Style|Fashion

Миллиардер Франсуа-Анри Пиноның ұлы мен графиня Лара Козима ата-ана атанды

АвторыTatler Kazakhstan
13.08.2026
Лара Козима Хенкель фон Доннерсмарк пен кіші Франсуа Пино | Instagram @laracosima_pinault
IMAGE Лара Козима Хенкель фон Доннерсмарк пен кіші Франсуа Пино | Instagram @laracosima_pinault
Ал Сальма Хайек алғаш рет әже атанды – актриса жаңа туған немересімен танысып үлгерді

Кіші Франсуа Пино мен оның сүйіктісі, графиня Лара Козима Хенкель фон Доннерсмарк ата-ана атанды. Жас жұбайлар дүниеге келген ұлдарына атасы мен әкесінің құрметіне Франсуа деген есім берген. Бұл қуанышты жаңалықпен Лара әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. «Менің күйеуім (әлемдегі ең керемет Франсуа) және біздің ұлымыз (әлемдегі ең тәтті Франсуа) – ата-ана ретіндегі алғашқы айымыз», – деп жазды ол. Жүктелген суреттерден кішкентай сәбидің отбасылық пикникте, жеке ұшақ бортында, сондай-ақ атасы мен оның жұбайы, яғни кіші Франсуаның өгей анасы саналатын актриса Сальма Хайекпен бірге түскен әсерлі сәттерін көруге болады.

Франсуа мен Лараның атастырылғаны туралы биылғы наурыз айында белгілі болған еді. Жұп үйлену тойы туралы ресми мәлімдеме жасамады, алайда Лара желідегі тегін Пино деп өзгерткендіктен, оқырмандар ғашықтар жасырын түрде неке қиды деп болжап отыр.

Лара Козима – Оскар сыйлығының иегері, режиссер граф Флориан Хенкель фон Доннерсмарктын қызы. Бойжеткен модельдік кәсіппен айналысады, жеке блогын жүргізеді және бұған дейін Dior сән үйінде тәжірибеден өткен.

Кіші Франсуа Пино – Kering конгломератының (бұл топқа Gucci, Saint Laurent, Bottega Veneta, Balenciaga және Alexander McQueen кіреді) бас директоры, миллиардер Франсуа-Анри Пино мен оның бірінші әйелі Доротея Лепердің ұлы. Пино отбасына әлемге әйгілі сән брендтерінен бөлек, Christie's аукцион үйі, «Ренн» футбол клубы және ірі шарап жасау активтері тиесілі.