудару керек. Орамалдар мен банданалар, шағын қалпақтар, шашқа арналған үлкен мата резеңкелер және фактурасы айқын, ішіне көп зат сиятын көлемді тоут-сөмкелер көшедегі образдарды тамаша толықтырып тұр.

















